Туған жер туралы толғаныс
Жырақ шықсам туған жерді қимаймын. Мұндай ахуал туған жерден жырақ жүрген әрбір жанның басында болуға тиіс. Жастау күніңде бұл әсер тіптен күштірек болады. Елге келген сайын қайтар қарсаңда ішің әлем-жәлем болып, енесінен ажырайтын төл секілді, еркіңнен тыс басқа бір әлемге, жат ортаға сапар шегіп бара жатқандай көңілдің қарадай құлазитыны, жаныңның жалғызсырайтыны бар. Өзіңе етене, соншалықты жақын әрі таныс өлкеден тұрғылықты мекеніңе осындай ойларды арқалап аттанасың. Адам баласы басқаға үйреніп кетуі мүмкін, әйтседе туған жермен аз уақытқа ғана болса да қоштасуға келгенде осы бір екіұдай сезім мен жан жабырқатар көңіл-күй өмір бойы қайталанып отырады.
«Көп жылдармен өткізген соң арасын,
Туған жерге оралып бір барасың.
Жас күндегі сәби құрбыларыңды
Кәрілерден іздеп әрең табасың.
Сүрт көзіңді деппін оған суланған,
Күлген болам кісідей-ақ қуланған.
Өз көңілімді қайтсем екен қиналған,
Өз көзімді қайтсем екен буланған!» – деп жырлайды Әбділда ақын. Әркімнің туған жері– өзіне Мысыр шаһары, туған анасы!
Ата жұрт пен сол жерді мекендейтін барлық адамдар, жан-жануар, жеміс-жидек пен өсімдіктерге дейін осы өңірдің топырақ-суынан жаралған жан үшін күллі тіршіліктің өлшем бірлігіне айналып кетеді. Олай болатыны, адам бойындағы жаман мен жақсы, жақын мен жат туралы барлық түсініктер осында қалыптасады да, сол көріп-білгенің кейінгі өміріңде өзгелерді танып-білуде үлгіге айналады, өзгелермен салыстыратын басты құралың болады.
Біздер үшін Шиелі сондай қастерлі мекен, қасиетті өлке. Тағы да сол Әбділда ақынның:
−«Атуға сен қимадың ба?
− Қимадым.
Туған жердің құстарын да сыйладым...» – дегеніндей, Шиелінің Сыр суынан нәр алған жантақ-шеңгелді шүйгін топырағы, дәмі тіл үйірген қауын-қарбызы мен қайталанбас бейнеткеш жандары әрдайым біздің көңіліміздің төрі мен жүрегіміздің түкпірінде сақтаулы тұрады.
Биылғы ауданның 95 жылдық мерейлі белесі құтты болғай!
Мамай Ахетов,
Ғалым, филология
ғылымдарының докторы
Ғалым, филология
ғылымдарының докторы