Өзара түсіністікке бастайтын тетік
Қоғамдағы татулық пен тұрақтылық адамдардың бір-бірін түсіне білуінен, өзара құрмет пен сенімге негізделген қарым-қатынасынан басталады. Ал өмірде кездесетін келіспеушіліктерді дау-дамайға ұластырмай, ортақ мәмілемен шешу – өркениетті қоғамның маңызды ұстанымы. Осы ретте медиацияның маңызы айрықша. Ол – тараптарды қарсы қоюға емес, бір-біріне жақындатуға, даудың түйінін тарқатып, келісімге келуге бағытталған тиімді тетік.Жуырда «Руханият орталығында» осы тақырыпты кеңінен түсіндіру мақсатында «Медиация – келісім мен татулықтың алтын көпірі» атты семинар өтті. Кездесудің негізгі өзегі – даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешудің маңызын ұғындыру, қоғамдық келісім мен өзара түсіністіктің құндылығын дәріптеу.
Семинарға Қоғамдық келісім және тіл орталығы КММ-нің этносаралық мәселелерді зерттеу және ақпараттық жұмыс бөлімінің аға сарапшысы Е.Есов пен медиация кеңесінің төрағасы Ж.Мейрамбекқызы қатысты. Кейде бір ауыз сөздің өзі арадағы сыйластыққа сызат түсіріп, шағын түсінбеушілік үлкен дауға айналуы мүмкін. Мұндай сәттерде ашуға ерік бермей, мәселенің байыбына бару, қарсы тараптың пікірін тыңдау және ортақ шешім іздеу аса маңызды. Семинар барысында осы мәселелерге ерекше назар аударылып, өзара құрметті сақтау, сенімді жоғалтпау және келіспеушіліктерді өркениетті жолмен реттеу жөнінде ой қозғалды.
Ж.Мейрамбекқызы медиацияның қоғамдық келісімді нығайтудағы маңызын атап өтіп, даулы жағдайларда сабыр сақтап, мәселені өзара түсіністік арқылы шешудің қажеттігіне тоқталды. Шын мәнінде, медиацияның құндылығы тек дауды тоқтатумен шектелмейді. Оның басты мақсаты – адамдар арасындағы қарым-қатынасты сақтап, тараптардың бір-бірін түсінуіне және екі жаққа да қолайлы шешім табуына мүмкіндік жасау.
Кездесу барысында қатысушылар да тақырыпқа қатысты пікірлерін ортаға салып, көкейлеріндегі сауалдарға жауап алды. Ашық пікір алмасу медиацияның күнделікті өмірдегі маңызын тереңірек түсінуге жол ашты.
Татулық – өздігінен қалыптаса салатын құндылық емес. Ол әр адамның сөзінен, ісінен, өзгеге деген құрметінен көрінеді. Келіспеушілікті күшпен емес, парасатпен шешу – азаматтық мәдениеттің белгісі. Сондықтан медиация туралы түсінікті кеңейтіп, оны қоғам өмірінде тиімді қолдану адамдар арасындағы сенімді арттыруға, қоғамдық тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді.
Г.Дүйсебай







