Білім жағдай жасалғанда ғана қонады
Бауыр еті баласы мектепке барып келгенше, ата-ананың алаңдап отыратыны анық. Оның үстіне қазір көшедегі көлік саны күн сайын көбейіп жатқаны уайымды еселей түседі. Енді аудандағы №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы орта мектептің ата-аналары ол жағын уайымдамаса болады. Себебі олардың көптен күткен арман-тілегі орындалып, оқушылар үшін арнайы жаңа автобустың кілті табысталды.
Салтанатты шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, әйелдер кеңесінің төрағасы Нәйла Палымбет арнайы барып, аудан басшысымен бірге мектеп ұжымы мен оқушылардың қуанышына ортақтасты.
Аудан әкімі Нұржан Ахатов жаңа автобустың кілтін тапсырып, көпшілікті қуанышты сәтпен құттықтады. Балалардың қауіпсіздігі, сапалы білім алуы облыс әкімдігінің басты назарында екенін жеткізді.
«Мемлекет басшысы өз сөзінде «Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы керек» деп арнайы тапсырма берген болатын. Соған сәйкес, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен облыс бойынша 19, оның ішінде Шиелі ауданындағы 3 мектепке су жаңа автобустардың кілті табысталды. Бүгін міне біз №270 Ғафур Мұхамеджанов атындағы мектепке автобус кілтін табыстап отырмыз. Мұнан өзге, Тартоғай, Бәйгеқұм елді мекендеріндегі мектептерге де жаңа автобустар берілуде. Бұл біздің аудан үшін үлкен қуаныш. Қуаныштарыңыз тағы да құтты болсын! Темір тұлпарларыңыз осы мектепке ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, астарыңызда тозсын», – деді аудан әкімі.
Бұл сый – білім ордасына үлкен қолдау болды. Өйткені мектептен қашық тұратын балалардың қатынауы қиын-ды. Енді мәселе оң шешімін тапты.
2013 жылы пайдалануға берілген мектептің сыйымдылығы – 600 орындық. Бүгінгі таңда білім ордасында 32 сыныпта 552 оқушы оқиды. Барлығы 105 мұғалім сабақ береді. Биыл 11-сыныпты 27 оқушы тәмамдайды. Оның екеуі «Алтын белгіге», алтауы «Үздік аттестатқа» үміткер.
Су жаңа автобус 28 оқушыны тасымалдайды. Оның ішінде 22 бекеттен 10 оқушы мектепке қатынайды. Автобус қауіпсіздік белдіктерімен, оқу сөмкесіне арналған сөрелермен, есіктері ашық кезде қозғалысты тежейтін механизммен және тағы да басқа қауіпсіздік құралдарымен жабдықталған. Ыңғайлы әрі ықшам қоғамдық көліктер осы мектепке тасымалданатын оқушылар санына сәйкес үлестіріліпті. Ерекшелігі сол, автобус бір мезетте 20 баланы тасымалдай алады. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі балалардың мініп-түсуіне де барлық мүмкіндіктер қарастырылған.
Иә, қауіпсіз әрі қолайлы автобус – әр ата-ананың арманы. Елдің болашағы – осы өскелең ұрпақтың қолында. Сол үшін олардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарауға болмайды.