Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегі еленбейтін бейнеткештер

Еңбегі еленбейтін бейнеткештер

Сіз қай жерде тұратын болсаңыз да, үстеріне қызыл желетка киіп, қолдарына сыпырғы ұстаған, көбіне көше бойында жүретін, осынау тынымсыз жандарды көрмеуіңіз мүмкін емес. Күнде көре бергеннен кейін бе, бұл кісілерді жұрт көп елемейді. Кейбірі беттерін бүркеп алған, кімдер екендігіне қызығушылық танытпайды да. Алайда бұл кісілердің ауданның көше тазалығына сіңіріп жатқан еңбегі орасан зор.
Президенттің тапсырмасына сәйкес әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбек ақысы өседі. Бұған кейбір облыстар мән беріп, жүзеге асыруда. Мәселен, Шиелі ауданында қоғамдық жұмыс қызметкерлері 75000 теңге еңбекақы алады. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыссыз азаматтарды уақытша жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық жұмыстарды ұйымдастырады. Қоғамдық жұмыстар жұмыскердің алдын ала кәсіптік даярлығын талап етпейді және әлеуметтік пайдалы бағытқа жолдайды. Оған жұмыссыздар, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмыстарға оқудан бос уақытта және бос тұрып қалуға байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген адамдар қатыса алады.
2023 жылдың мамыр айынан бастап ақылы қоғамдықпен жұмыс істейтін адамдардың айлығы 30 пайызға экологиялық көмек негізде көтерілді. Бұл әрине ең төменгі жалақы алатын көше тазалықшылары үшін қуантарлық жағдай.
Айта кететіні, І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедек жандар жұмысқа жарамды анықтамалары арқылы жұмысқа орналаса алады. І, ІІ топтағы мүгедек жандарға толық емес жұмыс уақыты белгіленген, яғни 8 сағат емес 6 сағат жұмыс істеуге құқылы. Бір сөзбен айтқанда, ақылы қоғамдық жұмыстар азаматтарды уақытша жұмыспен қамтамасыз ету үшін ұйымдастырылады. Олардың міндеті – тазалық, көркейту, көгалдандыру, сырлау, әктеу, абаттандыру жұмысы. Таразыласақ, қоғамдық жұмысқа тартылғандардың дені нәзік жандылар. Олардың біршамасы алты айлық келісім-шарт бойынша әлеуметтік пайдалы бағытта жұмыс істейді.
Сондай көше тазалығына жұмысқа тартылып, өз адал еңбегімен ауа райының жауын-шашын, ыстық суығына қарамай еңбек етіп жүрген жанның бірі – Мадина Мәмбеталиева. Мадинаның айтуы бойынша таңғы сағат 8:00-де жұмысқа кіріседі. Ыстыққа да, суыққа да, жауынға да қарамайды. Көше сыпырып, қоқыстарды тазалап жүрген қоғамдық жұмысқа тартылған қызметкердің кент тазалығына қосатын еңбегі ерен. Олар үшін қай жерде қоқыс бары ап-айқын. Жұмысқа бір күн шықпай қалса, кент ішін қоқыс басады. Бос ыдыстарды лақтырып кететіндер көп. Тазалықшыларға «Сіздер тазалау үшін айлық аласыздар ғой!» деген ойды ұстанатын жастар да аз емес. Тұрғындар үйін қалай таза ұстаса, кентке де сондай көзқараспен қарауы тиіс, – дейді Мадина Мәмбеталиева.
Мадина Мәмбеталиева 59 жаста, 2 баланың анасы, күйеуі өмірден өткен. Кішігірім үйде тұрады. Тағдыр ауырпалығын жалғыз көтеріп жүрген ана, көше тазалығымен 12 жылдан бері айналысады. «Көктемнен бастап қара суық күзге шейін Шиеліде мекеме қызметкерлері өз аулаларын тазартып, апта сайын сенбілік ұйымдастырады. Сол кезде жұмысымыз біраз жеңілдеп қалады», – дейді көше сыпырушы.
Тазалық – баршаға ортақ. Анаңдай адам көше сыпырып, қоқыс жинайды. Нағыз еңбекте сол жандар­дікі. Қарапайым еңбек адамдарына құрмет көрсетуді ойласақ, алдымен қоқыс тастау мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Сонда ғана 60 жасқа толған аналарымыз қоқыс жинап әуре-сарсаңға түспейді.

Шарапат МҰРАТҚЫЗЫ
07 қараша 2023 ж. 208 0