Музейлер шежіресінің шеруі
1977 жылы Халықаралық музейлер Кеңесінің 11 конференциясында 18 мамыр «Халықаралық музей күні» болып белгіленді.
«Музей» ұғымы алғашқыда ежелгі Грекиядан өз бастауын алған. Музей (грек тілінде museіon – муза сарайы) – тарихи-ғылыми дерек ретіндегі ескерткіштерді, өнер туындыларын, мәдени құндылықтарды, т.б. мұраларды сақтап, жинақтап, ғылыми-танымдық қызмет атқаратын мекеме. Грек философтарының ерекше салтанатпен безендіріліп, жиын жасауға арналған сәнді ғимараттары антика дәуірінде «мусейсон» немесе «музалар храмы» деп аталған.
Музей заттық және рухани құндылықтарды танытуда, ғылыми тұрғыда зерттеп, оның нәтижелерін насихаттауда, осы негізде тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқарады. Музей ғылымның, білімнің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін ғылыми мекеме ретінде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, тарихи сананың қалыптасуына ықпал етеді.
Жалпы әлемде музейлердің қалыптасуы мен дамуы сол халықтарға тән өзіндік ұлттық ерекшеліктеріне байланысты. Музей алғашында бағалы бұйымдар мен заттар, мәдени жәдігерлерді сақтайтын қазыналық қор ретінде жинақталды. Музейдің қалыптасуына көне замандардағы коллекциялар негіз болды. Ежелгі Рим шешені Марк Туллий Цицерон «Коллекция – шашыранды заттарды бір топқа біріктіру» деп түсіндірді. Коллекциялау ісімен Аристотель, Рим патшасы Юлий Цезар, т.б. айналысты.
Қазақ – ежелден еркіндік аңсаған, сол ғасырлар бойына басына түскен сан алуан адам төзгісіз қиыншылыққа мойымай, ата-баба жерін, асыл мұрасын ат үстінде найза ұшымен қасық қаны қалғанша қорғаған халық. Бойына сіңген бұл қасиеттердің құпиясы қашаннан қазақтың бабалар мұрасына ерекше құрметпен қарап, салт-дәстүрін сақтап, өсіп келе жатқан ұрпақтарына үлгі-өнеге көрсетуге ерекше көңіл бөлген. Әрине тәлім-тәрбие тек атадан қалған нақыл сөздермен, шебер әрі орынды айтылған ақыл-кеңеспен немесе жағымсыз қылықтарға тиым салып отырумен шектелмейтіні белгілі.
Осыған орай халқымыз өз ұрпағын тәрбиелеуде, оларды өмір ағымына бейімді етуде көрнекілікті де, пайдалана білген. Атап айтсақ, қашаннан кез келген қазақтың шаңырағынан ата-бабасынан естелік ретінде сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа ардақтап, мұра етіп қалдырып келе жатқан әртүрлі бұйымдарды кездестіруге болады. Олардың арасында тарихта белгілі тұлғалардың жеке заттары, халқымыздың жаугершілік замандарда қолданған қару-жарақтары, ұстап, тұтынған бұйымдары, қолөнер туындылары және т.б. бар. Сондықтан қазақ ертеден өз ұясының ең қастерлі бұрышын қазіргі тілмен айтқанда шағын музей ретінде пайдаланды десек қателеспейміз.
Музейлердің тарихы мен дамуына тоқталар болсақ, Еуропада тарихи музейлер XVI-XVIII ғасырларда пайда болды.
1820 жылы Германияда өнер Музейлері құрылды. 1811 жылы Ресейде – Феодосияда, 1825 жылы Одессада, 1828 жылы Керчьте археологиялық бағыттағы және әскери-тарихи музейлер құрылды. ХІХ ғасырда этнографиялық зерттеулердің нәтижесінде этнографиялық музейлер құрылып, олар ғылыми-зерттеу орталықтарына айналды. Будапешт (1872), Стокгольм (1874), Париж (халықтану музейі, 1877), Роттердам (1883) қалаларында құрылған этнографиялық музейлер. Ашық аспан астындағы алғашқы этнографиялық музейлер 1891 жылы Скансенде (қазіргі Стокгольм), 1893 жылы қасиетті Мартинде, Софияда, 1897 жылы Брюссельде, 1910 жылы Краковта, 1912 жылы Арнхемде құрылып, ірі ғылыми ізденістермен айналысты.
Қазақстанда музей тарихы 1830 жылдан басталады. Орынборда жергілікті халықтың тарихы мен этнографиясын сипаттайтын мұралар негізінде 1831 ж. Неплюев әскери училищесі жанынан губерниялық музей ашылды. Бұл мұралар қазіргі таңда ҚР Орталық Мемлекеттік музейінің негізгі қорын құрауда.
Қaзақстанда 1913 жылы – 3 музей, 1927 жылы – 6 музей, 1937 жылы – 19 музей, 1939 жылы – 25 музей, 1970 жылы – 29 музей болса, қазіргі таңда 300-ге тарта музей бар. Қазіргі таңда Қызылорда облысында 14 музей, оның ішінде Шиелі ауданында 3 музей тұрақты жұмыс атқаруда.
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі Қазақ ССР Жоғарғы Советі президиумының ұйымдастыру комитетінің 1939 жылдың 7 ақпанындағы қаулысының шешімімен құрылған.
1980 жылы облыстық атқару комитетінің шешімі бойынша музейге екі қабатты үй бөлінді де, 1985 жылдың 7 мамырында өз жұмысын бастады.
Бабадан мирас болып қалған асыл мұраларымыз бен тарихи ескерткіштерімізді көздің қарашығындай сақтап, мәдениетіміздің жауһарлары мен жәдігерлерімізді әлемнің өзге халықтарына паш ету арқылы біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз бен рухани қазынамызды болашақ ұрпаққа сол қалпында жеткізу – басты борышымыз.
Әшімхан Оспанов,
Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінің
ғылыми қызметкері
Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінің
ғылыми қызметкері