Шуақты сәуір, шипалы сәуір
Лингвистердің айтуынша, «сәуір» сөзі араб тілінен енген, мағынасы «өгіз» деген екен. Ал, жұлдыз айлары бойынша «Торпақ шоқжұлдызының» атауы болып табылады. Бізге осы «өгіз» сөзінің керегі жоқ секілді. Қазақ бұл айды «көкек» деп атаған. Бұлай аталу себебі көктемнің бір белгісі көкек құсының алғаш шақыра бастайтын мезгілімен байланысты. Бұл айдың өзгешелігі – құс үнінің ерекше байқалуы.
Кейіндеу біреулер көкек жеңілтек құс, өз атын өзі шақырады, сондықтан осы сөз жағымсыз мәнде айтылады деп ай атауын арабтан енген «сәуірмен» ауыстырған. Егер нақтысын айтсақ, бұл ай аты коммунистік идеология түкірігі жерге түспейтін замандағы партия басшыларының пәрменімен өзгерген. «Апрельде өткен партия пленумын «көкек пленумы» деп айтамыз ба деп, сәуір деген атауды ендірген солар.
Шоқан Уәлихановтың пайымдауы бойынша, көкек жағымсыз құс емес, керісінше, киелі құс. Бес биенің сабасындай бәйбішелер май мол болады деп, көкек қонған бұтақты алып, сүт құйған сабаға салып қоятын болған.
Менің жаныма да «көкек» сөзі жақын. Ол жайлы өткен жылдары да газетке мақала жазғанмын. Шынында көкек өз атын шақырмайды, ол «куы-ык-кук» деп дыбыс шығарады. Сол дыбысты қағып алып, оған «көкек» деп ат қойып жүрген адамдардың өзі. Әйтпесе, ертекте болмаса өмірде құстардың өзіне ат қойып жатқанын естіген біреу бар ма?
Жарайды, бүгін бұл мәселені талқылайын деп отырған жоқпыз.
Сәуір айында «бесқонақ», «қызыр қамшысы», «тобылғы жарған», «отамалы» деген төрт амал кіреді. Жауын-шашынды, желді, кейде боранды осы амалдар өтпей, жайма шуақты күндер басталмайды. Демек, бұл амалдар кәрі қыстың «тұяқ серпуі» секілді. Қазақтың «сәуір болмай, тәуір болмайды», «сәуір болмай, сайран болмас, сайран болмай, айран болмас», «сәуір болса күн күркірер, күн күркіресе көк дүркірер», «сәуір жақсылығына бақса алты күн, жақсылығына бақпаса алпыс күн» деген сөздері осы себепті айтылған.
Өзімізге жақын мысалды-ақ алайық. Сәуір айының он бесінші күні келмей, қаладағы көпқабатты үйлер жылудан ажыратылмайды. Демек, жаз шықты дегенге әлі сенім жоқ.
Мұнан ұғатынымыз, сәуір айы – табиғатқа ерекше серпін, өзгеше өзгеріс әкелетін ай. Дінімізде сәуір жаңбырының адам ағзасына берер шипасының мол екендігі жөнінде де айтылған.
Жыланның уы, балықтың інжуі, тіпті бал арасының балы да осы жаңбыр суынан пайда болады дейді. Ең таза судың сәуір жаңбыры екені өмір тәжірибесімен дәлелденген.
«Бұл суды ішкен кісінің барлық ауруларына пайдасы бар. Сәуір жаңбырын алу тәсілі: ыдыс биік жерге қойылады, жаңбыр тіке ыдысқа түсуі керек. Жылғадан аққан су жарамайды. Алғашқы жаңбырды емес, екінші немесе үшінші жауған жаңбырды алған жөн. Ауадағы ластық тазаланған болуы керек. Сосын суды алғасын сүзіп алып, қолданады» деп тұжырымдайды ғалымдар.
Мұхаммед пайғамбардың хадистерінің бірінде: «Мені хақ Пайғамбар қылып жіберген Алла Тағалаға ант етейін, баласы болмаған ер осы судан әйеліне ішкізсе, Алланың рұқсатымен әйелі жүкті болады…», – деген сөздер бар екен. Олай болса заманауи медицина сәуір жаңбырын неге қолданбайды? Өйткені, олар шәкіртті алты жыл оқытқанда Құран, хадисті қоспайды. Құранмен шипа беретін емшілер туралы айтсаң, келеке етеді. «Ақылдыға сөз айтсаң, аз ойланып біледі, ақылсызға сөз айтсаң, тыңдайды да күледі» дегенді осы жерге мысалдап жіберсек, мұнан әрі әңгіме арнасы бұрылып кетер еді. Мен әрине, «жанға жылу сыйлайтын бір сөз үш ай қыстан тоңбай өтуге септеседі» деп дәрімен ғана емес, сөзбен де емдейтін сауатты, білімді, ізденгіш, ізетті дәрігерлер туралы айтып отырған жоқпын.
Қазір интернет деген «идеологтың» «гугл» деген көрегені бар. Біз білгішсініп отырған деректер – солардың сөзі. Дегенмен, бәріміз үшін де пайдалы осы нәрселерге газет бетінен де орын беруді артық санамадық.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»