Жатжерлік жайын
Шиелілік кәсіпкер жайын өсіруде. Жайын болғанда, сіз бен біз көріп жүрген дарияның балығы емес. Бұл тұқым жатжерлік. Дұрысы, африкалық балық. Сол материктен бөлек, оңтүстік және оңтүстік-шығыс Азиядағы өзен-көлдерде тіршілік ететінге ұқсайды.
– Біз жайынның осы тұқымын Өзбекстаннан алдырып отырмыз, – деді Мейрамбек Қалиев есімді кәсіпкер. – Расымен көрші мемлекетте тоғанды балық шаруашылығы өте жақсы дамыған. Біз жайынды ол жақтан шабақ кезінен алдыртамыз. Былтыр тамыз айында ауданға қарасты Бидайкөл ауылындағы үй ауласына орналасқан арнайы қауызға 2500 жайын шабағын әкеліп, өсіруді бастап кеттік. Көбіне-көп жергілікті тұрғындарға әлі де бұл балық таңсық. Ал өсірем деушілерге көл-көсір табыс. Өйткені, жыртқыш балық санатына келетін жайын тым тез салмақ жинайды. Күтімі мен бағуы дұрыс болса, алдағы жаз мезгілінің соңына дейін әр шабағы 3 келі болады. Сол кезден бастап Қытай еліне экспортталады.
Мейрамбектің айтуынша, африкалық жайын суыққа төзімсіз. Шабақтарды +22-28 градус аралығындағы температурада ұстаған дұрыс. Шыны керек, бұл тұқымды Сыр бойында жерсіндіру тиімсіз. Одан да көктем басы мен жаз соңына дейін бағып, сырт елдерге экспорттаған жөн.
– Әлгінде айтқанымдай, суық суда бұлар қырылып қалады. Өзбекстанда ауа райы жылы болған соң көптеп өсіретіні де сол. Бұйыртса, алдағы сәуір айының соңында 30 мың шабақ әкелмекшімін. Тапсырыс беріліп қойды. Ауыл әкімдігімен келісе отырып, шағын тоған шаруашылығын құрмақпыз. Келген шабақтар күзге дейін сонда өсіріледі. Негізінен африкалық жайын бассейннен гөрі, батпақты су қоймаларында тез өседі. Ал арнайы балық жемін Алматы қаласынан алдырып отырмын. Салмағы үш келіге жеткен соң экспортқа шығарамыз. Алдағы уақытта балық шаруашылығымен айналысуға ниеті бар азаматтарға африкалық жайынның шабақтарын сатуға дайынбыз, – дейді кәсіпкер.
Айтпақшы, кәсіпкер тоған шаруашылығы құрылған соң жергілікті ауыл тұрғындарын да жұмыспен қамтымақ. Сондай-ақ Өзбекстандағы әріптестерімен арнайы келісім-шарт негізінде уылдырық шайқау цехын іске қосу жоспарланған. Цех жұмысы басталса, африкалық жайыннан бөлек, басқа балық түрлерін өсіру қолға алынады.
Мамандардың пікірінше, біздің елде балық тағамдарын тұтыну өте төмен. Мысалы, бір адам жылына 4,5 келі балық жеу керек болса, бүгінде әрбір қазақстандық жарты келі төңірегінде ғана балық өнімдерін тұтынады екен.
Үкімет балық шаруашылығын дамытудың 2020-2030 жылдарға арналған арнайы бағдарламасын қабылдағаны белгілі. Іле-шала Премьер-министрдің тапсырмасымен Қызылорда облысында да осы жылдарға қатысты өңірлік бағдарлама әзірленіп, облыс әкімдігінің 2020 жылдың 30 қазанындағы №127 қаулысымен бекітілді.
Бағдарламаға сәйкес, біздің өңірде 2020-2030 жылдары, яғни 10 жыл ішінде 16 шарбақтық және 12 тоған шаруашылығы құрылып, 3 тұйық жүйелі сумен қамтамасыз ету құрылғысы (қауыз) іске қосылуы тиіс. Сондай-ақ тауарлы балық өсіру шаруашылықтарының санын 55-ке жеткізу жоспарланған.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы берген мәліметке сүйенсек, бүгінде облыста 1 тұйық жүйелі сумен қамтамасыз ету құрылғысы іске қосылып, 6 тоған шаруашылығы жұмысын бастаған. Бұдан бөлек, 70-тен аса көл-тауарлы балық шаруашылығы бар.
Ержан ҚОЖАС