Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сахнада күй күмбірлеп, терме төгілді

Сахнада күй күмбірлеп, терме төгілді


Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы еліміздің түкпір-түкпірін шарлап, халық санасын оятып салды. Мұндай сілкініс барлық саланы қамтып, бағдарлама шетінен іс-жүзіне асырыла бастады. Елбасының Қазақ тілі әліпбиін кирилицадан латын графикасына көшіру туралы 2017 жылы 26 қазан №569 жарлығы шықты. 1 желтоқсан – Президент күні «100 жаңа есім» жобасы дүниеге келіп, жастардың да жасампаздардың да болашағына даңғыл жол ашылды. Аудандық әуез мектебінің ұжымы да жаңғыра түскендей. Оны жуырда ғана аудандық мәдениет Үйінде өткізілген мектептің «Ұлы дала әуендері» атты жас музыканттардың фестивалінен көріп, біздің жеткіншектеріміздің, албырт өнерпаздарымыздың зор мүмкіншіліктеріне сеніммен, ризашылықпен қарадық. «Жоқ, жоқ дей бергеннен» ештеңе шықпайды. Адам бірнәрсеге сәл ынта қойса, жігері мен талантты шымшыласа», алынбайтын асу болмайтынын аудандық әуез мектебінің оқытушылары мен оқушылары дәлелдеп берді. Шәкірт – ұстаздың жемісі. Музыкадан сабақ беретін мұғалімдердің білім дәрежесін, өнер ауқымы осы фестивальде бағамдадық. Ұлттық дәстүрде, рухани жаңғыруға бет алған ықылас пен құрметке ие болған, жоғары деңгейде өткізілген бұл іс-шара – қазақтың халық әндері мен термелері, ұлы күйшілеріміз Құрманғазы, Дина, Тәттімбет, Дәулеткерейлердің жүрек шертер туындылары, сондай-ақ, Абай, Ақан сері, Біржан сал, Нартай, Тайжандардың асқақ әндерінің орындауымен ерекшеленеді. Бір сөзбен айтар болсақ, «жас буын өспей ме, көкейіңді теспей ме?» болды, сол күні. Фестивальға 94 домбырашы, 8 термеші оқушылар мен 20 шақты апайлар мен ағайлар қатысты. Дарынды балалар фестивалін аудандық білім бөлімі басшының орынбасары Жібек Баймұратова мен аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұжымының төрағасы Рысдәулет Құдайбергеновтер ашып беріп, өнерлі өрендерге сәттілік тіледі. Фестивальдің қызықты өтуіне атсалысып, оны ұйымдастыруға мұрындық болған аудандық балалар әуез мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, белгілі сазгер Нариман Мизамбаев пен іс-шараның жалпы жұмысына басшылық жасап отырған әуез мектебінің директоры Абай Алтынбековтерге көрермендер тәнті болды. «Сыр елі – рухани жаңғыру бастауы» жобасын жүзеге асыру мақсатында өткізілген «Ұлы дала әуендері» фестивалі облыс көлемінде барлық музыка және өнер мектептерін қамтиды. Сондықтан оны өткізу тәсілдері мен әдістері тартымды болуға тиіс. Осы тұрғыда Н.Мизамбаев музыка мектебінің домбыра класында оқитын оқушылар оркестр немесе ансамбль болып күй орындауы керек деді. Екіншіден, домбыра класының жетекшісімен (апай, ағай) бірге екі күй тартады. Үшіншіден, жеке домбырашы талапкер оқушылар 5 күйден орындап шығуы талап етілген. Төртіншіден, жыр-терме класында оқитындар 2 шығармадан орындап береді. Міне, фестивальға қатысушыларға осындай қатаң талап қойылып, оны бұлжытпай орындау барлығынан бірдей сұралды. Бұл фестивальдің қызықты да тартысты өтуіне ережеден ауытқымаудан «батырға оңы да бір, солы да бір» деген қағиданың талантты, дарынды оқушыларға ештеңе де кедергі бола алмайтындығын дәлелдеген жарыс, жарыстың «көкесі» болды. Аудандық мәдениет үйінің әсем безендірілген сахнасында фестиваль