Бану қалай кондитер болды?

– Әр адамның жанына жақын мамандық болады ғой. Аспаздық – менің жаным қалайтын сүйікті кәсібім. Торт, тәттілер пісіре жүріп, ерекше шабыттанамын. Ол көңіліме қуаныш сыйлайды. Сондықтан мен бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін, – дейді жас кондитер.
Кез келген шаңырақтағы жиын-той, отырыс, туған күн тәттілерсіз өтпейді. Дегенмен тұтынушының көңілінен шыққандары ғана, сұранысқа ие болатыны ақиқат. Кейіпкеріміздің бүгінде аудан бойынша тұрақты тұтынушылары да қалыптасып үлгерген. Ол оның еңбегінің нәтижесі деп пайымдадық.
– Қандай да бір істі бастағанда отбасыңның қолдауы өте маңызды емес пе? Осы уақытқа дейін бір жетістікке жетсем, кәсібімді дөңгелетіп отырсам, оның бәрі әуелі Алланың, содан кейін ата-анамның арқасы деп білемін. Олар жаныма жақын іспен айналысуыма мүмкіндік беріп қана қоймай, барлық керекті құрал-жабдықтарыммен қамтамасыз етті. Сондай-ақ «Қызым, сенің қолыңнан бәрі келеді. Тек алға ұмтыл. Біз саған сенеміз» деген сөздері менің жүрегіме тыныштық, көңіліме медеу сыйлайды. Әрі жұмысқа деген құлшынысымды арттырады, – дейді Б.Пірманова.
Қазіргі таңда әлеуметтік желі арқылы тапсырыс қабылдап жүрген жас кондитердің торт пісіруді бастағанына небәрі бір жыл болған. Дегенмен алдына қойған мақсаттары ерекше сүйсіндіреді. Болашақта аудан орталығынан өзінің жеке кондитерлік дүкенін ашудан бөлек, бірнеше адамдарды жұмыспен қамтуды көздеп отыр.
Иә, әлем бойынша ең сұранысқа ие мамандық – аспаздық. Заманға сай осы сала бойынша орта және шағын бизнес бастап жатқан жандар аз емес. Бұл сәйкесінше қоғамдағы жұмыссыздықтың санын азайтып, ел экономикасының артуына сеп болуда. Сондай-ақ жұмыссыздықты желеу етіп, жұмысқа құлқы соқпайтын жандарға үлгі. Ендеше біз де өзгенің қуанышына тәттілері арқылы ортақтасып жүрген жас кондитерге толағай табыстар тілейміз.
Фариза КЕНЖЕШОВА