Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Техниканың тілін тапқан

Техниканың тілін тапқан

Кейде теледидарыңыз бұзылып қалатын жағдайлар кездесетін шығар. Дәл сол кезде шыр-пыр болып, оны жөндететін адамды іздеп кетеміз. Білікті маман болғаны дұрыс, әрине. Осы тұста телерадиотехника саласының тәжірибелі маманы Байдүйсен Мәдиев есімізге сап ете қалды.
Байдүйсен Мәдиев – жан сарайы бай, елгезек мінезді, кішіпейіл, іскер азамат. Ол Шиеліде көп балалы отбасында туып өскен. Радиотехникаға деген қызығушылығы бесінші сыныптан басталған.
Бала күнінен жаңа дүниеге құмар ол өздігінен теледидар, радио және басқа да тұрмыстық техникаларды жөңдеп үйренеді. Ең әуелі үйдегі істен шыққан техникаларға жан бітіре бастайды. Әкесі ұлының талпынысын байқап: «Жарайсың балам, осындай талпыныспен нағыз шебер боласың!» – деп жігерлендіретін көрінеді. Әкесі Қайырбек ұлының өтінішімен «Юный техник», «Моделист-конструктор», «Техника молодежи» және «Радио» журналдарына жазылатын болған. Ал ұлы сол кездегі танымал басылымдардың арқасында кәсіптің көптеген қыр-сырын меңгерген.
Одан әрі оның өмірі сәулет-құрылыс техникумында жалғасады. Оқып жүріп әскер қатарына шақыртылған жас азамат Отан алдындағы борышын өтеуден қашпайды. Ауылға оралған соң, отбасына материалдық көмек көрсету мақсатында Шиелі су шаруашылығы кәсіпорнына байланысшы болып жұмысқа орналасады. Бірақ ол жаны қалаған хоббиін ұмытқан емес. Туған-туыс, дос-жаранның теледидарын жөңдеп беретін.
Түрлі техниканың ақауын тауып машыққан Б.Мәдиев нарық заманында өзінің ойында жүрген шеберханасын ашады. Осы уақытқа дейін ол клиенттік базаны құрып та үлгерген. Ол туралы шиеліліктер телерадиоаппаратуралар мен тұрмыстық техникалардағы ақаудың себебін тез анықтап, өз ісінің нағыз шебері екенін айтады. Бұл әрине, білім мен біліктіліктің жемісі.
Өз ісінің кәнігі маманына айналған кейіпкеріміз бүгінгі таңда шәкірт баулуды да назардан тыс қалдырмаған. Талаптанған жастарға бар білгенін үйретіп, 10-ға жуық шәкірт тәрбиеледі. Соның нәтижесінде шәкірттері өз шеберханаларын ашып, нәпақасын маңдай терімен айырып жүр екен.
Байдүйсен Мәдиевтің пікірінше, бұл мамандыққа сұраныс кеңес заманында болған, қазір де көбеймесе кемімеген. Өйткені жан басына шаққандағы электронды тұрмыстық техниканың саны жылдан жылға артып келеді. Жаһандану дәуіріне қадам басқалы біршама дүние смарт жүйеге енуде. Келешекте саусақпен түртіп, көптеген жұмысты үйде отырып істеуге болады деген болжам да бар. Демек бұл маман иелері болашақта көп сұранысқа ие болуы бек мүмкін.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
02 қазан 2023 ж. 227 0