Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Судың да, сушының да мәселесін шешетін кез келді

Судың да, сушының да мәселесін шешетін кез келді

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жолдауында айтылған мәселелерді толық қолдаймын. Су маманы ретінде Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғанына қатты қуандым. Бұл мәселе көпшіліктің ойында көп уақыттан бері жүр еді. Себебі су ресурстары комитетін бір жылдары ауыл шаруашылығы министрлігіне қосса, қазіргі уақытқа дейін Экология министрлігінің қарамағында болып келді.
Қазақта «ортақ өгізден, оңаша бұзау артық» деген сөз бар. Жоғарыдағы аты аталған министрліктердің судан бөлек өз мәселелері жетерлік еді. Судың мәселесін қайдан шешсін?! Осы уақытқа дейін суға тиянақты еге болмай келді. Оған Президент Қ.Тоқаевтың Жолдауында көрсетілген судың 30 пайызы шығын болды, су құрылыстарының 60 пайызы тозды деген сөздері дәлел болады.
Суға қазір жаны ашитын еге болмай тұр. Бұл уақыт талабы. Мен су саласында 41 жыл жұмыс істедім. 1990 жылдарға дейін ҚазССР Су министрлі­гі­нің су мәселесін шешу жөнінде істеген жұмыстарымның бір парасын айтып кетуді жөн көрдім. 1983 жылы облыстық су басқармасының бұйрығымен осы мекемедегі бір маманды және Шиеліден мені Өзбекстан Республикасының Бекабад қаласына іс-сапарға жіберді. Онда Сыр өзенінің арнасына Фархад су қоймасы салынған екен. Біз сол Фархад су қоймасынан төмен түскен Сырдария өзенінің біздің елге келетін суын өлшеу жұмыстарымен айналыстық.
Судың өлшеу нәтижесінің бір данасын Ресейдегі Су министрлігінен келген сол жердегі уәкілге берсек, екінші данасын КазССР Су министрлігіне күнделікті хабарлап отырдық. Біз су өлшеген бір ай ішінде ҚазССР Су министрінің орынбасары А.Бочков бір рет, осы министрлігтің мамандары бірнеше рет келіп, су өлшеу жұмыстарына қатысып, бағыт-бағдар беріп отырды. Сонымен қатар, осы жердегі өзбек, тәжік елінде судың басшыларымен су жөніндегі мәселелерді тез арада шешіп отыратын еді.
Қазақта «кісідегінің кілті – аспанда» деген нақыл сөз бар. Алдағы уақытта судың мәселесін қырғызбен қырғызша, өзбекпен өзбекше сөйлесе алатын іздеуші болу керек деп есептеймін. Баршаңызға Су министрлігі құрылғаны құтты болсын! Бұл салада көп жылдардан бері қордаланып қалған мәселелер өте көп. Сондықтан жаңадан құрылған Су ресурстары министрлігінің осы бағытта жасалатын жұмыстарына өз үлесімізді қосуға асығайық ағайын!

Ә.Сейітов,
Шиелі сушар өндірістік учаскесінің ардагерлер
кеңесінің төрағасы, су саласының үздігі,
еңбек ардагері
25 қыркүйек 2023 ж. 218 0