Туған жер
Туған жер-ол менің күнде көріп жүрген халқым,ол менің жерлестерім,күнде көріп жүрген табиғатым.Бір жерде өмір сүріп,ортақ мақсат пен міндет болғандықтан біз бір-бірімізге жақынбыз.Осы бір өлкеде туғанымыз бізді бәрінен жақындастырып тұрады,тіл табысумыз оңай, себебі туған жер бізді өткенмен және болашақпен байланыстырады. Бала кезімде ата-анамның жанынан ұзап шықсам,түсімде өз үйімді көріп,жеткенше асығушы едім.Бірақ бұл асығыстықтың,бұл сезімнің не екенін сол кезде түсіне алмадым- ау деген ойдамын.Есейе келе сыртқа жол жүре қалсам, бейтаныс біреудің менің туған жерім туралы айтып тұрған сөздерін естісем құлағым елең ете қалатын.Тіпті танымайтын жүзі таныс жерлестерімді басқа аймақтан ұшыратып қалсам,жас жүрегім тулап кетуші еді.Ия, бұл менің туған жеріме деген махаббатым,бала кездегі түсіне алмаған сезімім. Әдебиет пәнінен М.Жұмабаевтың «Сүйемін»өлеңін өткенде ақынның: « Сағымы сайран құрады Бораны ұлып тұрады, Қыс – ақ кебін, жаз – сары. Орманы жоқ, шуы жоқ, Тауы да жоқ, суы жоқ, Мәңгі өлік сахарасы. Сарыарқа деген жерім бар, Неге екенін білмеймін – Сол Арқамды сүйемін!»- деген өлең жолдарын оқығанда, бораны қойын-қонышыңды аралап,ыстығы бет қаратпайтын ,тал-дарағы жоқ жапан даланы сүю мүмкін бе? -деген ойға қалғаным рас.Алайда кіндік қаның тамған жер ,мейлі ол қандай болмасын,әркімнің өзіне ыстық екенін жан жүрегіммен сезінемін.Туған жердің қадір- қасиетінің өзі де осында емес пе? Р.Ғамзатовтың «Менің Дағыстаным»әңгімесін оқығанымда алған әсерімді тілмен жеткізу мүмкін емес шығар. Сонда дағыстандық суретшінің журналиске «Жалындап тұрған жас кезімде туған елімнен кетіп едім,енді қартайған шағымда қаусаған сүйегімді сүйретіп елімде өмір сүруге менің хақым бар ма? » деген сөздері менің бойымда елжандылық рухты оятты.Мен қазір жас түлекпін. өмір атты керуеннің бір жолаушысымын.Арман қуып алысқа жол тартпақпын. Дегенмен мен қайта ораламын,жоғарыдағы әңгіме кейіпкері секілді болғым келмейді.Жастық шақтағы күш- жігерімді туған жерімді көркейтуге жұмсағым келеді.Мен мұны елімнің,жерімнің алдындағы парыз деп санаймын. Ойымды қорыта келе, туған жерің - туған анаңдай. Туған жерді кеудеңде ақ демің қалғанша көзіміздің қарашығындай қорғап, қадірлеп өтейік! Өйткені, екінші Отанды сен ғұмыр бойы іздесең де таппайсың!
Massaget.kz
Massaget.kz