Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Доспан Шайық туралы білесіз бе?

Доспан Шайық туралы білесіз бе?

«Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында. Бүгінгі тарих парағына есімдері алтын әріппен жазылған тумысы бөлек тұлғалар, ұлтымыздың мақтан тұтар ұлылары мен ұлықтары Шиелі ауданында да жетерлік.
Аттары аңызға айналған жеті әулие – Оқшы ата, Асан ата, ­Есабыз әулие, Ғайып әулие, Бала би, Досбол би, Қыш ата осы Шиелінің топырағында, «Оқшы ата» әулиелер мазаратында жатыр. Жеті әулиенің соңғы тұяғы саналатын, ерекше көріпкелдігімен мәшһүр болған Доспан Шайық Қожабекұлы 1867 жылы Шиелі ауданында дүниеге келген. Ол – Сыр елін мекен еткен қалың Қара қыпшақтың ішінде Торының Абыз тармағы, оның ішінде Ақын Абыз әулетінен шыққан қарапайым шаруа адамы.
Оның бойындағы ерекше қасиеттерін (Сырдария өзенінен қайықсыз-ақ өтетін, аруақтармен сөйлесетін, ұшып жүретін, күншілік жерге барып қайта беретін) көзбен көрген талай адам әулиелігін мойындаған.
Шайық ауданның бұрынғы «Қызылдиқан» (Телікөл), қазіргі Ә.Тәжібаев ауылындағы зиратта жерленген. Жеті әулиенің киесі қонған Шайықтың бөлек қойылуына ауданның күріш егумен айналысуға бет бұруы, шаруашылықтардың 1938-1940 жылдары Сырдарияның сол жағалауынан оң жағалауына қарай қоныс аударуы себеп болған екен. Жаңа орынға қоныс аударған жері «Қызылдиқан» деп аталған. Ауыл тұрғындарының дүниеден өткендері әуелгіде ауыл күріш суының астында қалып қоя беретіндіктен, зираттар әр жерге шашырап кеткен. Бір күні Доспан Шайық өзінің ақтық демі тау­сыларын біліп, ауыл ақсақалдарымен қоштасады, өзі пір тұтқан Есабыз әулие қасына жатуға шақырғандығын білдіреді. Мұны естіген қариялар оған жылап: «Осылай сүйегіміз әр жерге шашылып қала бере ме, белгілі бір қорымымыз жоқ, Есабыз әулиеден сұрасаңызшы, рұқсатын берсін. Ауыл төңірегіндегі бір жерді белгілеп, мазар басы етіп өзіңізді қоялық, о дүниелік болған кезде тірліктегі бәріміздің басымыз қайта қосылатын жай болсын», – деп өтініш айтады. Ауыл ақсақалдарының бұл сөзінен кейін Доспан Шайық Есабызбен «сөйлесуге» барып, тілектерінің қабыл болғандығын хабарлайды. Сөйтіп, 1943 жылы әйгілі әулие Доспан Шайық қайтыс болып, ауыл тұрғындары сексеуілден, кейін қам кесектен мазар тұрғызады. 2006 жылы Ә.Тәжібаев ауылының тұрғыны, ардагер ұстаз С.Әбдіқадіровтың басшылығымен мазар қызыл кірпіштен қайта тұрғызылып, ауданға ас берді. Үлкен жолдың бойында «Доспан Шайық мазараты» деген белгі қойды.
Қазіргі таңда ауылдың орталық көшесі киелі әулие атында.

Нұрай ҚАЛЫШБЕКОВА
05 қазан 2021 ж. 539 0