Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕГІСТІККЕ ЕПТІ ЕҢЛІК

ЕГІСТІККЕ ЕПТІ ЕҢЛІК

Қыз – табиғаты нәзік. Алайда біз сол нәзік жандылардың бойынан қайсарлықты да, мықтылықты да кездестіріп жататынымыз жасырын емес. Болмысы бөлек бойжеткендер де, іскер әйелдер де бүгінде көп-ақ. Десе де шаш етектен болған шаруаны, кез келген ауыр істі дөңгелетіп әкететін шаруаға епті нәзік жандылар аз. Міне, осындай епті қыздардың бірі – Еңлік Ерболқызы.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз жайлы айтарымыз көп. Өйткені ол мақтауға тұрарлық, көпке үлгі, өзі сияқты қатарластары қызыға қарайтын жан. Неге дейсіз ғой? Себебі оның бойында өнер көп. Шиелі ауданында туған Еңілік бүгінде Қызылорда қаласында білім алып жүрген студент қыз. Әжесінің өнегесін, анасының ісмерлігін көріп өскен ол бала күнінен тоқыма тоқумен айналысып келеді. Бар өнерді бойына жинаған ару бұдан бөлек асханаға жақын. Түрлі ас әзірлеп, тәттілер пісіруді үйренген оның қолынан шыққан әрбір тәттісі сұранысқа ие. Жеңгесінен үйренген бұл өнері бүгінде оның табыс көзіне айналып отыр. Небәрі жиырма жастағы жас қыз қазіргі таңда дизайнерлікті де қолға алған. Керек десеңіз арнайы сән үйінен сабақ алып шеберлігін шыңдаған. Қала берді, оның қолынан шыққан қамзол мен кәжекейлері қымбат бағаланып, өз тұтынушыларын да тауып үлгерген. Алайда Еңлікті мақаламызға арқау етіп жазуымызға түрткі қылған бұлар емес. Оның егістікке ептілігі.
Қандай ептілікті айтып отыр деп түсінбей отырған боларсыздар? Себебі қызды қара жұмысқа салмайтын, шаруашылыққа шыңдатпайтын қазақ үшін бұл нәрсе жат. Десек те, бүгінде сол шаруашылықтың қыр-сырын тепсе темір үзетін сері жігіттерден де артық білетіндер бар. Еңлік соның дәлелі. Ол бала күнінінен әжесі мен анасынан, атасы мен әкесінен бәрін үйренді. Әсіресе, Еңлік көктем келіп, жердің тоңы жібіген кезде әкесімен бірге дала жұмыстарына білек сыбана кірісіп кетеді. Нәзік болмысын қайсарлықпен ұштастыра білген жан жастайынан шаруашылыққа, дала жұмыстарына жақын өсіп, оның қыр-сырын үйренген. Көктемнен бастап, қолға құрал-сайманын алып, егістік алқабында егін егуді үйренген оның еңбегінің жемісі еселі. Ол бұл ісі үшін арланбайды да. Өйткені Еңлік қыз баласы кез келген іске епті болу керек деп санайды. Кейіпкеріміз ала жаздай еңбегінің жемісін жегенді мақтан тұтады. Айталық, ол көктемде еккен қауын-қарбыз, жеміс-жидек, көкөніс күзде әкесімен бірге сатып, нәпақасын табады. Қара жерді қасиетті деп санайтын қыз тіпті, оның да бір тілі бар деп біледі. Аса қатты күшті талап ететін мұндай ауыр жұмыстарға оның еті үйренген. Керек десеңіз, жер аударып, егін егіп, оларды күтіп баптауға машықтанған.
– Қазіргі таңда көптеген істі табыс көзіне айналдырып отырмын. Ең әуелі тоқымадан түрлі сөмкелер, киімдер тоқып, азды көпті ақша таба бастадым. Ол кезде мен небәрі он алты жаста едім. Ал кейіннен ас әзірлеуге, түрлі тәттілер пісіруге қызығушылығым артып, Алматы қаласынан келген кондитердің арнайы шеберлік сабағына қатыстым. Сол арқылы да көптеген торттарды, бәліштер мен тәттілерді үйреніп алдым. Кейін оны табыс көзіне айналдырып, құрбыларыма, достарыма қолжетімді бағада сата бастадым. Бұдан бөлек дизайнерлікті де қолға алып, сән әлеміне қадам бастым. Студент болған соң ата-анама салмақ салмай, қолымнан келгенше өзімді өзім қамтамасыз етуге тырыстым. Ал шаруашылықтағы ісіме келер болсам, бұл менің ең керемет жетістігім деп айтар едім. Өйткені екінің бірі ауыр тірлікке араласып, қара жұмысты істегісі келмейді. Ал мен мұның барлығын тек күшті адамдар ғана істейді деп айтар едім. Әсіресе, қыз баласына күрек пен кетпен алып, егіндікке бару оңай емес. Десе де, қара жұмыстың да өз үйретері бар. Денсаулыққа да пайдалы нағыз спорттың түрі деп айтар едім. Бұл іске мен өзім қызықтым. Әкеммен бірге жыл сайын егістік алқабына барып, қолғабыс ете жүріп, өзім де көптеген жұмысты лезде меңгеріп алдым, – дейді ол.

С.СЕРІКҚЫЗЫ
10 сәуір 2023 ж. 204 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930