ТӘРБИЕГЕ ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН ҚАРАҒАН ЖӨН
Соңғы жылдары жастардың арасындағы өз-өзіне қол жұмсауы, жігіттердің есірткіге құмартып, жаппай төбелесуі, жас көкек аналардың көбеюі – бүкіл қоғамды алаңдатып отырған мәселе. Мұншама рухани азғындауымызға не себеп болды? Біздіңше бұның барлығы тәрбиеге келіп тірелмек. Себебі, күндіз де, түнде де сыраханадан табылатын егде жастағы ер кісілер мен әйелдерді көріп, қазір біздің кейбір ата-аналардың өзі тәрбиеге мұқтаж секілді.
Көкек ана демекші, қазір қыздар тәрбиесі туралы да әңгіме жиі болып жатады. Осы істе әйелдер кеңесінің рөлі қандай? Қоғамда болған іске байланысты адамды жазалауды емес, оның алдын алу шараларын жүзеге асырып отырудың маңыздылығы өте зор. Біздің айтпағымыз, қыздарды тәртіпке шақыру үшін оғаш қылық жасағандарын жиналысқа салып отырсын деген ой емес. Ең бірінші, тәрбие жұмысына мән беріліп, жат қылықтардан сақтандыруға үйретуіміз қажет. Мысалы, ауыл мектебін бітірген қыз бала үлкен қалаға барып, басқа ортаға түсіп кетіп, өзін игере алмай қалатын жайттар кездеседі. Соның салдарынан біздің қаракөздеріміздің соңынан әртүрлі әңгімелер ереді. Жаман жолға түсіп кеткендер де бар. Ал олар бірден сондай болып туған жоқ қой. Оны қоғам баулыды, тәрбиеден ағаттық кетті. Ертеректе бүкіл әулеттің абырой-беделі сол шаңырақтағы әрбір қыздың абыройымен өлшенген. Ал, қазір мұндайды тек әдеби кітаптардан ғана оқып, тарихи кинолардан ғана көріп жүрміз. Алты қыздың анасы Әмина апа: «Қыздарды тәрбиелеу өте жауапты жұмыс. Оны өсіріп, оқытып, құтты орнына қондырғанша әрбір іс әрекетіне әке-шешесі жауапты. Қыз баланы кішкентай кезінен биязылыққа, ұяңдыққа баулу қажет. Анасы оның бұл үйге қонақ екенін, ертең өскенде өз теңін тауып, шаңырағының түтінін түзу түтетуге міндетті екенін үнемі құлағына құйып отырған дұрыс», – дейді.
2017 жылы кенттегі темір жолдың бойында екі ауылдың жігіттері елдің тыныштығын қашырып, төбелескен көрінеді. Мұны қоғамдық көлікте отырып бір кісінің: «Масқара, түн ортасында ер балалардың айқайлап, «аттандасқанынан» зәреміз қалмады. Алла бетін әрі қылсын, бірақ тура бір шеттен жау келгендей бір-бірін аяр емес. Тіпті, анадайдан келе жатқан пойыздың дыбысынан да тайсалмайды ғой, шіркіндер. Осындайда құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне таңқаласың. Оқиға орнына келуін келді. Алайда, неге алыстан «қиқулатып» жетеді? Олар келгенше бұзақылардың бәрі қашып үлгерді. Әлде, әдейі жасаймекен? Кенеттен білдірмей келіп, тәртіп бұзғандарды анықтауға болады ғой» деген әңгімесінен құлағымыз шалып қалды.
Бәлкім, бұл апаның айтқаны да дұрыс шығар. Дегенмен, балалардың мұншалықты жауыз болып бара жатқаны өкінішті. Бұған «дұрыс тәрбие бермейтін» телеарнаны, жауыз ойындары бар ғаламторды, заманды кінәлайтынымыз анық. Десе де, оның бәрі жай ғана себеп. Басты қателікті өзімізден іздегеніміз жөн.
Жоғарыдағыдай полиция қызметкерлеріне айып тағып отыра бергенше, неге әр ауыл-аймақтың үлкендері сол жердің жастарына ие болмасқа? Мәселен, бұрындары ауыл ішіндегі қандай мәселе болсын, сол елдімекеннің үлкен ақсақалдары соңғы сөзді айтып отырған емес пе? Қазір де сол кездегідей әр ауылда ақсақалдар мен әйелдер кеңесі құрылған. Ол кісілердің бүкіл ауыл адамдарына сөзі жүретіні күмәнсіз. Сондықтан да, ақ жаулықтыларымыз ауылдағы қыздардың жүріс-тұрысын, тәрбиесін, қарияларымыз ер баланың іс-әрекетін, нағыз ерге тән қасиеттерді бойына жиып өсуін басты назарға алып отырса. Бұл жалғыз біздің ғана емес, елдің аузында жүрген ұсыныс.