«Кітап оқитын ұлт». Марафоннан кейін не өзгереді?
Қазақстанның барлық өңірін қамтыған жобаға мектеп оқушылары мен студенттерден бастап, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер, отбасылар және жасы мен кәсібіне шектеу қойылмаған зияткерлер қатысып жатыр. Ұйымдастырушылар ұсынған бағдарламада 330 кітап бар. Қатысушылар сол тізімнен 15 шығарманы оқуға тиіс. Марафон 2026 жылғы қыркүйектен 2027 жылғы сәуірге дейін жалғасады.
Әлеуметтік сауалнамаларға сүйенсек, біздегі халықтың 30-35 пайызы өзін тұрақты оқырман санайды, яғни аптасына кемінде бір рет кітап оқиды немесе айына бір-екеуін бітіреді. 40 пайызға жуығы жылына 1-3 кітаппен шектеледі, оның өзінде баспа өнімдерін жұмыс бабымен ғана парақтайды. Тағы 25-30 пайызы негізгі ақпаратты әлемжеліден алады. Салыстырсақ, Скандинавия мемлекеттерінде, Германияда, Жапонияда халықтың 55-65 пайызы жүйелі түрде кітапқа жүгінеді.
Оқу дағдысы жасқа да байланысты. 50-ден асқан аға буын дәстүрлі қағаз басылымды көбірек ұнатса, 18-29 жастағылар аудиокітап, подкаст сияқты цифрлық құралдарға құмар. Иә, бүгінгі буын кітапты бұрынғыдай оқымайтын шығар, бірақ оны басқа форматта тұтынады. Жанр таңдауы да жаңарған. Жастар арасында көркем әдебиетпен қатар тұлғалық даму, бизнес, психология, ғылыми-көпшілік нон-фикшн бағыттарына қызығушылық басым. Қазіргі оқырман кітаптан оқиға қуаламай, өз өмірінде қолдануға татитын нақты білім іздейді.
Мамандардың пікірінше, кітап оқу дағдысының өзгеруіне бірінші себеп – жаппай цифрлану. TikTok, Reels, Telegram тәрізді платформалар ақпаратты қысқа, жылдам, үзік-үзік күйде береді. Клиптік сана дәуірінде бастан-аяқ қаралатын контент кемде-кем. Бір хабарламаны оқып отырып, келесіге секіру оп-оңай. Ал бірнеше жүз беттік кітап саусақпен сырғыта салуға көнбейді. Қағаз тапшылығы, полиграфиялық қызметтердің қымбаттауы да кітап бағасын шарықтатып жіберді. Сапалы әдебиетті ай сайын сатып алу қалтаға салмақ түсіреді. Оның үстіне кейінгі кезде жекеменшік баспалардың арқасында қазақша нон-фикшн, әлемдік бестселлер көбейіп, қазақтілді аудиторияның ауқымы артты.
Осы өзгерістер «Кітап оқитын ұлт» марафонын бастауға түрткі болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы Түркістанда, Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырыстарында жариялап, оны «Адал азамат» концепциясын жүзеге асырудың, озық ұлт қалыптастырудың бір шарты деп атады. Бастамаға мемлекеттік органдар, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, қоғамдық ұйымдар, баспагерлер атсалысып жатыр.
Марафонға 330 кітаптың тізімі кездейсоқ түзілмеген. Онда оқырманның жасы, кәсібі, тілі, қазіргі заман талабы ескерілген. Тізімнің тең жартысы қазақ тіліндегі, тең жартысы орыс тіліндегі 165 кітаптан тұрады. Отандық және шетелдік әдебиеттің арақатынасы да белгілі бір жүйеге құрылған. Қордың шамамен 60 пайызын қазақ классикасы, тарихи проза, поэзия, жергілікті нон-фикшн құрайды. Қалған 40 пайызына әлемдік классика, аударма шығармалар, Нобель сыйлығы лауреаттарының еңбектері, психология мен менеджмент саласындағы халықаралық бестселлерлер енген. Тізімде көне фольклордан бастап ХІХ-ХХ ғасырлардағы проза, Алаш арыстарының мұрасы, қазіргі ғылыми-көпшілік әдебиетке дейін қамтылған.
Адамға бір ай кітап оқыту оңай шығар, бірақ өмір бойы оқыту үшін марафоннан да маңызды мәселелер шешілуі керек. Әр үйде кітап тізіліп тұруы, кітапханада оқырманға қолайлы орта болуы, ауыл тұрғыны мен қалалықтардың кітапқа қолжетімділігі шамалас болуы, қазақша жақсы кітаптар тұрақты шығуы керек. Электронды және аудиокітап нарығы да дамуы қажет. Осы керектердің орны толса ғана марафонның мақсаты толық орындалмақ.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ







