Шиелінің 88 пайызы ауыз сумен қамтамасыз етілген
Су – тіршілік нәрі. Мына жасыл әлемді сусыз бір сәт те елестету мүмкін емес. Бірақ осы тіршілік көзінің бағасына жетіп, қадірін біліп жүрміз бе? Қазақ «Судың да сұрауы бар» демеп пе еді? Біз қазір аяқ-суды айтпағанда ауыз судың өзіне салғырт қарап, жиі ысырап етіп жатамыз. Оның соңында қанша еңбек жатқанын білеміз бе?
Айналаға көз тастасақ, Оңтүстік Африка жеріндегі құрғақшылықты есті жанның бәрі біледі. Бүгінде бейкүнә сәбилердің бір жұтым суға зар болып, шөлмектің түбін қағып тұрған суреттері әлеуметтік желіде кең таралуда. Соны көре тұрсақ та, суды үнемдеуге келгенде селқостық танытып жатамыз. Қара нәсілділер елін былай қойғанда, ауданда да ауыз су мәселесі жоқ емес. Мәселен, Ақтам, Қызылқайың елді мекенінің тұрғындары ауыз су мәселесін жиі айтып келеді. Сондықтан да ауданды ауыз сумен қамту жұмысының барысын білмекке өндірістік бөлімшеге байланысқа шықтық.
«Жиделі топтық су құбыры», «Нұра топтық су құбыры» ШЖҚ РМК «Арал» СЖКБД филиалының өндірістік бөлімшесі болып табылады. 2006 жылдың шілде айынан бастап өндірістік бөлімше Шиелі ауданының тұрғындарына ауыз су тарату қызметін бастады. Бүгінгі күнде аудан бойынша сапалы ауыз сумен Шиелі кенті мен 19 елді мекен қамтылуда. Сонымен қатар Көкшоқы мөлтек ауданын ауыз сумен қамтамасыз ету және сарқынды суды алып кету қызметін де атқарамыз. 2018 жылдан бастап ауданға қарасты оқшау су көздерімен жабдықталған (ЛСВ) 7 елді мекен қызметімізге қосылды. Сондай-ақ 2023 жылға Жуантөбе және Лесхоз (Ызалы) елді мекендеріне су тұшытқыштар орнатуға қажетті 34 млн 456 мың теңгеге бюджеттік өтінім облыстық бюджеттен қаралуға тапсырылды. Жалпы Шиелі ауданы бойынша 88 процент ауыз сумен қамтамасыз етілген, – дейді.
Ұмытпасақ, жалпы құны 1,2 млрд теңгені құрайтын Тақыркөл бас су қоймасынан Шиелі кентіне дейінгі 34 шақырымды құрайтын екінші су құбырын жүргізуге 45 млн теңге қаржы бөлінген болатын. Ал өткен жылы кент ішінде су құбырлары жүрмеген көшелерге, Бұланбай бауы елді мекенін ауыз сумен қамтуға және су қоймасының ұңғымасын қазу, су мұнарасын орнату, су қоймасы мен ішкі желілерін жүргізу жұмыстарына және Тұрсынбай датқа елді мекенінің ауыз су ұңғымасы, су мұнарасы, су қоймасы және ішкі желілердің құрылысын жүргізуге жоба сметалық құжатын әзірлеуге барлығы 16 млн 919 мың теңге қаржы бөлінген болатын. Аталған жобалар оң шешімін тапса, ауыз суды асыға күтіп отырған елді мекен тұрғындары тұщы суды тұтынатын болады.
Енді ауыз судың төлеміне тоқталсақ. Биыл бір кубтық судың орташа бағасы 439,12 теңге көлемінде бекітілген. Субсидиялау қағидасының 13-тармағына сәйкес, жеке тұтынушы ауыз судың ақысын есептегіш құралмен тұтыну нормативі бойынша тәулігіне 140 литр мөлшерінде жеңілдетілген тарифпен төлейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отырғанын айтып, сондықтан да суды тиімді пайдалануға баса назар аударуды тапсырғаны есімізде. Бұл тек егістік алқаптарына берілетін суды үнемдеу емес, өзіміз күнделікті тұтынып жүрген ауыз суға да қатысы бар. Себебі суды сарқылмас байлық көретініміз жасырын емес. Ысырап қылып төгіп шашқан судың сұрауының бары тағы бар.
Тіпті қазіргі таңда жер шарындағы халық санының өсуі, көпсалалы өнеркәсіп орындарының көбеюі, тіршілік иелеріне қажеттілігі ауамен бірдей тұщы суға деген сұранысты ұлғайтып, әлемде оның тапшылығы сезіле бастады. Сонымен бірге тұщы су тапшылығына жер бетіндегі өзен, көлдердің ластануы салдарынан табиғи қордың азаюы тікелей әсерін тигізуде. Әлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бүгінде 3 миллиардқа жуық адам сапасыз ауыз суды пайдаланады, дамушы мемлекеттердегі аурудың 80 проценті таза ауыз судың жеткіліксіздігінен. Таза ауыз су мәселесін әрбір мемлекет өздерінше шешуге тырысады. Мұнайға бай Сауд ¬Арабиясына таза су ұшақпен Жаңа Зеландиядан әкелінсе, Голландия мен Жапон еліне су Норвегиядан жеткізіледі. Гонконг құбыр арқылы суды Қытайдан тасымалдаса, Африкадағы кейбір тайпаларда әйелдер күні бойы құмды елеп, небәрі 1-2 литр лай суды жинауға мәжбүр.