Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШИЕЛІМ – ЖЕРҰЙЫҒЫМ

ШИЕЛІМ – ЖЕРҰЙЫҒЫМ

Шиелі аумағындағы «Оқшы Ата» қорымын мәңгі мекен еткен киелі жеті әулиенің ішінде Асан Ата да бар. Тұңғыш Қазақ ордасының туын
тіккен Керей мен Жәнібек сұлтандарды қолдаған, халқына жерұйық іздеп қазақ даласын шарлаған Асан қайғыны көпшілік осы кісіге теліп келеді. Бұл болжам: «Қазақ ССР энциклопедиясының» 4 томында, «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында және «Түркстан» халықаралық энциклопедиясында айтылады. Осы Асан қайғы бабамыз желмаясын шөктірген Шиелі, шынында да сол кезеңнің жерұйығы болғанына шүбәсіз сенесіз. Қырғауыл ұшып, қасқыр-қабаны қаптаған Шиелінің қалың тоғайын, тоғайында өскен жабайы тұт пен жидесін, ұшып-қонған алуан түрлі құстарын өзіміз (менің тұстастарым) көзімізбен көріп, талай тамашалағанбыз бала кезімізде...Сол сулы да нулы мекеннің бүгінгі мұрагері – Шиелі
ауданының 95 жылдық торқалы тойы құтты болсын, жерлестер!
Ауданымыздың торқалы тойы үстінде өзімнің кіндік қаным тамған Ақмая ауылын елжірей еске аламын... «Айырықша ыстық, Ақмая, атың қандай! Аппақ таңын көңілдің атырғандай... Алабұртып ғажап бір сезім кештім, ең алғашқы махаббат шақырғандай!» деп өзім жырлаған ауыл мектебінде менің ең тәтті балалығым қалды. Туды осында туындым тырнақалды, туған ауыл тұщынып жырға қанды... Мен оқыған 49 орта мектепте өлеңге құмар «үш жүгермек» болдық, атымыз ауыл асып, ауданға танымал болған. Сәрсенбек Бекмұратұлы, Серік Байхонов және мен. «Өскен өңір» аудандық газетінің жас тілшісі атанып, бұрқырата жазып жатамыз.
Өлеңіміз де сиясы кеппеген қалпында оқырманға жол тартып жатады. Обалы не керек, «Өскен өңір» газетіндегі аға-апайлар бізді барынша бауырына тартып еркелетті. Жазған шала-шарпы дүниеміздің өзін жонып-өңдеп «жұтындырып» шығаратұғын. Қанапия Дәрібаев, Сәфи Құрманаев, Мәрия Жұматова, тағы басқалары бар, әйтеуір, бізді көзден таса етпей, балапандай баулыды ғой. Ал бас редактор Зәкім Жайлыбаев ағай туған әкеміздей
қамқорлығына алғанын қалай ұмытармыз? Марқұмдардың жаны жәннатта болғай! Біздей «шикіөкпелердің» сауабын көп алып еді, жарықтықтар, енді өздері Алланың панасында болғай! Әрдайым ауданның мерейтойы өткенде осылай «ауызға алып» отырмасақ, көңіл көншімейтіні рас. Бізден бұрын ауданға есепсіз еңбегі сіңген кісілер ұмыт болмауы тиіс. Ия, ұрпақ ауысып, толқынды толқын жалғайды. Жаңа қоғамның жаңа кескін-келбетін қалыптастырып жатқан жастарымыз айбатты да қайратты болсын дейік.
Солардың атсалысуымен менің жерұйығым – Шиелі, жаңғырып жасай берсін! Енді 5 жылдан кейін келетін ауданымыздың ғасыр тойын да бірге тойлауды жазсын, аман болайық, аяулы жерлестер!!!
Туған жерін түсірмес есіне кім, келбетіңді кеудеме көшіремін. Бейнетіңді көтермей сенен жырақ ғұмыр кешсем бейқам боп, Кешір мені! – деп жазып
қана қоймай, Сыр бойына қоныс аударғалы – 30 жыл!
Осы 30 жылдың ішінде перзенттік парызымды өтей алсам, менен бақытты жан бар ма?! Тағы бір өлеңімде: «өмір-керуен көшсе де, өлмейді тек өнер!» деп ой түйіндеген екенмін. Сол «өлмейтін өнерді» өбектеп жүрген
құрметтілерім, Сіздерге мың алғыс! Бірге болайық.

Қатира Жәленова,
ақын, Шиелі ауданының
Құрметті азаматы
23 қазан 2023 ж. 159 0