Көкек жайлы мысал
Алла барлық құстарға:
-Бір күн рұқсат берем. Өздеріңе ыңғайлы қоныс тауып алыңдар. Сол жерге ұя салып, тіршілік етіңдер,-деп әмір береді.
Бүркіт асқар тауды ұнатып, қияға ұя салды. Қызғыш судың ішіне жайғасты. Шағала теңізді, үйрек көлді, бозторғай жазық даланы ұнатты. Қарлығаш Ыбырайым пайғамбардың шарапатынан адамның шаңырағынан жай алды. Ымырт уйірілгенше құстар өздеріне ұя таңдап, жайғасып үлгерді.
Көкек қана сайды еңіс, тауды биік, суды суық деп кірпиязданып жүріп алды. Алланың үкімі екеу болмайды. Кесімді мерзім жетеді. Ұлық Алла құстардың таңдаған қоныстарын өздеріне жайлы мекен етіп берді. Кірпияз көкек ұясыз қалады. Әліге дейін өзіне тиесілі ұя-жайы жоқ. Содан бастап жұмыртқасын басқа құстың ұясына салуға мәжбүр екен.