Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Нұр-Сұлтанның төрінде тұр 3 тұлға

Нұр-Сұлтанның төрінде тұр 3 тұлға


Еелдің абыройы мен беделі тұлғалар арқылы қалыптасады. Халық тағдырын өз тағдырынан биік қойып, аса жауапты тарихи шешімдерді қабылдап, мемлекеттің тұтастығы мен дамуы жолында еңбегі ерен азаматтар әрдайым халықтың кемеңгер тұлғасына айналады. Бүгінде Елорданың төрінде Әлихан, Ахмет, Міржақып сынды тарихтың өзі тас мүсінмен қашаған алып тұлғалар тұр. Себебі, Тәуелсіз елдің тұғырында Алаш арыстарының азаттықты аңсаған армандары жатыр. Олар тек армандап қойған жоқ, сол үшін күресті. Білім-ғылымға шақырды. Қалың ұйқыдағы қазақты оятты.  
«Не көрсем де Алаш үшін көргенім!» деп жанын шүберекке түйген Алаш арыстарының мұраты десе елеңдемейтін қазақ жоқ. Жоғарыда атап өткеніміздей азаттығымыздың бастауында Алаш тұр. Алаш аманатын бүгінгі жас ұрпаққа белсенді түрде кеңінен насихаттайтын күн туды. Ол үшін істі неден бастағанымыз жөн? Алаш идеясы деген не? Алаш бізге нені аманаттап қалдырды? Алаш арыстары ұсынған идея – Жапония секілді ұлттық демократиялық мемлекет құру. Оның негізі неде? Алаш идеясын ту етіп көтерген азаматтарды бес түрлі мақсат біріктірді. Олар: жер, жердің асты мен үстіндегі байлық қазақтың игілігіне жұмсалуы керек, қойдың үстінен қырқылған бір уыс жүн қазақтың үстіне тоқыма болып тоқылуы тиіс, тіл, дін және діл үстемдігі, ұлттық дәстүр мен тәуелсіз ғылымға негізделген, заңға сүйенген ұлттық демократиялық мемлекет құру. Осы мақсат-мұраттардың жолында олар ештеңеден аянған жоқ.
Астана күні мерекесі қарсаңында ұлт көсемдерін ұрпаққа ұлықтап, өткен күннің белгісіндей болған Алаш арыстарына арналған ескерткіш ашылды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әлихан – Алашорда үкіметін басқарған мемлекет қайраткері. Ахмет – халқымызды білім мен ғылымға жетелеп, рухани ұстаз болған әйгілі ағартушы. Міржақып – ұлт бірлігі ұранына айналған «Оян қазақ» пен тұңғыш қазақ романының авторы, көрнекті қаламгер.
Үш қайраткер де – бірегей тарихи тұлғалар. Бұл ескерткіш – барша Алаш ардақтыларына деген құрметіміздің көрінісі», – деді.
Ел Президенті айтып өткендей Әлиханның даралық тұлғасы Шербина экспедициясынан басталады. Патша өкіметіне биліктің сөзін сөйлейтін, қызметін істейтін, Әлихандай ойшыл, іскер, идеясы бар адамдар қажет еді. Бірақ, Әлихан оларға емес, халқына қызмет етуге бар күш-жігерін салды. Мұны «Тірі болсам қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деген бір сөзі арқылы жеткізген. Ал, қазақ әліпбиінің негізін қалаушы А.Байтұрсынов «Қазақ өкпесі» атты бір ғана мақаласының өзінде «Қазақ хандығы неге құлады, өз алдына дербес мемлекет құра алмауының себебі неде, Ресей отарлауы қалай іске асты, азаттыққа қалай қол жеткіземіз?» деген сұрақтар төңірегінде толғанды. Ол «Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан жаңылғанымыз – бәрі надандықтың кесапаты» – дей келіп, елді ағартуға шақырады. Сондай-ақ, ХХ ғасырдың басында бойкүйездік басқан халқын отты өлеңімен оятып, өнер-білімге, еркіндікке үндеген Міржақып Дулатұлының еңбегі де еш кетпеді. Бүгін дербес ел, білім бәсекесіне қауқарлы мемлекет атандық.
Ескерткіштің ашылу сәтінде Президент Алаш қайраткерлерінің еңбектері Алаштану ғылымының аясында жан-жақты зерттелу қажеттігіне назар аударды. «Алаштану ғылымы арыстарымыздың еңбектерін барынша қамтуы керек. Жыл өткен сайын­ Алаштың абыройы асқақтап, беделі биіктей береді. Олардың атқарған ісі ешқашан маңызын жоғалтпайды. Себебі, ұлт мүддесі, ел қамы деген ұғымдар – мәңгі құндылықтар», – екенін тілге тиек етті.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ

05 шілде 2021 ж. 524 0