Ежелгі Жөлек атауы қалай пайда болған?
Ықылым заманнан бері Яксарт, Сілеті, Сейхун, Інжу аталған Сыр суы қазір «Сырдария» деп аталады. Арабтар болса дарияның буырқанып-бұрсанып, долданған кейпін көріп Ан-Нахр (жойқын өзен) деген атау берген. Жергілікті халық әлі күнге дейін дарияның қалған ескі арналарын сол арабтар атаған атау негізінде «әнәһәр» деп атайды. Десе дегендей Сыр суы белгілі бір уақытта өз арнасын үнемі өзгертіп отырады. Өзеннің жағасында қалың, жиде, жыңғыл, шеңгел, тораңғыл, ешкітал өскен. Қалың өскіннің арасына қырғауылдар ұя салып, балапан өргізеді. Тораңғыл басына қырғи, мықи, қаршыға ұя салады. Тин-тин деген мұңлы бір дыбысты естісеңіз, жақын маңда құрқылтайдың да ұясы бар деген сөз. Олардан басқа қарға, көкқарға, көкшымшық, тоқылдақ, бұлбұл, сарышымшықтарды кезіктіруге болады. Тоғайдың қойнауына қызыл мия, қамыс өседі. Дариядан ұзаған сайын жантақ, қарабарқын, сексеуіл, жабайы шие кезігеді. Құм беткейлеріне тырмысып, қисық-қыңыр өскен тораңғыл тоғайларымен жүзген қоянсүйек бұталары ұшырасады. Аралары толған қояндардың мекені. Құм бетіндегі майда өскін қоңырбас, раң, қызғалдақ, сарғалдақтардың арасы қоян жымынан көз тұнады. Ал түлкі, қарсақ, шибөрі, мәлімдер болса осы қояндарды аңдиды.
Дариядан солтүстікке қарай он бес шақырымдай жерде Шиелі өзені солтүстік батысты бетке алып ағып жатыр. Осы өзен Бәйгеқұм елді мекенінің тұсында бұрылыс жасап, оңтүстік батысқа қарай ағады да, Мәмек деген жерге жақын келіп, солтүстік батысқа қарай жөңкиді. Жөлек елді мекенінің ортасымен өтіп, дарияға құяды.
Ертеде сонау IX-X ғасырларда дария осы Шиелі өзеннің арнасымен аққан. Сол замандарда тасыған дария суы қазіргі Бәйгеқұм ауылының тұсындағы бұрылыста арнасына сыймай, төмен қарай лек-лек ағып жататын болған. Оны көрген жұрт «Мына судың лек-лек ағуын-ай» деп таңдана, тамсана қарайды екен. Содан жер лек-лек ағатын жер атанып, су «лек-лек», «су-лек», «жу-лек», «жөлек» деген атау содан пайда болған деседі.
Мен бұл әңгімені дала академигі атанған ғұлама ұстаз Мінәт Қалдыбаев ақсақалдың аузынан естіген едім. Негізі сол атау дұрыс сияқты. Себебі сол су ағатын жолда кесе көлденең канал қазылған және тас жол салынған. Әсерінен сол жерлерді ыза басып, жылда көлшіктер пайда болады. Қоныс тепкен ауылдың біраз тұрғыны үйлерін бұзып алып, қырға көшті. Себебі отырған жерлерін жылда ыза басады екен. Аумақтың бәрі су жолы болды деген сөз. Демек сол арамен су лек-лек ағатыны рас болғаны. Егер олай болса Жөлек атауына сол лек-лек аққан ағын судың қатысы бар-ау деп топшылаймын. Қалай болғанда да Жөлек деген сөздің өзі көз алдыңа лек-лек аққан суды елестетіп тұрған жоқ па? Ендігі қалғанын ағайын өздері шешер.
Абай Жүрсінбайұлы,
Ортақшыл ауылы