Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Асыл ананың өнегелі өмірі

Асыл ананың өнегелі өмірі

«Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деген тәмсіл сөз бекер айтылмаса керек. Үйдің берекесі мен мерекесі, айналасына нұрын шашып жүретін ақсақал аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз барда тәрбиенің қайнар көзі таусылмайды. Осы орайда 1 қазан – Қарттар күні мерекесі қарсаңында әдемі қарттықтың үлгісін көрсетіп жүрген – Айжамал Әбдіхамитқызы жайлы әңгіме өрбітпекпіз.
Халқымызда «Өткенге – құрмет, бүгінге – өнеге» деген қанатты сөз бар. Осы айтылғандай әр халықтың, әр елдің, әр жердің атын шығаратын адамдар болады. Айжамал Әбдіхамитқызы да сондай жарқын адамдардың бірі. Ауданның тыныс-тіршілігіне, әл-ауқатының дамуына үлес қосқан ардақты жан 1945 жылы Шиелі ауданы «Талаптан» ауылдық округінде, қазіргі Бала би ауылында дүниеге келген. Есімі жақсылар мен жайсаңдардың қатарында аталып, абырой биігінен көрініп жүрген анамыз бүгінде 78 жаста.
Еңбек жолын №206 Жиделіарық сегіз жылдық мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беруден бастайды. Бірақ өмірдің ағымымен өзі тұратын Алғабас ауылына тұрмысқа шығып, №157 мектепке ауысады. Сол мектепте табан аудармастан 19 жыл мұғалім болып, 1986 жылдан зейнетке шыққанға дейін мектеп директоры қызметін атқарады.
Кейіпкеріміз қандай салада болсын ел игілігі үшін қызмет істеді. Жастайынан еңбекке араласып, тіршілікте адал еңбек етіп жүрген Айжамал апаның жұмысқа деген асқан жауапкершілігін байқауға болады. Сондай іскерлігі мен турашылдығының арқасында ұжымдастары мен әріптестері арасында, сыйлы әрі беделді болды.
1989 жылы аудандық білім бөлімі өткізген семинарда мектеп ұжымы үздік деп танылып, республикалық мақтау грамотасымен марапатталған. Сондай-ақ бақытын еңбектен тапқан асыл ана Айжамал Әбдіхамитқызының еңбегі елеусіз қалған емес. Атқарылған жұмыс, төгілген маңдай тер еселенді. Аяулы ана, асыл әже мәртебе биігінен көрінді. 2001 жылы «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» медалімен, облыс әкімінің, 2007 жылы облыстық әйелдер кеңесінің алғыс хатымен марапатталса, 2011 жылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына байланысты аудан әкімінің қошеметіне ие болды. Оған қоса Шиелі ауданының 80 жылдығы құрметіне облыс әкімінің грамотасын иеленді. Шиелі ауданының 90 жылдығы, Қорқыт Ата Университетінің 80 жылдығы, Ыбырай Жақаевтың 125 жылдығы медальдарымен және қарттар күніне байланысты облыстық ардагерлер ұйымының алғыс хатымен марапатталған. 2010 жылы Шиелі аудандық «Мейірімді ана» номинациясы берілді. Екі дүркін Жуантөбе ауылдық кеңесінің депутаттығына сайланды. 1990-2022 жылдары Алғабас ауылы Жуантөбе ауылдық округінде әйелдер кеңесінің төрайымы болып, 32 жыл қоғамдық жұмыста еңбек етті.
Ол педагогикалық ұжымды басқарған білікті басшы, іскер ұйымдастырушы ғана емес, ауыл тіршілігіне қатысты түрлі қоғамдық іс-шаралардың да басы-қасында бола білді. 1970 жылдан бастап Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің штаттан тыс тілшісі болып, қаламын қолынан тастамай келеді.
Қашан көрсең де, ұстамды қалпынан таймаған қарапайым да кішіпейіл мінезімен ерекшеленетін Айжамал апамызды қалай мақтасақ та негіз бар. Қоғам мен отбасын қатар алып жүрген асыл анамыз мейірімді әже. Жолдасы Ерболат Садуақаспен 53 жыл отасып, 3 ұл, 2 қыз сүйген. 16 немере 13 шөбересі бар. Балалары жоғары білікті мамандар, түрлі салада қызмет атқарады. Ұл-қыздарына жақсы тәрбие беріп, соның нәтижесінде көпке үлгілі отбасы бола білді.
Бүгінде апамыз зейнет жасына шықса да, жазудан бас тартқан емес. Көп жылдардан бері аудандық, облыстық басылымдарда еңбегі ерен жандарды, қыз-келіншектерге ақыл-кеңес, өсиет қалдырып, қоғамдағы келелі мәселелерге қатысты көзқарасын білдіріп отырады. «Алғабас – алтын бесігім» кітабының авторы екенін айтпай кету мүмкін емес. Айжамал Әбдіхамитқызын Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі.
Уақыттың жүйріктігіне ешкімнің таласы жоқ. Оны бәрі құптайды. Алайда, өткен өміріңе көз жіберген сәтте еленген еңбектің және ізгілікте қалған жолдарды көруден асқан бақыт жоқ шығар, сірә?!

Айнұр ИБРАШЕВА
02 қазан 2023 ж. 202 0