Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ең қымбат ресурс – су

Ең қымбат ресурс – су

«Судың да сұрауы бар» деген тәмсілді енді ғана түсінгендейміз. Сырдың суы сарқылып, табаны көрінуге шақ қалды. Арнасына сыймай жататын ерке Сырдың ертеңі үшін алаңдамасқа болмас. Осы мәселе бойынша кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігінің Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан ­Алдамжаровпен кездесті. Басқосуда өңірдегі су тапшылығы жағдайын болдырмау үшін бірлескен Жол картасын қабылдауға қажетті ұсыныстар ескеріліп, ортақ мәселелер талқыланды.
Тарихтан сыр тартсақ, сонау ұлы жау­­лаушы Ескендір Зұлқарнайынның көзін көріп, Ұлы Жібек жолы керуендерінің ізі қалған «Сырдария» өзенінің атауы парсы тілінен енген. Ежелдегі мұсылман жазбаларында өзен жұмақтағы төрт өзеннің бірінің атымен «Сейхун» деп те аталған. Ал, ХХ ғасырға дейін өзен «Яксарт» атауымен белгілі болған. Орта Азиядағы ең ұзын өзеннің ағысы Қырғызстанның таулы аймақтарында қалыптасып, Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстан аумағы арқылы 2212 шақырым жерді басып өтіп, Арал теңізіне құйылады. Демек, Сырдың суы тартылса, Аралдың жайы адам аярлық күйге түседі емес пе?
Мәселенің түп-төркіні алдымен транс шекаралық өзендерге тірелмек. Саралап қарар болсақ, еліміздегі суы мол, ұзын аққан өзен атаулының дені бас­тауын сырттан алады. Іле мен Ертіс Қытайдан келсе, Сырдарияның басында Өзбекстан мен Қырғыз Республикасы отыр. Жайықтың бастауы – Ресей жеріндегі Орал тауында. Сондай-ақ Шу өзені де Алатау асып жетеді. Бұлар – еліміздегі негізгі су көздері. Ертістің суы азайса, Зайсан көліне, Іленің суы азайса, Қапшағай мен Балқашқа, Жайықтың суы тартылса, Каспий теңізінің ертеңіне зиян келмек. Ал Сырдың суы дария бойын жайлаған тұтас аймақ пен беті бері қарай бастаған Аралға қауіп төндірмек.
«Су – тіршілік көзі» десек, Сыр елінің негізгі тыныс-тіршілігі егінге толы алқабы. Алайда, соңғы 3-4 жылдың көлемінде су тапшылығы сезіліп, ауыл шаруашылық саласына өзгерістер алып келді. Өткен жылы вегетациялық кезең күрделі су тапшылығы жағдайында өткенін атап өткен облыс басшысы Шардара су қоймасына түсіп жатқан судың көлемі егіншілерді алаңдатып отырғанын тілге тиек етті.
- Егер, Шардараға келетін судың көлемі көбеймесе, вегетацияға дейін Шардара су қоймасын ғана толтыру мүмкіндігі болады. Ал, Көксарай су реттегішіне су мүлдем жиналмайтын қаупі бар. Бұл жағдайда күріш егісінің көлемін қысқартуға мәжбүрміз. Қазір шаруашылықтар егістікке дайындалуға кірісті, тұқым, тыңайтқыш дайындау, егіс алқаптарын жоспарлау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні Жаңақорған ауданының 30 мың гектар егістігін кепілді сумен қамтамасыз ету үшін Сырдария өзенінде су тоспасын салу мәселесі өзекті болып отыр. Жалпы су тапшылығының алдын алу үшін Жол картада қаралған жобаларды іске асыруға Министрлік көмек береді деп сенеміз, – деді Гүлшара Әбдіқалықова кешегі өткен басқосуда.
Ахуалды сараптай келе суды үнемді әрі тиімді пайдалану мақсатында «Қызылорда облысының су тапшылығы жағдайында елді мекендерді суармалы сумен қамтамасыз етуге және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған бірінші кезектегі жобаларды іске асыру жөніндегі Жол картасы» жобасы әзірленіп, Үкіметке ұсыныс жолданды.

Су дағдарысынан үнемдеу ғана құтқарады
Бір қарағанда су ағыл-тегіл тегін жатқан дүниедей көрінетіні рас. Сондықтан шығар, санамызда арзан затты «судай тегін» екен деп сипаттап жатамыз. Бірақ кейінгі уақытта бұл түсініктен арылатын кез келді. Өйткені келешекте ауқымы кең жанжалдар су жетіспегеннен басталуы мүмкін дейді сарапшылар. Сондықтан суды үнемдеу, тиімді пайдалану мәселесі алдыңғы орында.
Естеріңізде болса, «Су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне жеке тоқталып өткім келеді. Бұл күрделі болғанымен, шешімдері мемлекет экономикасы мен ұлт денсаулығына айқындаушы ретінде ықпал ететін күрделі әрі стратегиялық маңызды мәселе. Мәселемен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі айналысады. Су ресурстары проблемасымен айналысатын өзге қандай да бір ­ведомство құрылмайды. Осыған сүйеніңіздер!» деп тапсырған болатын Президент.
Кездесуде Президент тапсырмасына сәйкес су қоймаларын салу мәселелері де сөз болды. Өңірде 775 млн текше метр су жинайтын Қараөзек арнасында су қоймасы салынады. Жобаның жалпы құны 1,9 млрд теңге. Республикалық бюджет есебінен жобаның жобалау сметалық құжаттамасы әзірленген. Енді жобаның жобалау сметалық құжаттамасына мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынған соң құрылысы басталады.
Сонымен қатар басқосуда аймақ басшысы қашыртқы суды қайталама пайдалану үшін Қазсушар мекемесіне 67 насос қондырғысын алып беруге қаржы бөлу шұғыл шешілуі тиіс екенін жеткізіп, облыс бюджетінің мүмкіндігіне қарай қаржы қарастырылып жатқанын тілге тиек етті. Яғни, биыл қазынадан 20 канал тазалау мен елді мекендерге 23 насос қондырғысын алып беруге қаржы бөлінеді. Комитет төрағасы ортақ мәселелерді талқылау нәтижесінде биыл вегетациялық кезең қиын жағдайда өтетінін айтып, шаруашылық құрылымдарды суды үнемдеп пайдалануға шақырды.
– Судың тапшы болуының ең бірінші себебі климаттық факторларға байланысты. Болжаммен қарағанда, биыл өткен жылғыдан да судың аздығы байқалады. Бұл үшін арнайы каналдарды тазалау, насостық станцияларды орнату ісіне мән береміз. Күрделі кезеңнен шығу үшін облыста арнайы Жол картасы әзірленіп отыр. Бүгінде арнайы техникалық кеңес өткізіп, вегетациялық кезеңде атқарылатын іс-шараларды талқылаудамыз. Сондықтан, шаруашылықтар қалыптасқан жағдайға түсіністікпен қарап, егін көлемін бар суға болжамдап, суды аз қажет ететін дақылдарға көшу керек, – деді Нұрлан Алдамжаров. Осылайша Сырдың суын саралаған басқосудың соңы суды үнемді пайдалану қажеттігімен түйінделді.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
01 ақпан 2022 ж. 725 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930