Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Заңды жалақы – ертеңге деген сенімділік

Заңды жалақы – ертеңге деген сенімділік

Ағымдағы жылы елімізде «Еңбек шартын жасаңыздар!» атты республикалық акция жүргізілуде. Республикалық акцияның мақсаты – бейресми еңбек қатынастарына жол бермеу және оларды анықтау, еңбек қатынастарының жасырын түрлерін қысқарту, азаматтардың еңбек саласындағы өз құқықтарынан хабардар болу деңгейін арттыру. Осы мақсатта аудан көлемінде өзін-өзі жұмыспен қамтып, өз күшімен отбасын асырап отырған әрбір азаматты есепке алып, оларды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, әлеуметтік және зейнетақы жүйелеріне тарту арқылы ел экономикасының тынысына қосу мақсатында ауқымды жұмыстар жүріп жатыр.
Биыл ауданымызда кәсіпкерлік субъектілерін және үй-үйді аралау кезінде зейнетақы жарналары мен салық төлемдерінсіз еңбек етіп жүрген азаматтар анықталды. Бұл азаматтар мен жұмыс беруші арасында еңбек шарты жасалмаған, жұмыс беруші жалақысын қолма-қол төлеп отырған. Олардың дені құрылыс, тұрмыстық қызмет, сауда, автокөлік қызметінде, қоғамдық тамақтану орындары мен ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететіндер. Мәселен, кейбір жұмыс беруші тарап азаматтармен еңбек шартын жасамайды да, соның салдарынан оларға тиісті зейнетақы жарнасы уақытында аударылмайды. Нәтижесінде, зейнет жасына келген көптеген азаматтар зейнетақы құжаттарын рәсімдеу барысында мезгілінде аударылмаған зейнетақы жарнасы салдарынан едәуір қиындықтар мен кедергілерге душар болады. Азаматтардың жұмысқа орналасуы кезінде өз құқығына салғырт қарап, еңбек шартын талап етпеуінің соңы заң алдындағы дауларға алып келетіні белгілі. Ал, еңбек шартында көрсетілген жалақы мөлшері әркімнің зейнетақы жарнасының кепілі болып табылады. Жұмыс беруші не үшін қолма-қол жалақы ұсынады? Өйткені, ол әлеуметтік төлемдерді үнемдеу арқылы өзінің бюджетке төленетін міндетті төлемдерінің мөлшерін азайтады. Жұмыс беруші заң бұзып отыр. Оның ұсынысымен келіспей, керісінше оның тарапынан болып отырған заң-сыздықтарды әшкерелеуге үлес қосу керек. Ол қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылуы тиіс. Ал, жұмысшы лайықты жалақы арқылы өз болашағын қамсыздандырады. Заңды жалақы – ертеңге деген сенімділік.
«Еңбек шартын жасаңыздар!» республикалық акциясының міндеттері:
1) еңбек қатынастарын формализациялау;
2) бейресми еңбек қатыстарында тұрған азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесіне тарту;
3) халықтың жұмыспен бейресми түрде қамтылу фактілеріне теріс көзқарасын қалыптастыру;
4) жұмыс берушілерге және өзін- өзі жұмыспен қамтығандарға бару арқы­лы жұмыспен бейресми түрде қамту қатерлерін бағалау негізінде профилак­тикалық бақылау жүргізу жолымен, әкімшілік ден қою және бақылау шараларын күшейту;
5) мемлекеттік органдардың, әлеумет­тік әріптестердің қатысуымен медиа құралдары арқылы халық арасында ауқымды түсіндіру жұмысын жүргізу.
«Еңбек шартын жасаңыздар!» республикалық акциясы бір жыл бойы жалғасады.
Зәуре Жүсіп,
аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілер тіркеу бөлімінің жұмыспен қамту секторының меңгерушісі.
04 мамыр 2018 ж. 1 014 0