Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Табақ тарту да өнер

Табақ тарту да өнер

«Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» демекші, жер бетінде қанша ұлт болса, сонша салт-дәстүр бар. Сондай-ақ әр елдің өзіне тән ұлттық тағамдары болады. Мысалы, хорватиялықтар паг ірімшігін сүйіп жейді, италиялықтар ұлттық тамағын пицца деп біледі, аспан асты елі үшін сяо лонг бао сорпасының орны ерекше. Ал біздің ұлттық тағамымыз қандай екенін исі қазақтың барлығы жаңылмай айтып беретіні хақ. Бірақ, сол ұлттық тағам – етті қонаққа қалай ұсынатынын білетіндердің саны некен-саяқ.
Ұлтымыз үйіне қонақ кіргенде-ақ қазан көтеріп қам жасайды. Ал аса құрметті, беделі биік, абыройы асқақ жан үшін арнайы тай немесе құлын сояды. Егер ұланасыр той жасайтын болса, ірі жылқы сойып, қонақтарға табақ-табақ ет тартады.
Табақ тартудың да өз тәртібі бар. Ол адамның жасына, дәрежесіне, туыстық жолына сай болуы керек. Бұл туралы Сейіт Кенжеахметұлының «Қазақтың дарқан дастарханында»: «Аталған табақтарға сай ет (сүйек) мүшелері болады. Ол мүшелерді ауыстыруға болмайды. Бас табаққа бас, жамбас, омыртқа, қазы-қарта, жал-жая сияқты кәделі мүшелер салынады. Міне, осылай әр табақтың көлеміне және оның адамдарына сәйкес кәделі мүшелері тартылып, бәріне де сыйлы, шұрайлы еттер мен мүшелі сүйектер салынады» деп талдау жасайды.
Қонақтың жасы, туыстық қарым-қатынасы әртүрлі болғанымен, олардың барлығын бір деңгейде сыйлау үй иесінің парызы. Әйтсе де, табақ тартуда қателікке бой алдырмаған жөн. Негізінен табақ қартқа бас, жамбас, орта жастағыларға ортан жілік, омыртқа, күйеу мен қызға асықты жілік, төс, тағы сол сияқты рет-ретімен беріледі. Ал егде тартқан кісілерге кәрі жілік ұсынуға болмайды. Себебі, ол үлкенді сыйламағандықтың белгісі саналып, екі жақта реніш тудыруы бек мүмкін. Сондай-ақ қонақтарға мойын омыртқа, тоқпақ жілік, ірі мал жамбасының шұқыршағы, жауырын, сирақ тартылмайды. «Қарсы алғанның белгісін – қабағыңнан танимын, сыйлағанның белгісін – табағыңнан танимын» деген осыдан қалса керек.
Сондай-ақ қазақ халқында арнайы ет үйлесіріп, табақ тартуды реттеп отыратын адам болады. Ол «табақшы» деп аталады. Ал ет асып, оны пісіруді ұйымдастыратын кісі «қазаншы» саналады.
Қонаққа ерекше мән беріп, табағынан бұрын қабағын ұсынатын қазақ үшін етті турай білу де үлкен рөл ойнайды. Етті тураған адам кәделі сүйекті қандай адамға ұсынатынын білуі тиіс. Оны жапырақтап қиялай турап, етті пышақ сыртынан табаққа тастап отырады. Қазы, жал, қарта, қойдың құйрығы, шұжық сияқты мүшелерді ең соңынан табақ бетіне турайды. Қазыны жалды ертіп қартаны дөңгелектеп турайды. Бұл табақтың көркін ғана келтірмей, қонақтың тәбетін де ашады.
Табақ-табақ ет келген соң оны қонаққа ұсыну және жеудің де өз әдебі бар. Әрине, ең әуелі асты қонақтың бастайтынын кез келген шаңырақ білетін шығар. Егер қонақ риза кейіпте астың қаншалықты дәмді болғанын тілге тиек етсе, ол кезде қонақ шақырып отырған үйдің ғана емес, күллі әулеттің мерейі үстем болады. Ет жеп болған соң, қонақтарға сорпа ұсынып, бата сұрайды. Аузы дуалы, сөзі уәлі жандар дастархан батасын беріп, ас қайырады.
Жалпы ет беру салт-дәстүрдің бір парасы ғана емес. Ол дастархан берекесінің артуына септігін тигізеді. Мәдениеттің үлкен белгісін көрсетеді. Сондай-ақ табақ тарту қонақты тойғызып жіберуді ғана мақсат тұтпайды. Сол елдің ас беру үлгісі мен тәжірибесінен ақпарат беріп, бірлік пен ынтымақтың айғағы ретінде көрінеді.


Маржан
БОЛАТҚЫЗЫ

20 тамыз 2019 ж. 2 964 0