Герантрофобия: қазіргі әжелер қартаюдан қорқа ма?
Қарт, қария, ақсақал сөздерін естігенде көз алдыңызға әуелі аппақ сақалы абыройын арттырып, жүзін әжім торлаған, тұтас бір ауылдың жоқ-жітігін түгендеп, жыртығын жамап, азаматын атқа мінгізіп, айдынын асырып отырған жан елестейді. Ал егде тартып, бейнетінің зейнетін көрер шаққа келген әже болса, біздің есімізде ақ жаулық оранып, арғы-бергі тарихтан сөз қозғап, бойына ұлттық рухты дарытқан қалпында қалды. Иә, бала кезімізде бір көшенің бойын жағалап тұратын апалар мен аталардың бейнесі осындай еді. Кез келген уақытта жанына барып, ақыл сұрап, батасын алып, бір марқайып қалатынбыз. Ал олардың келер ұрпаққа елжірей һәм сеніммен қараған жүзі қазіргілер жағы талмай айтып жүрген мотивацияның ұлысы болатын. Сондықтан болар жадымызда әдемі қартаю осындай деген көзқарас қалыптасты. Бірақ қазір көпшілігі бұл пікірді жоққа шығарып, әркім өзінің тұжырымдарымен бөлісуде. Көбісі 70-тің желкенін тартса да әдемі, жас болып көрінуді қалайды. Жалпы қарттық деген қандай болады? Оның сіз бен біз білмейтін құпиясы бар ма?
Таяқтың екі ұшы болатыны секілді әдемі қартаю тұрғысындағы пікірлер де екіұдай. Бәзбіреулер әдемі қартаюды сыртқы келбетпен байланыстырады. Егер расымен солай болса, біз Кармен Делль Орефиксе, Ван Дешунь, Эрнестина Шепард және Жаклин Берридо Писаноны әдемі қарттықтың қатарына жатқызамыз. Себебі, олар сексеннің сеңгіріне шықса да, әлемнің түкпір-түкпірін шарлап, қара нардай қайратын қалпында сақтап қалған. Бұл тізімге қазақстандық 77 жастағы Раиса есімді әжені де қоса аламыз. Ол алпыс жастан асқан сәтте-ақ 64 елді аралауды өзіне мақсат еткен. Жоғарыда аты аталған егде жастағылардың әрқайсысы сұлулық салонына барып, дене шынықтырумен айналысып, дұрыс тамақтанады.
Таяқтың екі ұшы болатыны секілді әдемі қартаю тұрғысындағы пікірлер де екіұдай. Бәзбіреулер әдемі қартаюды сыртқы келбетпен байланыстырады. Егер расымен солай болса, біз Кармен Делль Орефиксе, Ван Дешунь, Эрнестина Шепард және Жаклин Берридо Писаноны әдемі қарттықтың қатарына жатқызамыз. Себебі, олар сексеннің сеңгіріне шықса да, әлемнің түкпір-түкпірін шарлап, қара нардай қайратын қалпында сақтап қалған. Бұл тізімге қазақстандық 77 жастағы Раиса есімді әжені де қоса аламыз. Ол алпыс жастан асқан сәтте-ақ 64 елді аралауды өзіне мақсат еткен. Жоғарыда аты аталған егде жастағылардың әрқайсысы сұлулық салонына барып, дене шынықтырумен айналысып, дұрыс тамақтанады.
Ал кейбіреулер немересінің тұлымын тарап, шөбересінің қолынан су ішкенді әдемі қартаю деп санайды. Осы орайда психолог Серікгүл Сәлидің пікірін назарларыңызға ұсынамыз. Ол: «Адамның өмір сүру жасы 80 немесе 150 болсын, бұл төрт кезеңге бөлінеді. Бірінші кезең – сіз білім алуға жұмсайтын уақытыңыз, екіншісі – отбасын құру, үшіншісі – барлық тәжірибеңіз, біліміңіз бен көрген қиындықтарыңызды рухани құндылық ретінде бойыңызға сіңіру уақыты. Төртіншісі – қартаю. Енді сол әдемі қартаю адамның рухани байлығына байланысты. Яғни әдемі қартаюды түр-әлпетіне қарап бағаламаймыз», – дейді. Маманның пікірін 78 жастағы Қ.Ахметова да қолдайды. Ол қазір 36 немеренің әжесі.
– Менің ойымша әдемі қартаю адамның ішкі жан дүниесімен тығыз байланысты. Кәрілік жетіп, бойдан қуат кеткен шақта есің жоғалмай, өзгеге өмірден түйгеніңді айтып отыру, өскелең ұрпаққа үлгі болу жасы жетпістен асып, тоқсанға таяған жандарға жарасады. Әрине, денсаулықты күтіп, өз-өзіңе қарау керек. Бірақ қазақ тарихындағы асыл әжелер мен аузы дуалы ақсақалдардың бейнесін жоғалтып алмағанымыз абзал. Әжелер ақ жаулығын тағып, әдемі болып жүрсе өздеріне жарасымды, – дейді Қ.Ахметова.
Әдемі қартаюды әркім әрқалай түсінсе керек. Бірақ медицина мамандары денсаулықты қай жаста да күту маңызды екенін айтады. Әсіресе егде тартқан кісілер үшін бұл күн тәртібінен түспейтін мәселе. Осы орайда дәрігерлер әдемі қартаюға қол жеткізу үшін ең бірінші есте сақтау қабілетіне көңіл бөлу керек дейді. Ол үшін жүгірумен айналысып, ақылмен жасалатын жаттығу жасау керек. Бұдан бөлек жаңғақ пен құрамында темір бар азық-түлікті тұтыну да артық етпейді. Сондай-ақ ашуға бой алдырмай, сабырлы болу – өзгелер қызыға қарайтын қарттыққа жетудің бірден-бір кепілі. Тағы бір ескеретін жайт, кәріліктен қауіптенбеген абзал. Себебі, қазір өзге әлемде ғана емес, елімізде де қартаюдан қорқатын жандар кездеседі. Ол ғылымда «Герантрофобия» деп аталады.
Негізінде әдемі қартаюдың нақты ережесін жасап берген ешкім жоқ. Тек ол әркімнің қарттықты қалай қабылдауына тікелей әсер етеді. Біреулер дерт деп санап, онымен өмір бойы алысып өтсе, екіншілері кәрілікті Алланың берген нығметіне теңеп, қалған өмірін өнегемен өргенді дұрыс деп санайды. Ал сіздің ойыңызша әдемі қартаюдың құпиясы қандай, оқырман?
Г.Әбдіхани