Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Балықтан береке тапқан

Балықтан береке тапқан

Балық шаруашылығымен дүниежүзінде Жапония, Қытай, АҚШ, Чили, Перу және Ресей елдері көптеп айналысады. Шаруашылықтың бұл түріне біздің елде де қызығушылар қатары көп. Солардың бірі – кәсібін қолда бар қаражатымен бастап, дөңгелетіп отырған Нартай ауылының тұрғыны Сүйіндік Аманжолов.
Ғылым мен технология дамыған заманда балық ұстау әдістері де ілгері дамып келеді. Мұнан бөлек, балықты уылдырықтан шығарып, қолдан жасалған көлдерде өсіру жолдары да қолға алынған. Ауданда балық шаруашылығын кәсібіне айналдырған Сүйіндік ақсақал бүгінде жетпістің желкенін тартқан. Зейнетке шыққанға дейін №156 Н.Бекежанов атындағы мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ берген. Кейін қолы қалт еткен тұста өзгеге алақан жаюды жат көріп, балалары және немерелерімен бірге балық шаруашылығын бастаған. Қарттық келсе де әлі де қылаң бермеген кейіпкеріміздің аяқ-қолы жылдам, өз ісіне мығым, ширақ көрінеді.
Еңбекке ден қойған еңбексүйгіш Сүйіндік Аманжолов 2000 жылы «Сүйіндік» шаруа қожалығын құрады. Көргенін тәжірибемен ұштастырған ол 2007 жылы облыстық жергілікті резервтегі су айдындарының конкурсына қатысып, «Қарақұм», «Домалақ» көлдерін жеңіп алады. Шаруа қожалығы күріштіктегі балықтарды аман алып қалу мақсатында көлдерге жіберіп, сақтап отырады. Балық өсіруді осылай бастаған отбасы кәсібін бірте-бірте ұлғайта береді. 2012 жылы Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігінің «ҚазАгроИнновация» акционерлік қоғамы «Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС «Балқаш» АӨК саласындағы білім тарату орталығында отбасымен бірге балық аулаумен кәсіби түрде айналысу үшін, осы даярлық курсынан бірнеше мәрте өтеді. Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Даму» кәсіпкерлікті қолдау орталығының арқасында 3 млн теңге қайтарымсыз несие алып, инкубациялық аппарат, вейс, тірі балық тасымалдайтын автокөлік, контейнерлер алып, өз жұмысын одан әрі жандандыра түсті.
– 2007 жылы ақпарат көздерінен резервке көл беріледі деген жаңалықты естіп, тәуекелге бел байлап, конкурсқа қатыстым. Асығым алшысынан түсіп, екі бірдей көлге ие болдым. Олар Нартай ауы­лына жақын орналасқан көлемі 15 гектар «Қарақұм» мен жер аумағы 70 гектар болатын «Домалақ» көлі. Жеңімпаз атанған жылдан бері осы «Домалақ» көлінің бір бөлігін демалыс орнына айналдырып, халықтың пайдасына жаратып отырмын. Ал 2014 жылы тағы да Жаңақорған ауданы, Төменарық елді мекенінде орналасқан аумағы 70 гектар болатын «Қалғандария – 3» көлін ұтып алдым. Балық өндіру кәсібімді одан әрі дамытып, нарыққа шығарып келемін. Бізге қыркүйек, қазан айлары балық аулауға өте оңтайлы уақыт. Өйткені, балық осы айларда көп салмақ қосады. Сондықтан біз аталған екі айда жаппай балық аулауға шығамыз. Қазіргі уақытта қожалықта 3 млн 300 мыңға жуық шабақ тоғанда өсірілуде, – дейді кәсіпкер.
Жұмысты жүйелі түрде жолға қойған отбасының бүгінгі кәсібі көз қызығарлықтай. Біз сөз етіп отырған шаруа қожалық биылғы маусымда 3 миллионнан астам шабақты өсіріп, аудан тұрғындарын балықпен қамтамасыз етіп отыр. Тағы айта кетерлігі, Сүйіндік Аманжолов өзінің тынымсыз еңбегінің арқасында БҰҰ-ның «Шалғайдағы елді мекендерді дамыту және балық шаруашылығының» арнайы бөлінген қайтарымсыз грантына ие болған. Кәсіпкер алдағы уақытта балық өсірумен ғана шектелмей, оны өндіруді де көздеп отырғанын жасырмады.
– Балық етінің адамзат баласына пайдасы көл-көсір екенін медицина мамандары да үздіксіз айтуда. Бір адам норма бойынша жылына 14 келі балық етін тұтынуы қажет екен. Өйткені балықтың құрамында 20 түрлі амин қышқылы бар, оның сегізі адам өмірі үшін өте қажетті зат болып табылады. Балық бір жағынан байлық. Кез келген жерде балыққа деген сұраныс жоғары. Қазіргі уақытта балық бағасы аспандап тұрса да, ойланбастан алатындар бар. Алайда ауланған олжаны өңдейтін кәсіпорындардың жоқтығы, заңсыз балық аулаушылардың азаймай отырғаны тағы басқа себептер салдарынан экспорт түгілі өзіміздің нарық та балықпен толық қамтамасыз етілмей тұр. Сондықтан болар жаз аяқталса да, аудандағы балық бағасы аспандап тұр, – дейді Сүйіндік Аманжолов.

P.S. Осындай ауқымды жұмысты қолға алған кәсіпкерге қашан да қолдау қажет. Қазіргі уақытта ауласындағы қолдан жасалған көлде балық асырап, қаз-үйректерін баптап, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған жандардың қатары санаулы десек те болады. Ал бүгінде ел экономикасын алға сүйрейтін сала көп. Тек көзін таба білсек, мемлекеттің алға жылжуына айтарлықтай сеп болары белгілі. Сондай салалардың бірі – балық шаруашылығы екенін назарда ұстап, осы саланың санаулы жандарына мемлекет тарапынан тағы да қолдау көрсетілсе нұр үстіне нұр болар еді.


Дархан Байтілес
28 тамыз 2023 ж. 326 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930