Жас ұрпақ тәрбиесіндегі музейдің рөлі
Бүгінгі күні біз үшін қоғамда музейдің алатын орны ерекше. Себебі, музей – кешегі тарих, бүгінгі ғылыми-зерттеу орталығы, ертеңгі кемел болашағымыз. Музей – тарихи-мәдени және ғылыми құндылықтарды сақтауға, музейлік заттар арқылы мәліметтерді жинақтап таратуға, өскелең ұрпаққа ата-бабамыздан қалған мұралар жөнінде тәлім-тәрбие беруге арналған, тарихи қалыптасқан көп қырлы әлеуметтік ақпараттар институты. Ол ең алдымен, ғылым мен тарих үшін қызығушылық тудыратын заттардың сақталатын орны. Әрі, заттық ескерткіштерді жинақтаумен халықтың жадын, тарихын сақтайтын, қорғайтын және оны насихаттаушы мәдени-мекеме. Қазақстан музейлерінің негізгі мақсаты – өз елінің ұлттық мәдениеті тарихына қатысты қалың қағидаларды қайта қарап, оларға шынайы баға беру болып табылады.
Еліміз тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүре бастаған 30 жылдың ішінде қоғам өмірі, идеялар, тарихы мен мәдениетін танып-білуге құштар жаңа ұрпақ пайда болды. Осы қоғамдық қажеттілікті міндетті кәсіби түрде қанағаттандыру – музейдің қазіргі таңдағы міндеті болып табылады. Осылайша музейлер толыққанды ғылыми-мәдени, ағартушылық-мәдени мекеме ретінде жас ұрпаққа, қоғамға қызмет көрсетуге мүмкіншілік ашады. Музей мәдениеттің барлық саласында – ғылымды, қоғамды, ұлттық сананы, мәдениетті, психологияны қалыптастыруда атқаратын қызметі зор. Музей тек ғылыми зерттеу, мәдени білім мекемесі ғана емес, ол ұлттың ұлттылығын айғақтайтын ерекше мәндік мемлекеттік мекемелердің бірі, яғни құндылықтар дүниесі.
Еліміз тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүре бастаған 30 жылдың ішінде қоғам өмірі, идеялар, тарихы мен мәдениетін танып-білуге құштар жаңа ұрпақ пайда болды. Осы қоғамдық қажеттілікті міндетті кәсіби түрде қанағаттандыру – музейдің қазіргі таңдағы міндеті болып табылады. Осылайша музейлер толыққанды ғылыми-мәдени, ағартушылық-мәдени мекеме ретінде жас ұрпаққа, қоғамға қызмет көрсетуге мүмкіншілік ашады. Музей мәдениеттің барлық саласында – ғылымды, қоғамды, ұлттық сананы, мәдениетті, психологияны қалыптастыруда атқаратын қызметі зор. Музей тек ғылыми зерттеу, мәдени білім мекемесі ғана емес, ол ұлттың ұлттылығын айғақтайтын ерекше мәндік мемлекеттік мекемелердің бірі, яғни құндылықтар дүниесі.
Музейдегі тарих тұңғиығынан сыр шерткен жәдігерлер – халқымыздың ата мұрасын, асыл қасиеттері туралы құнды материал беретін танымдық-құндылық жүйесі болып табылады. Осы жәдігерлер арқылы ата-бабаларымыздың ғасырлар бойындағы тыныс-тіршілігін, салт-дәстүрлерін танып біледі. Ұлттық құндылықтарымызды жастарға насихаттай отырып, тарихи білім беру үшін оларды музейге алып келу керек. Себебі, музей келушілердің табиғат, тарих және мәдениет ескерткіштеріне, жалпы адам еңбегіне деген өзіндік көзқарасын, құрметін қалыптастырып, олардың қоғамдық маңыздылығын, эстетикалық құндылығын ашатын, болашақ ұрпақты тәрбиелеуде ерекше тарихи-мәдени орындардың бірі. Музейдегі жәдігерлер оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізуге көп көмегін тигізеді. Себебі, оқушыға көп мағлұматты ауызша жеткізгеннен, бір нәрсені көзбен көрсету көкейге қонымдырақ болатыны ғылымда дәлелденген.
Музей келушілердің бос уақытын қызықты өткізетін орын ретінде ғана емес, нағыз тарихи айғақтардан тұратын мекеме ретінде білім жүйесімен бірігіп, адамның рухани байлығы мен тарихи білімін қалыптастыру жолында бір бағытта жұмыс жасауы қажет. Қазіргі жаһандану үдерісінің даму кезеңінде білім ордаларының негізгі қызметі жас ұрпаққа оқу мен кәсіби білім ғана беріп қоймай, жан-жақты жетілген, эстетикалық талғамы биік, рухани-адамгершілік мәдениеті жоғары, әлемдік мәдениеттен хабары бар, ұлттық құндылықтарды қадірлей білетін, отаншылдық рухтағы тұлға етіп қалыптастыру.
Ата-бабаларымыздың тарихын таныту арқылы – өскелең ұрпақтың білім алуын аудандық тарихи-өлкетану музейіндегі тарихи-мәдени мұралар білім беру жүйесінде жастардың бойына рухани байлықты, мәдениеттілікті, әсемділікті, шабытты қалыптастыруда тәрбиелік мәнге ие болады. Музей қорын қамтитын сонау көне замандардан қазірге дейінгі өлке тарихынан мағұлмат беретін, халқымыздың материалдық және рухани мәдениетінің құндылықтарын паш ететін түрлі мазмұндағы коллекциялар музейге келушілерге Шиелі ауданының ежелгі, ортағасыр, жаңа және қазіргі заман тарихы мен мәдениетінен сыр шертеді. Олар музейдің негізгі бағытын, саласын, ерекшелігін көрсетеді. Музей қорында сақтаулы тұрған жәдігерлердің үздіктері экспозициялық залдарда музей келушілеріне ұсынылған.
Музей қызметі әр уақытта көпшілікке тарихи оқиғалар мен құбылыстарды айқындайтын, сезімдік, эстетикалық тәрбие беретін қасиеті бар музей қоры мен музей жәдігерлері негізінде жұмыс жасайтыны мәлім. Сондықтанда музейлік жәдігерлер жиынтығы тек түпнұсқалық айғақ көзі ғана емес, жас өскелең ұрпаққа ағартушылық, эстетикалық тәрбие құралы деуге болады.
Музейдегі экскурсиялар арқылы жастардың бойына өз Отанына, туған өлкесіне, тілі мен дініне, салт-дәстүріне деген сүйіспеншілігі мол мағұлматтарды меңгертіп, оқу-тәрбие үрдісінің сапасын жақсартудың бір әдісі ретінде қолдануға болады.
Ұрпақ тәрбиесі қай елдің, қай ұлттың, қай кезеңнің болмасын негізгі мәселелерінің бірі болып қала бермек. Осы тұста халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесіне сүйенген жөн. Ол үшін ұлтымыздың салт-дәстүрімен, тілімен, шаруашылығымен, жалпы тарихымен қоғамның даму кезеңдеріне қарай жетіліп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен қастерлі мұрасын өскелең ұрпақтың санасына сіңіріп, оқу-тәрбие жұмыстарына негіз етіп алғанда ғана нәтиже береді.
Жансая НҰРТАЕВА,
Шиелі аудандық тарихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкері
Шиелі аудандық тарихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкері