Намыс қайда, жігіттер?!

«Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек. Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» демекші табиғат адамды әртүрлі етіп жаратады. Бірі мейірімді, екіншісі сыпайы, үшіншісі ашуланшақ болса, төртіншісі қырсық болып келеді. Қанша адам болса, сонша мінез бар. Бірақ осынау мінездердің ішінде ең бір жаманы – боғауыз айту ма деймін? Бұл туабітті емес, жүре келе пайда болған мінез секілді. Баяғыда аузы дуалы, сөзі уәлі, таңды таңға ұрып жыр оқитын ер-азаматтардың болғанын еститін едік. Қазір солардың жұрнағы да қалмағаны жанға батады. Әсіресе, бәрінен құрметті санап, қадірлейтін жігіттердің боғауыз, бейәдеп, бейпіл сөз айтуы өзіне ғана емес, ұрпаққа да қиянат емес пе?
Қазақ елі ықылым заманнан тәрбиеге ерекше мән берген. «Қыз – қылығымен, ұл – ұятымен» дегенді сәбидің санасына сіңірген. Бұрындары ұл балалар әкесінің жанында жүріп ақын-жыраулармен немесе айтыскерлермен кездесіп, тәлім-тәрбие алған. Ал қазір тәрбие құралы ұялы телефон немесе теледидар екені жасырын емес. Сол себепті ХХІ ғасыр жігіттері де боғауыз сөзге құмар сыңайлы. Мәселен, ютуб желісінде көрсетілетін «Қайрат» сериалын алайық. Қазақ жігіттері түсірген бұл фильмнің іліп-алар тұсы жоқ. Киноның басынан аяғына дейін бір-біріне жалғасқан боғауыз сөздер. Ал осы киноның көрушілері бұғанасы қатпаған жастар. Әрине, әуелгіде барлығын қызық көретін жастар қауымы осы киноның кейіпкерлеріне еліктеп бейпіл сөйлеп жүр. Бұдан бөлек әлеуметтік желілерде тәрбиенің тұғырынан тайдыратын қаншама бейнероликтер мен жазбалар да жетерлік. Мұның барлығы жастардың санасына әсер ететіні сөзсіз.
Аузымызды айға білеп өткен тарихымызбен мақтанамыз. Қазақ елінде сүбелі сөзбен сұлық түсірген ақын мен айтыскерлер жетерлік. Біздің ел жыр алыбы Жамбылды, қазақтың ұлы ақыны Абайды, сөзі мірдің оғындай болған Махамбетті тәрбиелеп, өсірген. Ал осындай ұлағатты ұлдардың ұрпағы болған жігіттерге боғауыз айтып, бейпіл сөйлеу жараса ма? Намыс қайда, жігіттер-ау?!
М.ҚҰРМАНҒАЛИЕВА