БАТА АЛҒАННЫҢ БАҒЫ АРТАР

Назар салсақ, ортамызда сексен мен тоқсанды бағындырған қариялар жиі ұшырасатын болды. Сексендегі қариялардың көпшілігі жас жігіттей желпініп жүрсе, тоқсанға да мұқалмай жеткендер көп. Біздің әңгімемізге арқау ақсақал Бұрхан ата 1924 жылы Шиелі ауданы, «Қызылдиқан» (қазіргі Телікөл) ауылында дүниеге келген. Жастайынан қызу еңбекке араласып Ленин атындағы колхозда бақташы болып жылқы, сиыр, Телікөл совхозында қой баққан. Кейіннен жастық шағы қанқұйлы соғыс уақытына тап келіп, бір-ақ күнде есейіп, ересектермен араласып, «Мойынты-Шу» темір жолын салуға қатысқан еңбекқор кісі ешкімнің ала жібін аттамады, жұмысына адал, айналасына сыйлы болды. Сондықтан, қазыналы қарт бүгінгі бейбіт күнге шүкіршілік қылып, халыққа һәм жастарға, ел азаматтарына тілекші болып отырады. Бүгінде тамырын тереңге жайған әулеттің абыз ақсақалы Бұрқан ата ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырып, перзенттері бүгінде түрлі салада еңбек етуде. Жүзге таяған ғұмыр иесі әңгімесін жаңылмай сабақтап, халын сұрай келген көпшілікке төгіліп бата береді.
– «Күйді мың адам тыңдайды, бір адам ұғады» дейді. Сол секілді, мен айтқан әңгімелердің біреуі болсын ойларыңа сақталып, өмірлік азық болса, мен қуаныштымын. Керектеріңе жаратыңдар. Өнеге іздеп, үлкеннен бата алуға келген қадамдарыңа нұр жаусын, – дейді ол.
Қашанда елдің ниеті, сөзі, ойы бір болуы үшін елді бастай білетін, елі қостай білетін қариялар керек. Сондықтан, ақылы дария қариялардың әрбір сөзі өсиет болмақ. «Қырықтың бірі – Қыдыр» демекші, сөз соңында қолымызды жайып, атадан бата алдық. Жансарайымыздың тиегі ағытылғандай болды:
Ақ батамды берейін Алла деп мен,
Тілектеріңе жетіңдер арман еткен.
Отбасы болыңдар үлгілі ел ішінде,
Өсіріңдер ұл-қызды арлы әдеппен! – деп ақ батасын арнады, бізге.
Нұрай ҚАЛЫШБЕК