Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шахматтан турнир өтті

Шахматтан турнир өтті


Шахмат – ақыл-ойды дамытатын спорт түрі. Адамның бәсекеге қабілеттілік қасиетінің дамуына бұл ойынның пайдасы өте көп. Соңғы уақытта аталған спорт түрі ел ішінде жыл сайын жоғары деңгейде өткізіліп келеді. Шиелі спортшылары да одан қалыс қалған емес.
Осы ретте, Қазақстан Республикасының Конституция күніне орай Жастар ресурстық орталығында «Семізбай-U» ЖШС-нің кубогіне арналған шахмат турнирі өтті.
Турнирдің ашылуына аудан әкімінің орынбасары Алмат Алдабергенов, Шиелі кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Күлімбетов, «Семізбай-U» ЖШС-нің Иіркөл филиалы директоры, аудандық мәслихат депутаты Мұқанбетжан Салқынбаев, қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев пен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Турнирге аудандық мәслихат төрағасы Айтбай Жандарбеков қатысып, қатысушы спортшыларды Конституция күнімен құттықтады.
– Әрбір Қазақстан азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгін де әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнеге. Ата Заңымыз бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын айғақтайды. Қазақстан жерінде тұратын барлық азаматтардың теңдігі – біздің Отанымыздың табысты дамуы мен өркендеуінің басты кепілі. ­Конституцияны қабылдау кезінде жүргізілген референдум егеменді еліміздің дербестігі мен саяси тұрақтылығын сипаттаған бірден-бір тарихи, әлеуметтік маңызы зор құжатқа айналды, – деді.
Жарысқа қатысушы азаматтар Конституция күніне орай ұйымдастырылып отырған шараға алғыстарын жеткізді. Тартысты өткен турнирге 28-ге жуық ер азамат қатысты.

Дархан Байтілес
04 қыркүйек 2023 ж. 104 0