Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жолдау халқымыздың мүддесімен үндес келеді

Жолдау халқымыздың мүддесімен үндес келеді


Президенттің әлеуметтік негізгі 5 мәселені шешу жөніндегі Жолдауы – Қазақстан мемлекеттігін дамыту жолындағы ерекше тарихи кезең. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын жолдады. Мұқият тыңдадым.
Жолдауда халықтың көкейінде жүрген ең маңызды мәселелердің түйіні тарқатылды. Әсіресе, соңғы уақытта қоғамда жеріміз шетелге сатылып жатыр деген қауесет жиілеп кетті. Осыған орай президенттің «Жер сатылмайды» деп нақты айтқаны өте орынды болды деп білемін. Алайда жер сатылмағанымен, оны өзіміз тиімді пайдалануымыз қажет. Қазір көп адамдардың меншігіндегі жерлер еш жұмыс жүргізілмей, бос жатыр. Меніңше бұл дұрыс емес, бүкіл қазақ халқына ортақ байлығымыз болған соң халықтың игілігіне жұмсалу қажет деп ойлаймын.
Одан кейін Президент Ұлттық қорды тиімді пайдалану керектігін жеткізді. Қ.Тоқаев «Ұлттық қор – болашақ ұрпақтың қамы, қазынасы» деді. Келесі мәселе бұған дейін ел тұрғындары жылдар бойы жинаған зейнетақы қорындағы жарнасын тек зейнетке шыққанда ғана ала алатын. Енді оны жұмыс жасап жүріп те тұрғын үй алуға немесе оқуға төлеуге пайдалана алатын болады.
Жалпы Мемлекет басшысы өзінің алғашқы Жолдауында ең маңызды мәселелерді қозғауымен көпшіліктің көңілінен шықты. Біраз уақыттан бері мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы көтерілмеген болатын. Жолдауда айтылғандай алдағы уақытта кітапханашылар мен мәдениет қызметкерлері де жоғары жалақыға ие болады. Қ.Тоқаевтың ауыр қылмыс жасағандарға жазаны ауырлату үшін екі ай ғана уақыт бергені дұрыс шешім деп білемін.
Өзім кәсіпкер болған осы сала жайлы жаңалықтарға назар салуға тырыстым. Үкімет бұған дейін де шағын және орта кәсіпті дамытуға ерекше көңіл бөліп келді. Соның бір дәлелі кәсіпкерлерді тексеруге мониторинг жасауы болатын. «Кәсіпкер – айлық беруші, жұмыс беруші, салыққа түсім түсіруші» деген Қ.Тоқаев осы жеңілдікті тағы да 3 жылға дейін созуды тапсырды. Тек бұл ғана емес Жолдауда шағын және орта бизнес өкілдерінің салығын төмендету немесе босату жайлы да айтылды. Бір сөзбен айтқанда Президент «шағын және орта бизнеске кедергі келтіру – Үкіметке қарсы шыққанмен бірдей» деп енді ғана аяққа тұрып келе жатқан кәсіпкерлерді қолдайтынын жеткізді. Бұдан бөлек өнім өндірушілердің тауарын экспорттауға жағдай жасау, келер жылдан бастап кәсіпкерлердің жұмыс берушілердің зейнетақы қорына 5 пайыз қаржы аударып тұруын 2023 жылға қалдыру мәселесі де мемлекет басшысының назарынан тыс қалмады.

Айткүл Әбдіқадірова,
аудандық мәслихат депутаты

02 қыркүйек 2019 ж. 1 794 0