Қоршаған ортаға қамқорлық – балабақшадан басталады
Балақайлардың болашаққа нық қадам басуына ең алғаш тәрбие алар мекенінің алар орны ерекше. Иіркөл ауылдық округінде орналасқан «Балдырған» бөбекжай-бақшасында мектепке дейінгі балаларға қоршаған ортаға құрметпен қарауды үйретуге ерекше көңіл бөледі.
Өткен аптада аталған балабақшада аудандық білім бөлімінің қолдауымен «Мектеп жасына дейінгі балаларға әлеуметтік білім беру дағдыларын қалыптастыру» атты семинар өтті. Мақсаты – балаларға экологиялық мәдениет, қоршаған ортаға құрметпен қарауды қалыптастыру, табиғатты қорғау үшін жауапкершілікті сезінуге баулу. Шара барысында бөбекжай-бақша меңгерушісі Ләззат Мелденқызы келген қонақтарды балабақша ауласында орналасқан жылыжай жұмысымен таныстырды. Одан соң тәрбиешілер Өлмес Баймұхамедқызы мен Гаухар Ширекқызы әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларды қалыптастыру, қоршаған ортамен таныстыру мақсатында «Көктем келді», «Көктемгі еңбек» тақырыптарында балалармен іс-әрекет ұйымдастырды.
Бұдан бөлек семинар барысында «Шебер қолдар» сурет үйірмесі, музыкалық жетекші Ботакөз Маханбеткалиқызының «Баланың табиғатты эмоционалды қабылдауы»атты музыкалық қойылымы және психолог Камила Рзаханқызының «Көкөністер таласы» атты ата-аналармен бірлескен жұмыстары жүргізілді.
Мектепке дейінгі балалардың экологиялық тәрбиесі мен білім беруіне негізделген семинар соңында қатысушылар ой-пікірлерін білдіріп, жиынды қорытындылады.