Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі

ШАБЫТ


Менің Өскенге деген ағалық сүйіспеншілігім оның кереметтей өнерінің арқасында туған еді. Қара торы сымбатты жігіт қай кезде болсын жымия амандасып, өзінің сыпайы, мәдениетті, сабырлы қалпын сақтап, музыка тілімен айтқанда мажорлық көңіл-күйін сездіретін. Мен оның аудандағы бірден-бір білікті музыка маманы екенін өзіне жеткізіп, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Әшімхан Оспановқа айтып, мәдениет үйіндегі кезекті бір концертте Өскеннің баянмен сахнаға шығып өнер көрсетуін сұрағаным бар. Недеген қарапайымдылық. Сахнаға өтінішімізбен әрең шықты. Ол баян аспабында «Турецкий марш» (Рондо) шығармасын орындағанда, зал толы көрермен сілтідей тынған болатын...
Онан бері де оншақты жыл өтіп кетіпті. Сол кездегі сылаңдаған, жалынды жас Өскен де қырықтың қырқасына шығып, байсалды, байыпты, ұлағатты ұстаз атанып, аудандық балалар әуез мектебінде баян сыныбынан сабақ беріп келеді екен. Жақында жолығып, оның өмірлік ұстанымын да білдік. Өскен: «Орташа мұғалім баяндайды, тәжірибелі мұғалім көрсетеді. Ал, ұлы мұғалім шабыттандырады» – деді әдемі күлкісін созыңқырап. Десе дегендей, баян аспабында шабыттанбай ойнау, шабытың келмей тарту мүмкін емес. Домбыраның қос құлағын күй ойнауға саздағандай, баянға да шабыт, бап керек. Менің байқағаным, Өскен кез келген баянда ойнамайды. Себебі, жақсы, тәуір баян­дар да шабыт шақырады. Оның академиялық аспапты жандауының өзі – Өскеннің жоғары музыкалық білімін, талғамын көрсетеді.
Өскен Серікбайұлы Ш.Қодаманов ауылының тумасы. Осындағы №158 орта мектептің түлегі. Әкесі Серікбай баян тартқан адамды жақсы көріп, баласының да осы аспапта ойнағанын қалапты. Баян тартуға бейімділігін танытқан кішкентай Өскенін аудандық музыка мектебіндегі баян сыныбына беріп, (оқытушысы бүгінгі аудандық әуез мектебі директорының орынбасары, танымал музыкант Мақсұт Досжанов) баласының белді баянист болуын қалайды. Өскен әке ойынан шығып, арманның асқар шыңынан көрінді. Аудандық әуез мектебіне ауылдан қатынап, бес жыл дәріс алған ол, мектеп қабырғасында жүріп-ақ облыстық «Жас музыканттар» байқауының жеңімпазы болады. 1984-1988 жылдары Қызылорда қаласындағы музыкалық училищені баян сыныбы бойынша бітіреді. 1987 жылы республикалық студенттер арасындағы конкурсқа қатысып, дипломант атанса, республикалық «Жігер» фестиваліне қатысып, өнер биігінен қол бұлғады. Кеңестер одағының әскер қатарында жүріп, Киров қаласындағы үрмелі аспаптар оркестірінің (духовой) құрамында борышын өтейді. 1990-1994 жылдары Ш.Қодаманов ауылындағы №3 балалар әуез мектебінде еңбек жолын бас­тайды. 1994-1996 жылдар аралығында Қызылорда музыкалық училищесінде оқытушы болады. Отбасылық жағдайына орай ауылға қайта оралған Өскен 1996 жылдан бері аудандық әуез мектебінің бетке ұстар ұстазы. Білікті маман, дарынды музыкант, баян аспабында ойнаудың хас шебері. Үш жылда бір облыста жас музыканттардың аспаптарда орындаушылық конкурсы болып тұрады. Өскен Қалымбетовтың шәкірттері де бұл байқаулардан құр алақан емес. 1994 жылы «ХХХVІІІ-ші жас музыканттардың облыстық конкурсында» оның үш бірдей шәкірті Сағадат Қалымбетов, Алма Бижанова ІІ орын алса, Маржан Садықова ІІІ орын алды. 2000 жылы өткен ХХХХ-шы конкурста Ләззат Төлеуова деген оқушысы ІІІ орынға ие болды. Сондай-ақ, 2006 жылы шәкірті Сырым Құрманов ІІ орын алса, 2009 жылғы ХХХХІІІ-ші конкурста Айдар Мақсұтұлы атты оқушысы ІІ орынды иемденді. Өскен шәкірттерін тәрбиелей отырып, өзін де шыңдай түседі. 1996-2008 жылдары мұғалімдер арасындағы облыстық «Наурыз шапағаты» өнер фестивалінің лауреаты атанса, 1999 жылы облыстық «Ойна, сырнай» («Играй, гармонь») конкурсында бас жүлдені жеңіп алды. Өнерлі Өскен Айгүлдей сүйікті жарымен 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отырған қадірлі әке. Отбасының берекесі Айгүл «Айналайын» балабақшасында тәрбиеші болып қызмет етеді. Жарасқан жұп көршілерінің де құрметтісі.
Өскен үстіміздегі жылы өтетін облыстық конкурсқа да Әлібек Құлахметов, Ерлан Орынбасаров, Серік Орынбаев секілді талантты шәкірттерін даярлап жатқандығын жеткізді. Жарыс екі турдан тұрады. Әр баянист алты шығарма ойнайды екен. Әрине, оған үлкен дайындық, шеберлік қажет. Оның үстіне жақсы ойнау-ойнап отырған аспабына да байланысты болады. Баянның үні, дыбысы, мехнің тартылысы, гармониясы, қазақша айтқанда баянның жаратылысына келіп тіреледі. Бұндай баян­дарды академиялық, яғни концерттік баяндар деп атайды. Мен «аудандық әуез мектебіне ондай неше баян аспабы бар деп сұраған едім» Өскен үнсіз
отырып қалды. Сосын барып, «концерттік бір-ақ баян бар, ол да өзімдікі, ол да болса ескірді. Тілдері босап, мехі ауа соратын халге келді деп терең күрсінді.
«Шәкірттерімен қарапайым баянмен шығарма ойнап, конкурсқа түсіп отырғанына ұяламын, намысым келеді», – деді Өскен тағы. Биылғы конкурсқа Өскен Қалымбетов даярлаған талантты музыкант-баянистер Бахтың, Джуляни мен Илинскийлердің белгілі шығармаларын орындайды екен. Жас музыканттарға табыс тілей отырып, ұстаздың айтқан тілектеріне де зер салып, назар аударғанымыз дұрыс-ау дедік. Аудандық білім бөлімі, әуез мектебінің ұжымы, ауданымызға танымал кәсіпкер қол созып, концерттік баян сатып әперіп, дарынды баянист, білікті мұғалім, шебер оқытушы, облыс­та, республикалық конкурстарда аудан намысын қорғап жүрген өнер иесі Өскен Қалымбетовтей ұстазға қамқорлық жасау – ауданның өнерпаз оқушыларына көрсетілген құрмет деп санаймыз.

Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының
мүшесі.
29 сәуір 2018 ж. 1 478 0