Тиімді тұсы қайсы?
Мемлекеттің қазынасы жекелеген адамдар, түрлі кәсіпорындар мен алпауыт компаниялар төлейтін салықтан құралады. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің де үлесі мол. Егін егіп, төрт түліктің басын көбейтіп, шикізатты өңдейтін кәсіпкерлер бюджетке міндетті төлем аударады. Бұл ретте осы сала өкілдерінің шығыны көп екенін де қаперде ұстаған жөн. Әсіресе соңғы уақытта тұқым, минералды тыңайтқыштар, мал азығының бағасы еселеп өсуде. Сондықтан шаруаларды салықтан босату керек деген ұсыныс айтылды. Бәріне ортақ міндетті төлемді аударуда шаруаларға жеңілдік жасау қаншалықты қисынды? Тиімді тұсы қайсы?
Бәрімізге мағлұм, 2019 жылдың соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев микро және шағын бизнес өкілдері алдағы 3 жылда табыс салығынан босатылатынын айтты. Сонымен қатар шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге 3 жыл тыйым салынатыны тағы бар. Дәл осы жаңалық жарияланғанда кәсіпкердің біразы бөркін аспанға атты. Кейін Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, қызметкерлерінің саны 15 адамды құрайтын және жылына шамамен 75 млн теңге табатын бизнесмендер микрокәсіп иесі, ал 100-ге жуық жұмысшысы бар, орташа жылдық табысы 757 млн теңгеге жететін кәсіпкерлер шағын бизнес өкілі саналатыны нақтыланып, осы санатқа жататындар салық төлемейтіні анық болды.
Бәрімізге мағлұм, 2019 жылдың соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев микро және шағын бизнес өкілдері алдағы 3 жылда табыс салығынан босатылатынын айтты. Сонымен қатар шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге 3 жыл тыйым салынатыны тағы бар. Дәл осы жаңалық жарияланғанда кәсіпкердің біразы бөркін аспанға атты. Кейін Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, қызметкерлерінің саны 15 адамды құрайтын және жылына шамамен 75 млн теңге табатын бизнесмендер микрокәсіп иесі, ал 100-ге жуық жұмысшысы бар, орташа жылдық табысы 757 млн теңгеге жететін кәсіпкерлер шағын бизнес өкілі саналатыны нақтыланып, осы санатқа жататындар салық төлемейтіні анық болды.
2008 жылы қабылданған Салық кодексі 16 рет өзгертіліп, 3 рет қайта жазылыпты. Әділет министрлігі Заңнама институтының статистикалық талдау деректеріне сүйенсек, 2009 жылдан бастап Салық кодексіне заңмен 130 өзгеріс пен толықтыру енгізілген екен.
Президенттің пәрменді тапсырмасы 2020 жылы өз күшіне енген-ді. Шағын және орта кәсіп иелері 3 жыл салық төлеуден босатылды. Енді ел арасында шаруаларды да салықтан босату керек деген әңгіме желдей есіп жүр. Мұны бірі қолдаса, енді бірі даттауға дайын тұр. Иә, қанша адам болса, сонша пікір бар. Бұл - парадокс. Олай болса, талқыға түскен пікірлерді назарларыңызға ұсынамыз.
– Конституцияға сәйкес, заң жүзінде белгіленген салықтарды, алымдарды және басқа да міндетті төлемдерді төлеу – міндет. Салық төлеу қаржылық тәртіпті түзейді. Егерде салықтың барлық түрі жойылса, мемлекеттің әлеуметтік бағдарламалардың қысқаруына әкеп соғады.
Алайда ескере кететін бір жайт. Соңғы бес жылда ауылдардан қаншама адам көшіп кетті. Себебі ауыл шаруашылығы саласын дамыту мен қолдауға бағытталған жұмыстар атқарылып жатқанымен, айтарлықтай өсім болмады. Ал агроөнеркәсіптік кешеннің өркендеуі үшін оларды салықтан босатқан жөн секілді. Бұл – халықаралық тәжірибеде де кездеседі. Оған қоса, біздің елде қосымша құн салығын есептеу, төлеу және қайтарудың қазіргі жүйесі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы көлеңкелі экономиканың өсуіне әкелді. Осы және басқа да әкімшілік шығындарды ескере отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін, шикізат пен азық-түлік тауарларын өндірушілері, бастапқы және терең өңдеу кәсіпорындары үшін салықтың барлық түрін (әлеуметтік аударымдардан басқа) толығымен жою салық түсімдеріне айтарлықтай әсер етеді деп ойламаймын. Себебі еліміздің тұтас ауыл шаруашылық саласынан түсетін салық барлық түсімнің тек 0,5 пайызын құрайды, – дейді шаруақор Жан Төре.
– Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді салықтан босатуға қатысты ұсынысты негізсіз деп айта алмаймыз. Себебі бұл мәселе бұған дейін бірнеше рет кәсіпкерлер тарапынан көтерілді де. Тұрғындар жаппай көшіп жатқан елді мекендерді, ондағы жұмыс орындарын сақтап қалу үшін шаруашылықтардың дамуына да осылай жағдай жасаған дұрыс. Бірақ біз секілді шаруалар салықтан босатылса, міндетті түрде қайтарымы болуы тиіс. Яғни, белгілі бір шартпен жеңілдік қарастырған жөн сыңайлы. Айталық, бұған дейін төлеп келген салықтың сомасын жұмысшылардың жалақысын көтеруге, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жас мамандарды даярлауға, ауыл ішіндегі күрмеулі мәселелерді шешуге бағыттайтын болса құба-құп. Ал салығын төлемей, кәсібін одан әрі дөңгелетпей, қызметкерлері мен бизнес бастаған ауылға қаржылай қолдау көрсетпесе, мұндай жеңілдікті қолданудың да қажеті шамалы, – керделілік Архарбек Әбілдаев.
– Меніңше, шаруаларды салықтан босату дұрыс емес. Себебі жердің игілігін көріп, Жер-Ананы емген соң, оның есебін беру керек. Бұлай жеңілдік жасау «масылдыққа әкеп соқпай ма?» деген үрей басым. Қазіргі таңда шаруашылықтар төлейтін салық ол кәсібін дамытып отырған ауылдық округтің емес, одан жоғары тұрған бюджеттің «қалтасына» түседі. Осы жүйені өзгерту керек деп есептеймін. Кәсіпкер табыс тауып отырған елді мекенінің қазынасын толықтыруға үлес қосуы қажет. Әйтпегенде, бүгінде ауылдың бюджеті көлік, елді мекен жерін пайдалану салығынан түсетін тиын-тебенмен ғана толығып отыр. Ол ауылдағы мәселелерді шешуге жетпейді. Оған қоса, «Ауыл – ел бесігі» сынды мемлекеттік бағдарламалардың талаптарына сай келмейтін шалғайдағы шағын ауылдар бар. Егер шаруашылықтардың салығы жергілікті әкімдікке берілсе, сол арқылы біраз істің басын қайыруға болатын еді. Ал ауылды дамытамын деп шаруасын дөңгелетіп отырған жандарды салықтан босатып қолдау таппаспыз. Керісінше субсидия төлеуді қарастырған абзал, – дейді Асқар Бердібаев.
Сұлушаш МАДИЯРОВА