Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тоқпен ұруды тоқтату керек

Тоқпен ұруды тоқтату керек

«Қазақта балықшы күнде арманда» деген нақыл сөз бар. Бірақ бұл сөздің аудан үшін мәні кеткен сияқты. Сөзім дәлелді болу үшін төмендегі фактіні келтірмекпін.
Жақында ауданда Жаңа Шиелі каналының 85-бекетінде аудан ардагерлері арасында қармақпен балық аулаудан жарыс өтті. Ауыл-ауылдан келген ардагерлер жарысқа қатысып, қармақ салып, балық аулауға кірісті. 3-4 сағат бойы жарыс жеңізпаздарын әрқайсысының ұстаған балығы 1-1,5 келіден аспады. Өлшемі бір қарыстың шамасы. Осыдан 2-3 жыл бұрын 3-4 сағатта 6-7 келі балық ұстаушы еді. Өлшемі әлдеқайда үлкен болатын. Осыдан қазіргі жағдайда қалай жеттік деген сұрақ туады?
Балыққа деген зиян ауыл, аудан азаматтарынан келуде. Көпке топырақ шашудан адамын. Бірақ кейбір азаматтардың балықты тоқпен ұрып, ұстап сатуды кәсіпке айналдырып жатқанын жасыруға болмас. Балық саласы мамандарының айтуынша, бір балықтың ішінде мыңдаған уылдырық болады. Бір балық топпен ұрылса, бірнеше мың балықтың көзі жойылады екен. Дәл осы бағытпен кететін болсақ, 4-5 жылда балық ­аулауды ұмытатын шығармыз. Балықты тоқпен ұруды тоқтату жөнінде бірнеше мақала жазылды. Бірақ қолдаушылар жоқтың қасы. Себебі қазақ халқын селт еткізу үшін М.Дулатов атамыз «Оян, Қазақ! Оянатын кез келді» деп бекер үн қатпаған сыңайлы. «Көбісі сен тимесең мен тиме» деген сөз тіркесін ұстанады. Жаңалықты өзінен басқа біреудің бастағанын қалайды. Қазақ халқы ғасырлар бойы тентегін тезге салып тәрбиелеп келген жоқпа еді? Қазір бұл тәсіл ескірді ме екен ағайын?
Мен 21-бекет ауылында осы бағытта істелген жұмыстар тәжірбиесімен бөлісейін. Біздің ауылда ертеректе бір-екі азамат тоқпен ұруға дайындалып жүр деген сөз шықты. Сол мезетте ауылдың ардагерлері, жастары әлгі азаматтарды шақырып алып, балықты тоқпен ұрып ­ауламау жөнінде ескерттік. Егер нәтиже шығармаса өзіміз заң орнына хабарлайтынымыз жөнінде түсіндірдік. Азаматтар түсінді. Қазір біздің ауылда балықты тоқпен ұратын азаматтар жоқ. Әр ауылдағы бір учаскелік полицейдің қолынан бұл жұмыстар келмейді. Сондықтан менің пікірім әр ауылдан ардагерлері бар, жастары мен полициясы бірігіп, комиссия құрылу керек. Әр ауылдың балықшылары сол ауылдың тұрғындарына белгілі. Жоғарыда құрылған комиссия балық аулайтын азаматтарға түсіндірме жұмыстарын жүргізуі қажет. Бірнеше ескертуге көнбесе, шара көру үшін тиісті органдарға хабарландыру керек. Тез арада бүкіл ел болып балықты тоқпен ұруды тоқтатуды қолға алмасақ, балықтың тұқымы тұздай құритыны баршаға мағлұм. Балық суымыздың сәні, болашақ ұрпағымыздың сүйіп жейтін дәмі екенін ұмытпайық, ағайын!

Әлияр СЕЙІТОВ,
Шиелі сушар өндірістік учаскесінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, Су саласының үздігі, еңбек ардагері
10 қазан 2023 ж. 215 0