Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қара қылды қақ жарған

Қара қылды қақ жарған

Қай жерде, қай ауылда болмасын ел қамын ойлайтын, туған жеріне жаны ашитын азаматтар, ақсақалдар болады. Оларды біз емес, халық өзі айтады. Өздері таңдайды, сол адамды тыңдайды. Ондайлар, әрине, аз, өте аз. олардың іс-әрекеті жасанды емес, табиғи-адами жаратылыс. Жеке бастарының тіршілігін күйттемейтін, жұрттың жоғын жоқтайтын, ауызы дуалы, сөзі уәлі, тәртіп-тәрбиесі бөлек, ұстамды, сабырлы, парасатты да байсалды жандар ел арасында жетерлік. Ауылдың ауызбіршілігін, ынтымағын ұйытып отырған солар – бүгінде бұйығып, «Енді бізге не жоқ, қартайғанда?» деп жатқандай, тым-тырыс. Ал, қоғам болса, алға жылжып, өзгеріп, уақыт шіркін зымырап өтіп жатыр. Кешегі Досбол датқа, Бала билер көз жұмғанша ел тағдырын естен шығармай кеткен. Қазақы әдетіміз бойынша кезінде халық мүддесіне жанашырлық білдірген азаматтарға сырттай тон пішіп, күйе жағып, пәлеқор, арызқой санап, оларды бұзық, жексұрын, құбыжық етіп көрсеткеніміз де көңілде сайрап тұр.
Өмірде болып жатқан берекетсіздік, бассыздық, дүниеқоңыздық, сыбайлас жемқорлық, алаяқтық, әлімжеттілік, озбырлық, кем санаушылық, тәртіпсіздік, даңғойлық, менмендік, т.б. сияқты тіршіліктің осындай келеңсіз жақтарына жандары қас кісілер еді олар. Бойларында адалдық, әділдік, тазалық оты лаулап, жамандыққа, жәркөлештікке, жағымпаздыққа жиіркенішпен қарайтын, оны ұят санайтын көкелеріміз көзден бұлбұл ұшқалы да қашан. Көпшілік ортада жөнді бата бере алмайтын, «құран оқып жіберіңіз» десе «өзің оқи бер, мен білмеймін» деп, бастарын шайқайтын, е жас емес, е шал емес ағаларымыз көбейді. Өздерін ақылгөй, білгіш санайтындар қоғам үшін емес, өздері үшін жарамсақтанып жағымпаздыққа бой алдырып жатқандарын сезбей қалуда. Бірақ, оны халық сезіп, әлдеқашан базардағы әйелдерден бетер әңгіме етіп жатады. Жөнді қартая білу де өнер. Сонан болар жасы ұлғайған ер адамдарға қария, қарт, ақсақал деп сыйлы аттарды бере салған. Адамның жасы егде тартқасын оның әрбір ерсі қимылы, іс-әрекеті көзге қораш көрініп, ерсілігі білініп тұрады. Жасы келген кісілердің сөзіне де, өзіне де, жүрісіне де, тұрысына да, отырысы мен жатысына да сынай қарау – өмір заңдылығы. Өйткені, соңымызда болашақ ұрпақ, жастар қаулап өсіп келеді. Біз оларға анайы, тұрпайы көрінбес үшін барынша қарапайым, салмақты, салауатты, орнықты болғанымыз абзал. Би болмасақ та, би түсетін үйдің жөні түзу қожайыны болғанға не жетсін. Қазақ тарихында Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер несімен, қандай қадір-қасиетімен қалды? Біріншіден – әділдігімен, екіншіден – адалдығымен, үшіншіден – ақыл-парасаты және ойшылдығымен дараланды. Олар алдарына келген адамдарды алаламады. Ақты – ақ, қараны – қара деді. Ондай жандар кешеге дейін Шиелі өңірінде де болған, қазір де бар. Бала би, Досбол би, Тұрсынбай, Тұрғанбай датқалар да т.б. халқының қамын ойлаған дарабоздар сапында саналған. Одан бері халық аузына іліккен Бала би ауылынан Жорабек Есенов, Бидайкөлден – Сақтапберген Күнтуаров, Жөлектегі – Мақұлбек Рүстемов, Еңбекшідегі – Байдүйсен Оразов, Байтілес Жүсіп, Шиеліден – Нұрмахан Қасымов, Төң­керіс­тен – Әнуарбек Сапақов, берідегі Еңбекшіден – Берікқара Әбдіжапбаров, Бестамнан – Жорабек Қайбұлдаев, Бәйгеқұмнан – Мұсахан Дүйсенов, Шиеліден – Әшім Аманжолов, Серғара Ізтілеуов, Рахым Мауияұлы, Тұрмат Баймағанбетовтер өз ауылдарында, аудан көлемінде әділдіктерімен ауызға ілінген жандар. Біреуге жағар, біреуге жақпас, бірақ халқымыз «Тура биде туған жоқ» деп, тоқетерін айтқан. Бүгінде ауданда аудан әкімдігі жанындағы комиссия ұсынып, мәслихаттың шешімімен берілетін «Құрметті азаматтар» қатары көбейді. Оған қуануымыз керек. Олар несімен, қандай ісімен, нендей жаңалығымен, қайсы жетістігімен, елге, жерге, қоғамға сіңірген халық сүйсінер еңбегімен бе, әлде бұрынғы лауазымды қызметіне ме?..
Әрі қарай көпшілік осылайша айта береді. Айта берсін. Дегенмен, жұрттың сұрықсыз сұрақтарын тыңдаудан ат тоныңды ала қашасың. Біздің айтарымыз, оған кім лайық, сол алсын. Оның несін қызғанамыз. Халық қалаулылары осылай деп шешіп жатса, несі айып? Әділ шешімге сөз де, әңгіме-дүкен де, дау-дамай да жоқ. Билік айту да оңай емес. Өзгеге билік айтатындар мен жоғарыда айтқан билердің паңайында болып жатса, әділдік салтанат құрса, сіз де, біз де тыныш болар едік.
Бірақ, бірақ... Қанша шешен болсаң да,
Дауға салма малсызды.
Қанша батыр болса да,
Жауға салма жалғызды – деген де дана халқымыз емес пе? Төрелігін айтып, қара қылды қақ жарып отыратын бүгінгі ағаларымыз қайда?


Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
05 ақпан 2019 ж. 2 248 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930