Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлы даланың ұлтаралық тілі

Ұлы даланың ұлтаралық тілі

«Тіл тағдыры – ел тағдыры» демекші, ұлы даланы мекендеп, тату-тәтті ғұмыр кешіп отырған 130-дан астам ұлт өкілдерінің Отаны ол – Қазақстан. Елімізде мекен етіп жатқан өзге ұлт өкілдерінің ұлты басқа болғанымен, жүрегі бір, тілі басқа болғанымен, тілегі бір.
Ауданда бұл бағыттағы ғибратты істі көп кездестіруге болады. Соның бір парасын бейсенбі күні №127 Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-лицейінде өткен этнос өкілдерінің әлеуетін арттыруға бағытталған «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты дөңгелек үстелде көрдік. Шараға зиялы қауым өкілдері мен тіл жанашырлары, өзге этнос өкілдері, кент мектептерінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, мектеп оқушылары белсене қатысты.
«Тіл – қандай ұлтта, елде болмасын әрқашан қастерлі де, құдіретті. Қазақстан – әр тілде сөйлейтін халықтардың басын біріктіретін мемлекет, біздің достық үйіміз», - деп «Қоғамдық келісім» КММ Шиелі ауданы бойынша сарапшысы Біржан Бақтыбайұлы ашып, жүргізіп отырды.
Алғашқы сөз кезегі Қазақстан Халқы Ассамблеясы Шиелі ауданы әкімдігі жанындағы аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Исабек Байкенжеев пен тіл жанашыры, «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы Сағындық Досмаханұлына берілді. Олар тіл тарихына кең тоқталып, тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра екендігін тілге тиек етті.
Одан әрі облыстық «Кызылординские ­вести» газетінің Шиелі, Жаңақорған аудандары бойынша меншікті тілшісі Махсұт Ибрашев өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілімізді үйрететін арнайы курстар ашып, білім берілсе және де солтүстік, шығыс өңірлеріндегі аралас мектептерге қазақ тілі мен әдебиет мұғалімдері жұмысқа тартылса деген секілді өз ұсынысын да жеткізді.
Аудан мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері де аралас мектептерде ұлт бөлінушілігі жоқ екендігін атап, оқушылар тату-тәтті білім алып, тәрбиеленуде деп ашып айтты. Жиын соңы №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы орта мектеп директорының бейінді оқыту жөніндегі орынбасары Ким Омега мен №127 Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-лицей директоры Гүлшара Әбдіқадырованың ойымен қорытындыланды.
Мектеп оқушылары ұйымдастырған концерттік бағдарлама келген көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Үш тұғырлы тілді ту етіп, дамудың даңғыл жолымен, бүкіл әлем танып, мойындаған ел ретінде тіліміз қуатты, тәуелсіздігіміз баянды болып алға қадам баса берейік.

Шарапат Мұратқызы,
сурет Бақытжан Бәйімбеттікі
13 қараша 2023 ж. 254 0