Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәулеті мен сәулеті жарасқан өңір

Дәулеті мен сәулеті жарасқан өңір

Жақында «Өскен өңір» газетінің фотоархивін қарап отырып, сонау 2005 жылдары түсірілген аудан орталығының суреттерін көзім шалды. Қазіргі жайнап тұрған орталық алаңда аққу мен су бұрқағыштар болған екен. Айналасындағы ғимараттардың сән салтанаты қашып, көңілді қаяу басып тұр. Сол уақыттан бері арада 16-17 жыл уақыт өтіпті. Сол кезбен бүгінгі ауданның келбетінде ауыз толтырып айтарлық өзгеріс көп екенін аңғардық.
Қазіргі уақытта ауданның әлеуеті артып, заманауи талаптарға сай безендірілген түнгі жарық шамдары менмұндалап орталықтың көркін одан әрі көркейтіп тұр. Тек орталық алаң ғана емес, кент ішіндегі жаңадан бой көтерген зәулім ғимараттар көздің жауын алып, көңілге сән береді. Аудан орталығынан сырт орналасқан Шанхайдың да ажары әрленіп, жаяу жүргіншілер жолы, заман талабына сай түнгі жарық шамдары орнатылып, жеткіншектерге доп тебетін алаң бой көтеруде. Жалпы айтқанда, ауданның қарыштап дамып келе жатқанын байқауға болады. Ел қуанышына айналған ғажайып кешендер мен көрікті үйлердің көптеп салынуына құрыш қолды құрылысшылардың сіңірген еңбегі жетерлік. Олар да білікті, іскер және қабілетті маман ретінде елдің әлеуметтік-экономикалық деңгейінің өсуіне айтарлықтай өз үлесін қосуда. Осы ретте, ауданда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын білмекке аудандық құрылыс-сәулет бөліміне хабарласқан едік.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жіті назар аударып отырған басым бағыттарының бірі – ел тұрғындарын газбен қамтамасыз ету.
Қазіргі уақытта кент және Ы.Жақаев Бидайкөл, Байсын, Н.Бекежанов, Ақмая, Алғабас және Ш.Қодаманов сынды ауыл тұрғындары көмір тасып, пеш жағып, күл шығару секілді күйбең тұрмыстың күнделікті бейнетінен арылды. Ендігі кезекте Еңбекші, Жиделіарық елді мекендеріне газ жүйесін тарту үшін 442 млн 513 мың қаржы бөлінген. Алмалы, Телікөл, Ақтоған, Бестам ауылдық округтерінің жоба-сметалық құжаттары тиісті министрлікке жолданып, оң қорытынды жауап алынып, бүгінде газ тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Тартоғай елді мекенінің тұсынан Мұстафа Шоқай автоматтандырылған газ бөлу стансасы құрылысын жүргізуге республикалық бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Иә, заман талабына сай халыққа қажеттісі көгілдір отын екені даусыз. Газдандыру жұмысы осы қарқынынан таймаса, алдағы 5 жылда Шиелі ауданы толық газбен қамтылады деген үмітіміз басым.
Тағы да тілге тиек етіп, қуанышпен жеткізетін жаңалықтың бірі – әлі ауыз су жетпеген қос елді-мекендегі құрылыс. Нақтырақ, айтсақ Қосүйеңкі, Қызылқайың елді-мекендеріне ауыз су тартылып, көптің көңілін күпті еткен мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда. Қос ауылды ауыз суымен қамту үшін мемлекеттік сатып алу нәтижесінде «Дәнекер» ЖШС жеңімпаз атанды. Авторлық қадағалаушы – «MS Engineering Construction» ЖШС. Техникалық қадағалаушы – «ARTERIA» ЖШС. Осылайша қаншама жылдан бері ауыз суға жарымаған қараша халық қараша айында тұщы су тұтынатын болады.
Сонымен бірге Шиелі кентіндегі электр желілерін ауыстыру үшін жоба-сметалық құжаттама әзірленген. Жобалық құны – 808 млн теңгені құрайды. Шиелі кентінде тозығы жеткен қолданыстағы КТПГ-10/0,4 кВ -10 дана және ВЛЗ-10 КВ ұзындығы – 16,05 шақырым, ВЛИ-0,4 кВ ұзындығы – 12,68 шақырым электр желілері толықтай ауыстырылып, қайта жаңаратын болады.
Қазіргі таңда трансформаторлардың құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілуде. Электр желілерін реконструкциялау жобасы бойынша өтпелі нысан ретінде өткен жылы 100 млн теңге бөлініп, 6 учаскеге электр бағаналары орнатылып, 3,5 км СИП желісі жүргізілген. Сондай-ақ, Шиелі кентінің электр желілерін толық жаңарту жұмыстары да қолға алынады.
Бүгінде мемлекеттік қызмет бойынша биыл 9 айда меншік иесінің салынған объектіні пайдалануға 331 дербес қабылдау актісі тіркелген. Оның жалпы ауданы 51 079 шаршы метрді құрап отыр. Бұл 2023 жылдың бекітілген жоспарына сәйкес 104,2 пайызға орындалды деген сөз. Ал, келер жылы «Жансейіт» елді мекенінде 100 орындық жаңа мектеп жаңадан бой көтерсе, №252, №48 мектептерге 375 орындық қосымша құрылыстар, 250 орындық оқушылар үйі мен өнер мектебі, Руханият үйі, 900 орындық жайлы мектеп салынады.
– Биыл ауданда газбен, ауыз сумен қамту, тозығы жеткен қолданыстағы трансформаторлар мен электр желілерін ауыстыру бойынша бірнеше құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аудан көлемінде жүргізіліп жатқан нысандарға үнемі мониторинг жүргізіліп, құрылыс саласындағы заңдылықтары сақталып, сапалы жүргізілуін бақылауды үнемі назарда ұстаймыз. Қазіргі уақытта бой көтерген нысандар белгіленген уақытта ел игілігіне пайдалануға беріліп келеді. Құрылысы тоқтап, дау туғызатын мәселелер жоқ. Бәрі жүйелі түрде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде аудан орталығында заманауи талаптарға сай ғимараттар бой көтеруде. Алдағы уақытта да түрлі жоспарлар бар. Мұның бәрі уақыт талабына сай жүргізілетін болады, – дейді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Дана Аман.

P.S. Иә, біз аудандағы кішкентай ғана атқарылған жұмыстың жай-жапсарын жаздық. Мұнан бөлек аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар легі аз емес. Құрылыстың көбеюі әлеуметтік мәселелерді шешіп, бой көтерген тұрғын үйлер, жаңа мектептер мен балабақшалар, дәрігерлік амбулаториялар, жергілікті тұрғындардың игілігіне жарап, жұмыссыздық деңгейінің азаюына да өз үлесін қосып жатыр. Алдағы уақытта ауданымызда осындай оңды жұмыстар жалғасын тауып, бірқатар маңызды нысандардың іргетасы қаланатыны анық.

Дархан Байтілес

23 қазан 2023 ж. 140 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031