Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өмірін өнермен өрнектеген - Әшімхан Оспанов

Өмірін өнермен өрнектеген - Әшімхан Оспанов




Ел іші – өнер кеніші. Шиелі өнерпаздары республиканың мәдениет министрлігі тарапынан өнер ұжымдарына берілетін «халықтық» деген абыройлы атақты алпысыншы жылдардың аяғынан бастап ала бастады. Мұндай мәртебелі дәрежеге жеткен жеті өнер ұжымы бар. Бұл бір аудан үшін аз көрсеткіш емес.

Алғаш рет мұндай атақты 1969 жылы аудандық мәдениет үйінің халық аспаптар оркестрі, кейін осындағы театр жеңіп алған. Содан соң «Қазақстанның 30 жылдығы» атанып келген қазіргі Бала би ауылының өнерпаздары да халық театры атанып, гастрольдерге шығып, таланттарымен таңырқатып жүрді. Өнер көрсетіп жүргендердің бірі күрішші, бірі механизатор, енді бірі шопан, мұғалім деген сияқты ауыл еңбеккерлері еді. «Нартай сазы» фольклорлық ансамблі, «Жас дәурен» ән-би ансамблі, Ноғайбаевтардың отбасылық ансамблі де осындай абыройға жеткен. Бұл айтуға оңай, ал ол үшін қаншама ізденіс, ұйымдастырушылық және өзгелерді қайталамайтын өзіндік мәнер, келбет, ең бастысы – көрген жан қайта көргісі, тыңдағысы келетіндей іңкәрлік туғызатын талант қажет. Бұл ұжымдардың осындай дәрежеге көтерілуіне ағайынды Әшімхан, Әлімхан Оспановтар да көп еңбек сіңірді.

Бір кездегі Нартай Бекежановтан бастап, кейінгі театр әртістері Мейірман Нұрекеев, Ғазиза Әбдінәбиева, Шайтұрсын Әбдібаев, сазгер, өнер зерттеуші Мүлкаман Қалауов, республикалық «Гүлдер» ансамблін ұйымдастырушылардың бірі – Серік Елеусізов, Құрманғазы атындағы оркестрдің бас концертмейстері, «Отырар сазы» оркестрінің дирижері Қошқарбек Тасболатов, жыршы Шымболат Ділдебаев, әнші Әлмырза Ноғайбаев, айтыскер ақын Махамбетқали Тұрсанов Шиеліден шыққан таланттар екенін ауыз толтырып айта аламыз және бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Олардың арасында ұзақ жылдар ауданның мәдениет саласын басқарған Әшімхан Оспанов та бар. Биыл «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері көзі тірі болғанда 70 жасқа толар еді.

Сәрсенбі күні аудандық мәдениет үйінде Әшімхан Оспановты еске алу кеші өтті. Алдымен мәдениет майталманына ¬арнап ескерткіш тақтайшаның ашылу рәсімі жасалды. Одан соң шара «Өмірі – өнер, ғұмыры – ғибрат» атты облыстық үздік клуб қызметкерлерінің байқауымен жалғасты. 

Шараны ашып берген аудандық мәслихат төрағасы А.Жандарбеков саналы ғұмырын ауданның мәдениет саласына арнаған Ә.Оспановтың өмір жолына тоқталып, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Мәдениет қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттырып, үздік тәжірибелерін анықтау әрі тарату, шығармашыл мамандарды қолдау жұмысының инновациялық әдіс-тәсілдері мен жаңа идеяларды қолданысқа енгізуді мақсат еткен сайысқа облысқа қарасты жеті ауданнан 10 клуб қызметкері қатысты. Олар өзін таныстырып, профайл дайындау, Ә.Оспановтың 70 жылдығына орай ұйымдастырылатын шараның сценарийін ұсыну, өз өнерін көрсету секілді үш кезеңнен тұратын сыннан өтті.

Байқау қорытындысы бойынша әріптестерінен оқ бойы оза шыққан Шиелі кенті «Арман» мәдениет үйінің аккомпаниаторы Өміржан Мінуаров бас жүлдені жеңіп алды. І орын Жалағаш ауданы, Аққыр ауылдық клубының әдіскері Сандуғаш Жұбанова мен Жаңақорған ауданы, Түгіскен ауылдық мәдениет үйінің директоры Бақыт Тасходжаеваға, ІІ орын Қармақшы ауданы Шәмшат Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйі халық театрының режиссері Мадияр Махамбетұлына, ІІІ орын Арал ауданы, Аралқұм ауылдық клубының әдіскері Ақмарал Серікбаева мен Сырдария ауданы, Қалжан ахун ауылдық клубының әдіскері Гүлжанат Сырғабаеваға бұйырды. Барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
23 мамыр 2023 ж. 144 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930