Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨЛГЕНДІ ӨНЕР ТІРІЛТЕДІ

ӨЛГЕНДІ ӨНЕР ТІРІЛТЕДІ

Толқу. Еріксіз көзге жас алу. Рухани ояну. Сананың сілкінуі. Бұл көптің ыстық ықыласына бөленіп үлгерген «Оян, қазақ!» фильмін көргеннен кейінгі әсер. Бұл тарихи туындыны тамашалағандардың қарасы қалың. 6 сериялы фильмнің екі сағатқа сыйып кетуі қысқалық пен нақтылықты ұнататын тура бүгінгінің жастарына арналғандай.
Жас дейміз-ау?! Осы бір тарихи ­туындыны көруге ақсамайлы қарт та асық. Себебі 120 минуттық кинокартинада Алаш қайраткерінің революциядан кейінгі жылдардағы, ашаршылық кезіндегі қоғамдық-саяси қызметі, Қызылорда, Семей, Мәскеудің әйгілі «Бутырка» абақтысындағы азапты күндері көрініс тапқан. Тәуелсіздік жолында жан пида болған Алаш арыстарының ақиқатын көрермен сілтідей тынып көруге қашанда ынтық. ХХ ғасырдың басында бойкүйездік басқан халқын «Оян, қазақ!» атты отты өлеңімен оятып, өнер-білімге, еркіндікке үндеген Міржақып Дулатұлына арналған туынды да мін жоқ. Алашқа азаттық әперу жолында басын ажалға байлаған ақынның ғұмыр жолы боямасыз бейнелеген. Кинода әсер еткен ерекше сәт - Міржақыптың аштан қырылып жатқан халқын сақтап қалу үшін Торғайдан мал айдағаны, «Қазағым, аштан өліп жатқанда, мен қалай тамақ ішемін» деген жанашырлығы көпке үлкен ой салады. Ал Міржақыпты ату жазасына кесетін сәтте кейіпкердің атылмай қалғанына еріксіз қуанасың. Міне, киноның осы тұстары зор әсер сыйлады. Бір сөзбен айтқанда, тарихи туынды ел қамын жеген ерлер сияқты болуға үндейді.
Тарихи деректерге сенсек, М.Дулатұлының «Оян, қазақ» өлең кітабы 1909 жылы Қазан қаласындағы «Шарқ» баспасынан шыққан. Тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелдиевтің айтуынша, «Оян, қазақ» кітабы ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамындағы түрлі топтардың бәрінің көңілінен шыққан.
– Ресей патшалық үкіметінің шымбайына тиген кітап болды бұл. Бір қызығы, «Оян, қазақ» сол кездегі қазақ зиялыларына да ұнады. Қазақ халқының да ойынан шықты. Сондай-ақ дін адамдарының да көңілінен шықты. «Оян, қазақтың» елге ұнағаны соншалықты, кітапты мешіттер, молдалар елге таратты. Осыдан-ақ, бұл кітаптың мән-мағынасын, маңызын байқауға болады. Патша өкіметі кітап авторының соңына түсті. Ол кітапты оқуға тыйым салды, – дейді Мәмбет Қойгелдиев.
Міржақып Дулатұлы 1917 жылы құрылған Алашорда үкіметінің белді мүшесі, Алашорда үкіметінің бағдарламасын жасағандардың бірі болғаны тарихи деректерден белгілі. Ол 1916 жылы бірінші дүниежүзілік соғыс зардабын тартып, қырғынға ұшырап, босқынға айналған елге көмектесу мақсатында, Семей қаласында, қазақ тарихындағы ең алғашқы «Жанар» жәрдем қорын ұйымдастырғандардың бірі. 1921-1922 жылғы ашаршылық кезінде Алаш зиялылары аштыққа ұшырағандарға жылу жинап беруді қолға алғанда Міржақып Дулатұлы пен Жүсіпбек Аймауытов осы іске басшылық жасап, бірнеше айда 15 мың бас ірі қара жиып, ашыққан елге үлестірген. Міржақып Дулатұлы 1928 жылы желтоқсан айында қамауға алынып, екі жылдан кейін ату жазасына кесіледі. Кейін сот үкімі он жыл абақты жазасымен ауыстырылады. Беломор-Балтық арнасының құрылысы бойында, Сосновск станциясындағы жазалау лагерінде жазасын өтеген Міржақып Дулатұлы 1935 жылы осы лагерде ауыр науқастан көз жұмады.
Еске саламыз, бұған дейін Ұлттық арнаның бастамасымен Міржақып Дулатов жайлы 6 бөлімдік телесериал түсіріліп, ол көрермен арасында кеңінен танылған еді. «Оян, қазақты» көрген әрбір жанның рухани демалып, ұйықыда жатқан санасы оянғанына сенім мол. Халық ісіне бар болмысымен бүтіндей беріліп, «Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі, Пайдалан шаруаңа жараса, Алаш!» деп жар салған Міржақыптай алыптардың саны азаймасын.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
09 қазан 2023 ж. 429 0