шымылдығын республикаға танымал термеші, әуез мектебінің оқытушысы Нұртілек Ақтаевтың шәкірті Петропавл қаласында өткен Республикалық Дельфилік ойындардың Алтын медаль иегері, Египедте өткелі тұрған Дельфилік ойындарға жолдама ұтып алған терме класының оқушысы, мақтанышымыз Ділназ Тәшмұхаммедова Нартай ақынның ізбасары болған әнші-термеші Әбіләш Әбуовтың «Ризамын өнерге» термесін сырнаймен сызылтты. Кішкентай қыздың күшті қоңыр үні естір құлақ болса, құйылып, залдың ішін керней жөнелді. Музыка маманы, күйші Гүлнар Джумаеваның класында оқитын кіші топ және үлкен топ оқушылармен бірге ойнаған «Келіншек» халық күйі мен Құманғазының «Балбырауын» күйлері сәтті шықты. Сондай-ақ, Ораз Мұахамеджановтың домбыра класы орындаған «Қыз ақжелең», Дәулеткерейдің «Жеңгем сүйер» күйлері, ұстаз Гүлшат Сыздықованың домбырашы үш қызымен тартқан Ермұраттың күйі «Қосбасар» мен Мәлкаждардың «Наркескені», мұғалім – күйші Табиғат Маханбетовтің екі оқушы баласымен шерткен Дина Нүрпейісованың «Партия туралы күйі», Х.Тастановтың «Би күйі», жас ұстаз Нигора Пейсенова жетекшілік ететін домбыра класы орындаған Ж.Еңсеповтың «Әке толғауы», Құрманғазының «Балқаймақ», домбыра класының мұғалімі Құралай Бимұрзаеваның үш оқушылармен шебер орындаған Құрманғазының «Саранжап» және И.Ысқақовтың «Күрішшілер» күйлері, музыка мектебінің домбырашылар ансамблі ұсынған Қазанғаптың «Шыныаяқ», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйлері көрермендерді шаттыққа кенелтіп, ыждағатты ұстаздар мен талантты өнер сүйгіш оқушылардың таудай талаптарына шапалақ соғып жатты. Фестивальдің екінші бөлімінде жеке домбырашылар әрқайсысы 5 күйден орындаса, термешілер 2 шығармасын ортаға салды. Терме жарысынан Н.Ақтаевтің шәкірттері Б.Әбдірахимов Абайдың «Сегіз аяқ», Ү.Сымбай Нартайдың «Жеңіс жыры» термесін сырнайлатып, төгіп-төгіп тастады. Ұстаз – күйші Ғалым Ерімшеевтің 4-сынып оқушысы Асылжан Файзулла тартқан 5 күй: Еспайдың «Бес қыздың бел шешпесі», Дәулеткерейдің «Жеңгем сүйер», «Түркімен күйі», Ертуғановтың «Талшыбық», Жантөренің «Шалқыма» күйлері көңілімізде күмбірлеп, жүрек қылын шертіп өтті. Бұдан басқа 14 талапкер, 5 күйден 70 күй тартып, өнерге деген талаптарын, құлшыныстарын көрсетті. Ғажап нәрсеге бас шайқамай, таңқалмай, таңлай қақпай, шапалақ ұрмай отыру мүмкін емес. Аудандық балалар әуез мектебі – дарынды балалардың ошағына айналып отырғанын көріп, қолыма еріксіз қалам алдым. Фестивальға қатысқан барша оқушылар мен жетекші музыка мұғалімдерінің үлкен дайындық жасағаны байқалды. Олардың бәрі де марапаттауға лайық. Жарыстың қорытындысымен әуез мектебінің басшылары үздіктерге сый-сияпатын жасап, фестивальдің мерейін шығарды. Әсіресе, жас өнерпаздардың қуанышында шек болмады. Ауданымыздың ашық аспанында осындай оркестр ойнап, күй күмбірлеп, ансамблдер музыка тартып, ән шырқалып жатса, салт-дәстүріміз, ұлттық аспаптарымыз домбыра, қобыз сахна төрінен табылса, үлкендер үлгі болып, кішілер ізеттілік танытса, қазақ өнері өрге өрлесе, еліміз аман болса, ұл-қыздарымыз білімі мен талантымен көрінсе, бұл – рухани жаңғырудың бастауы емес пе?! Музыка фестивалінің мақсаты да сол болса керек.

Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
09 желтоқсан 2017 ж. 1 802 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031