Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АҚСАҚАЛ БОЛУ – АБЫРОЙ

АҚСАҚАЛ БОЛУ – АБЫРОЙ

Қазір қария қат, Шал көп. Бата бере алмайтын қарт, ертегі айтпайтын, немере тәрбиелемейтін әжелер бұл әлеуметтік институтты құртты. Бір ақсақал бір ауылға ие болатын уақыт келмеске кетті. Ауылдың үлкендері майда-шүйде, кәкір-шүкірді әңгіме қылады. Шежіреңізді сорғалатып айтып беретіні некен-саяқ. Содан «Бір ұрты – май, бір ұрты – қан» (Абай) елдің жасы қайсы, жасамысы қайсы, кәрісі қайсы, баласы қайсы айыру – қиын.
Біздің түсінігіміздегі ақсақал қандай-ды? Береке мен бірліктің ұйытқысы. Дәстүр мен салттың алтын көпірі. Ұлағат пен ұлылықтың бастауы. Тіпті, сонау бір бағзы кездерде ақсақалдардың даналығымен ел мен ел татуласып, табысып жатқан. Қазір табыстырмақ түгілі, отының басында отырып, жібі түзу сөз айта алмайтындар көп.
Бүгінгі жастар салт-дәстүрді дәріптеп, жөн-жоралғыны жоғалтпай жүрсе, ол, әрине, ақсақалдардың жол көрсетуімен, қариялардың ақылымен келген игілік деп түсінуіміз керек. Дала демократиясын дәріптей білген кешегі абыз ақсақалдардың көзіндей болған қариялардан үйренеріміз аз емес. Ауылдағы үлкенді-кішілі мәселені дау-дамайсыз-ақ мәмілеге келтіріп, сол әрекетімен ауыл-елдің ауызбіршілігін, ынтымағын айрандай ұйытып отырған да сол жандар емес пе?
«Қарты бар үйдің қазынасы бар» дегенді жақсы білеміз. Бауыржан Момышұлы жасы егде тартқандарды төртке бөлген екен, шал, қария, ақсақал және абыз деп. Одан әрі өз ойын былай тарқатады. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй-үйді аралап, өсек айтуға әуес адамдарды шал дейді. Ал, өз әулетін шашау шығармай уысында ұстайтындарды қарияға жатқызады. Бір ауылдың жыртығын бүтіндейтін, жоқты бар ететін, жөн-жоралғыны білетін, ауыл-аймақты айрандай ұйытып отыратындарды ақсақал деп атағанымыз абзал дейді жазушы. Ал, төртіншісі елдің дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты абыз деп атаған» екен. Әрине, олар өздерінің келелі ойымен, кесімді пікірімен көпшіліктен дараланып тұратындар болса керек.
Жазушы Б.Момышұлы жолы жіңішке қауымға қатысты былай дейді: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндер азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені, бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…»
Батырдың қорқынышы өңге айналды. Сол өң мен түстің арасында ұлттық құндылықтарымыздан қол үзіп қалғанымыз – сорымыз. Өзімізге тән дәстүр-салтымыз, ұстанған өмірлік қағидаттарымыз бізді әлемнің кір-қоңынан, ласынан аластап тұратын кие секілді-тін. Сол кие кеткелі түп тамырымыздан айырылдық. Тамырына құрт түскен бәйтерек түбі құлайды. Ата-әжеміз батыстанып, жастарымыз жаһанданып, жасамысымызда бас бар, ми жоқ, бетіміз ауған жаққа кетіп барамыз. Абыздығымен аңызға айналған ақсақалдарымыздың терең тәлімі мен тектілік тәрбиесі ешқашан да үзілмесе екен дейміз.

Айнұр НАЗАРОВА
01 қазан 2021 ж. 755 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031