Ұрпаққа қиянат жасамайықшы
Қоғамдық көлік іші. Әдеттегідей адам лық толы. Ауданның жасы да, жасамысы да осында. Бір сәтте артқы орындыққа жайғасқан жігіттер қарқ-қарқ күлді. Аядай көліктің ішінде қарқылдап күлгенімен қоймай, бір-біріне боғауыз сөз айтып, өздерінше мәз болысты. Көлікке жайғасқан ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелер олар үшін ұялып, бетін шымшыды. Осы кезде діттеген жеріме жетіп, осы жайдан саяқ кеттім. Бірнеше минуттың ішінде лас сөзге толған құлағымды аядым.
«Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек. Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» демекші табиғат адамды әртүрлі етіп жаратады. Бірі – мейірімді, екіншісі – сыпайы, үшіншісі – ашуланшақ болса, төртіншісі – қырсық болып келеді. Қанша адам болса, сонша мінез бар. Бірақ осынау мінездердің ішінде ең бір жаманы – боғауыз айту ма деймін. Бұл туабітті емес, жүре келе пайда болған мінез секілді. Баяғыда аузы дуалы, сөзі уәлі, таңды таңға ұрып жыр оқитын ер-азаматтардың болғанын еститін едік. Қазір солардың жұрнағы да қалмағаны жанға батады. Әсіресе, бәрінен құрметті санап, қадірлейтін жігіттердің боғауыз, бейәдеп, бейпіл сөз айтуы өзіне ғана емес, ұрпаққа да қиянат емес пе?
Қазақ елі ықылым заманнан тәрбиеге ерекше мән берген. «Қыз – қылығымен, ұл – ұятымен» дегенді сәбидің санасына сіңірген. Бұрындары ұл балалар әкесінің жанында жүріп ақын-жыраулармен немесе айтыскерлермен кездесіп, тәлім-тәрбие алған. Ал қазір тәрбие құралы ұялы телефон немесе теледидар екені жасырын емес. Сол себепті ХХІ ғасыр жігіттері де боғауыз сөзге құмар сыңайлы. Мәселен, ютуб желісінде көрсетілетін «Қайрат» сериалын алайық. Қазақ жігіттері түсірген бұл фильмнің іліп-алар тұсы жоқ. Киноның басынан аяғына дейін бір-біріне жалғасқан боғауыз сөздер. Ал осы киноның көрушілері бұғанасы қатпаған жастар. Әрине, әуелгіде барлығын қызық көретін жастар қауымы осы киноның кейіпкерлеріне еліктеп бейпіл сөйлеп жүр. Бұдан бөлек әлеуметтік желілерде тәрбиенің тұғырынан тайдыратын қаншама бейнероликтер мен жазбалар да жетерлік. Мұның барлығы жастардың санасына әсер ететіні сөзсіз.
Аузымызды айға білеп, өткен тарихымызбен мақтанамыз. Қазақ елінде сүбелі сөзбен сұлық түсірген ақын мен айтыскерлер мол деп жер-жаһанға жария салатынымыз да жасырын емес. Алайда, сол тарихтан өзіміз де өнеге алуды ұмытпайықшы. Әсіресе, жігіттер қауымы. Біздің елге жыр алыбы Жамбыл, қазақтың ұлы ақыны Абай, сөзі мірдің оғындай болған Махамбет сынды сөз қадірін түсінген жігіттер керек.
Сәбира ҚАЛЫМБЕТ,
№159 Еңбекші қазақ орта мектебінің мұғалімі