Мұражай – тарихқа тікелей көпір
Қазақстанның мәдениет тарихында музейлер ерекше орын алады. Қазақ жерінде пайда болған алғашқы музейлердің рөлі тәуелсіздік алғаннан кейін тіпті арта түсті.
Мұражай қазақ жерінде ХІХ ғасырдың орта шенінде пайда болып, Кеңес үкіметі тұсында өз жалғасын тапты.
Музейлердің Халықарлық кеңесінде мұражайтану ғылыми сала ретінде толық қабылданды. 1977 жылы Кеңес Одағында өткен мұражай ісіне байланысты Халықаралық XI конференцияда музеология комитеті құрылды. Онда іргелі ғылыми-зерттеу еңбектерді жазуға бағдарламалар қабылданып, мұражайтануды университеттерде оқытуға ұсыныс жасалды және 18 мамыр – Халықаралық музей күні болып бекітілді.
– Музей, бұл – барлық адам көріп қызықтай алатын, бәріне де қолжетімді, адамзат баласының өз қолымен жасаған құнды дүниелерін жинап, қастерлеп сақтайтын табиғат және өнер туындыларын сақтаушы орын. Қазіргі әлеуметтік-мәдени кеңістікте музейлердің рөлі, олардың білім беру қызметінің кең көлемде таралуымен және тереңдігімен ерекшеленеді. Сондай-ақ, сан ғасырлық тарихы бар рухани-мәдени игіліктерді оқу-тәрбие үрдісінде лайықты пайдалану жалпы адамдық құндылықтарды терең түсінуге де ықпал етеді.
Осы бағыттағы жұмыстар бойынша «Музейге сый» тақырыбында бір ай көлемінде музей қызметкерлері Шиелі кенті мен ауылдық округтердегі ауыл-ауылдарды аралап аудан тарихы, археологиясы мен этнографиясы, сондай-ақ ауданның білім, мәдениет, денсаулық, ауыл шаруашылығы, құрылыс, ішкі істер, т.б салаларының ардагерлеріне қатысты (марапаттары, кеуде белгілері, құжаттары, бұйымдары) және аталған салалардың тарихынан сыр шертетін құнды экспонанттар жинақтау жұмыстарын қарқынды жүргізді.
Нәтижесінде мәдениет саласы бойынша Оспанов Әшімхан, журналистика саласы бойынша Алтай Айып, білім беру саласы бойынша Рысдаулет Құдайбергенов, Құрманай Жарылқапова, Палымша Ибрагимова, денсаулық сақтау саласы бойынша Ерғазы Жексенбаев, ветеринария саласы бойынша Тілеубек Бабасов, ауылшаруашылығы саласы бойынша Нығметулла Қозыайдаров, Базарбай Әділбеков, Алтынай Алтаева, қауіпсіздік және ішкі істер саласы бойынша Серғара Ізтілеуұлы, Ибрагим Құдайбергенұлы, Өркен Исмаил және т.б сала үздіктерінің өмірі мен қызметіне қатысты 1000-ға жуық экспонанттар жинақталды. Сонымен қатар, Ы.Жахаев атындағы музейдің қызметкерлері 76 дана және Н.Бекежанов атындағы өнер мемориалдық музейінің ғылыми қызметкерлері тарапынан 294 дана экспонант өткізілді.
Музейдің негізгі мақсаты – жас ұрпақты туған жердің тарихымен, өмірімен, дәстүрлі мәдениетімен таныстыру, тарихи оқиғаларға байланысты материалдар жинау, іздену және зерттеу қызметіндегі дағдыларды дамытуға ықпал ету, оқу-тәрбие үрдісінде мұражайдың мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану және тарихи-мәдени мұраны түсіну.
Ал, аудан тұрғындарына айтарымыз үйлеріңізде сақтаулы тұрған ата-әжелеріңізден мұра болып қалған жәдігерлерді Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейі қорына өткізуге шақырамыз!
Өсербек Төребай,
Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры