Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Экологиялық апат қаупі төніп тұр

Экологиялық апат қаупі төніп тұр

«Жұт жеті ағайынды» деген қазақ соның жетеуінен де зардапты шегудей-ақ шекті. Сонау ашаршылықтан әзер аман шығып, Отан қорғау жолында соғысқа да аттанды. Небір індетті де көрді. Енді келіп, табаны көрінуге сәл-ақ қалған Сырдарияның жайын қосыңыз. Биыл еліміздің 2 өңірінде қуаңшылық болды. Жайық пен Сырдың суы бұлай тартыла берер болса, экологиялық апат қаупі төнуі мүмкін дейді мамандар. Бұл мәселені ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Сенат ­отырысында көтерді.
– Сырдария және басқа да шекаралас өзендер бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бірақ шешім тек қазақстандық тарапқа ғана байланысты емес. Егер Сырдария туралы айтатын болсақ, онда бұл Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстанмен де байланысты. Мен жуырда ғана Тәжікстанда болдым, онда Тәжікстан мен Өзбекстанның су ресурс­тары министрімен кездесіп, жақын арада – қарашадан кешіктірмей осы жағдай бойынша тағы да келіссөздер жүргіземіз деп келістік, – деді С.Брекешов сенат ­отырысында.
Негізі еліміздің су балансына зер салсақ, 90-100 текше шақырым болады екен. Ал, оның 50 процентке жуығы сырттан келеді. Яғни, Орталық Азия, Қытай, Ресей елдері бар. Сондықтан, су мәселесі оң шешім табу үшін көршілердің көңіліне елеңдеп отырғанымыз жасырын емес. Экология министрінің айтуы бойынша Жайықтың да жағдайы өте күрделі. Министр ресейлік мамандармен бірлесіп тығырықтан шығар жолды табуға тырысып жатқандығын жеткізді.
Еске сала кетсек, 1995 жылдың 30 қаңтарында БҰҰ Бас Ассамблеясы 17 маусымды «Дүниежүзілік қуаңшылық пен шөлейттенуге қарсы күрес күні» ретінде атап өту туралы шешім шығарды. Себебі, қуаңшылық пен шөлейттену әлемде жыл сайын ауылшаруашылық өнімдерін 42 миллиард доллар көлемінде шығынға ұшыратады екен. Дегенмен, құм ортасындағы араб елдерінде шаруалар тұщы суда өсетін шөп тұқымдарын егіп, мал ұстайды. Еуропада жер аз, бірақ олар да мал өсірудің әртүрлі амалын ойластырған. Ал, төрт түлігі төскейде қосылған қазақ елінде биылғы жылғы қуаңшылықтан қаншама мал көз алдымызда қырылып қалды. Ақ маржанымен әлемдік рекордты жаңартқан Сыр өңіріндегі егістік алқабының танабы жыл сайын тарылып барады. Адам түгілі атан бойламайтын Сыр-Ананың суы сарқылып қала ма деген үрей әрбірінің көкейінде сайрап тұр, бүгінде.
Жыл басынан бері мұраптар аяқ судың аздығын айтып келеді. Осыған байланысты биылғы жылы Шиелі ауданындағы күріш алқаптарының аумағы да азайтылды. Мейілінше, суды көп қажет етпейтін дақылдарды егуге ден қойды. Дегенмен, бұл аяқ су тапшылығын шешудің тиімді жолы болмай тұр.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
22 қазан 2021 ж. 716 0