ҚОС АУЫЛДЫҢ ШАШУЫ
Жұма күні ауданда «Туған елге тарту» атты ауыл күндері фестивалі өз жалғасын тапты. Шара аясында Жиделіарық, Бәйтерек ауылдық округтері өнерлерін көрсетіп, арнайы көрмелер ұйымдастырды. Халыққа ерекше көңіл-күй сыйлады.
Жиделі ауылы – шайырлар мен ақындарды тудырған құтты мекен. Бұл ауылда талантымен талайды тамсандырған өнерпаздар жетерлік. Атап айтар болсақ, облыстық, республикалық, халықаралық ақындар айтысының жүлдегері Е.Әміров, Б.Ержігіт, елімізге танымал жазба ақын А.Оралбай және ақындық өнерді шығармашылық қуат пен шынайы таланттың биік өлшемімен байланыстырған Р.Жолтаев пен Д.Асхатқызы бар.
Мерекелік шараға келген қонақтар Жиделіарықтың ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп өнімдері, қолөнер бұйымдары мен қазақтың ұлттық тағамдарының көрме-жәрмеңкесін аралады. Ауылда жасалған кілемдер, маталар, шиден жасалған сәндік бұйымдар және ат әбзелдері ұсынылды. Сонымен қатар жәрмеңкеге орналастырылған жеміс-жидектер,көкөністер,омарта шаруашылығы мен кондитерлік өнімдер, аудан тұрғындарының қызығушылығын арттырғаны рас.
Ауыл жастары фестиваль аясында әуезді ән шырқап, күмбірлете күй орындады. Ерекшелігі сол, мерекелік кештің ұйымдастырушылары да, ауылдан келген көрермендер де жаппай қазақтың ұлттық киімдерін киіп, шараның сәнін келтірді. Ұлттық киім киіп баруды ауылдың ақ жаулықты аналары қолдаған. Бұл идеяны ауыл жұртшылығы да жаппай қабылдаған.
Тағы бір айта кететін жайт, бағдарлама ұйымдастырушылары кәріс, өзбек сынды ұлт өкілдерінің де дәстүрлі киімдерін киіп, ұлттық тағамдарын дайындап келген. Бұндай көріністердің өзіндік сыры бар. Қазақ халқы өткен ғасырдағы қилы замандарда сан ұлтқа сая болғаны белгілі. Соғыс жылдарында Қызылорда облысына майдан ортасынан мыңдаған адам эвакуацияланды. Эвакуацияланғандардың біршама бөлігі Шиелі ауданына да қоныстанды. Көшіп келгендердің басым көпшілігі өзге ұлт өкілдері еді. Олар «Бәрі де Отан үшін» деп ұрандатқан облыс еңбекшілерінің қатарына қосылып, аудандағы өнеркәсіп орындарына жұмысқа орналасты. Егін егіп, қамбаға жиналған алтын дәнді тылдан майдан даласына жөнелтті. Дәл солай, сахнада кәріс ұлтының образын көрсеткен өнерпаздар сонау қиын замандағы қоныстандыру, еліміз тәуелсіздік алған соң ұлттар арасындағы мызғымас достыққа, ажырамас ағайындыққа ұласқанын насихаттап, тарихты бір сәт еске түсірді.
Шиелі ауданының құрылғанына 95 жыл толуына тарту ретінде Жиделіарық ауылының тумасы, жас ақын Аружан Оралбайдың сөзіне жазылған, Үкітай Ерниязовтың «Айналдым сенен, Шиелім» атты жаңа әннің тұсауы кесілді. Онымен қоса, танымал музыкант - сазгер Өркен Исмаилдың «Шиелім» атты әні шырқалып, заманауи хит әндер де орындалды.
Тағылымы мол фестивальде Бәйтерек ауылдық округінің тұрғындары да қалыс қалмады. Ауыл өнерпаздары әннен шашу шашып, мың бұралған бишілер мен жас спортшылар өнер көрсетті. Ауыл әжелерінің дайындаған әндері де халықты тамсандырды. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін көрмелер, ауылдың таза өнімдерінен тағамдар, көне тарихтан киіз-текемет, кебеже сандықтар қойылды. Ауылдың өзгешелігі, Шиелі ауданының брендіне айналып үлгерген «Жаннұр құрт» өнімінде. Байқасақ, бұл өнімді біз өлкенің барлық азық-түлік дүкенінен көреміз.
Сондай-ақ, сұранысқа ие болып жүрген тоқыма бұйымдары, сол киіз үйдің әшекейлері, темірден түйін түйген ұсталардың қолынан шыққан әртүрлі жарақтар мен тұрмысқа қажетті заттар ұйымдастырылды. Ауылдан шыққан республикаға танымал 12 Социалистік Еңбек ерлері туралы және құрметті азаматтары туралы фотокөрме де көпшілікке ұсынды.
Айнұр ИБРАШЕВА