Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әйел – үйдің көркі, Еркек – түздің көркі

Әйел – үйдің көркі, Еркек – түздің көркі

Қазіргі қоғамға кінә артып, кейитін аналардың қарасы қалың бүгінде. Әрине, бәрі емес. Дегенменде, кейбірі қоғамды, енді бірі әкімдікті кінәлі деп тауып жатады. Содан болар үйінде ішерге ас жоқ болса да «жауаптысың» деп «Nur Otan» мен әкімдік ғимараты алдында петицияға шығып, тоздыратыны. Әйелдердің әурешілігі ер азаматы түгілі бүтін бір әулетке, руға, ауылға намыс екенін барлығы ұмытқандай.
М.Әуезов театрында 1978 жылы алғаш сахналанған «Келіндер көтерілісі» өзбек драматургі Саид Ахмадтың пьессасы болатын. Қаншама жыл өтсе де өзектілігін жоймаған пьеса, бүгінгінің әл-ауқатынан өзгерек. Неге дейсіз ғой? Айтайық.
Жеті ұл өсіріп, қырық бір немере тәрбиелеп, алты келін жұмсап отырған Фармон бибі қабағы қатыңқы, мінезі тік әрі қатал жан. Ата салтты мықты ұстайтын оған ешкім қарсы тұрып, оның сөзін ешкім аяқ асты қалдыра алмайды. Әулеттегі барлық әрекеттер Фармон бибінің тікелей бақылауымен ғана жасалады. Сондықтан ұлдары мен келіндерінде билік түгілі еркіндік жоқ. «Менің таңдауым, өз еркім, ойым, арманым» деген сөздерді ұмытқан. Ал, біздің елде қалай?
43 жыл бұрынғы жағдай жоқ. Жаңа заман. Тәуелсіз ел. Бейбітшілікте бір тудың астында өркенін жайған түрлі ұлттар. Барлығы бар, қолжетімді. Қабағы қатулы ененің кейпіндегі шаш ал десе, бас алатын заман өтті. Есесіне бәріне әкімдікті кінәлайтын әйелдер қауымы пайда болды. Әлеуметттік желіні ашсаңда, теледидар, газет беттерінде де «ашынған әйел», «шенеунікке тап берген әйел», «келініне қорлық көрсеткен ене немесе қайынапа». Байқасаңыздар, барлық даудың басында жүрген әйелдер қауымы. Феминизмді насихаттаймыз деп бір жыныстылардың өмірлік жұп болуын қолдаған да әйелдер.
Сөз зергері Ғ.Мүсіреповтің «Ашынған ана» әңгімесіндегі «...Әйел түн бойы өмірінің қараңғы түкпірлерін қазып, көп әңгіме айтты. Өмір өзін сондай сілкіген. Қазір бұл сондай орасан күшті. Енді өмірді өзі сілкуге жарап қалған ана еді...» деген жолдарындағыдай бүгінгі аналар теперіш көріп жүрген жоқ. Әйтсе де, өмірден алған сабағын, не қиындығын әкімдіктен тікелей алған салқындықтай қабылдайтын аналардың көбеюі, олардың әрекеттері адам шошырлық.
Әңгімелеріне құлақ түрсеңіз үй ішіндегі, отбасы ошақ қасындағы мәселелерден әрі аспайды. Көпбалалы анамын үй, жұмыс, барлық әлеуметтік көмектер тегін беріліп, мемлекеттік қызметкерлер құрдай жорғалауы тиіс дегенді желеу етеді. Үйінде ішерге ас табылмаса, шатыры желден ұшса да мемлекеттік мекемелерді айыпты қып, әкімдік алдын тоздыратынын қайтерсің. Көңіліне жақпаса жағадан жармасып, тап беруге әзір. Жұмысты арнайы порталдан не жұмыссыздық орыннан сұрамай әкімнен сұрайтын келешек ақ жаулықты анаға айналатын әйелдерді көргенде жүрек сыздап, сана сан саққа кетеді.
Дегенмен, қоғамдағы бұл түйіткілді мәселеге тек әйелдерді кінәлап, қара күйе жағудан да аулақпыз. Себебі, біз салыстырып отырған заманның өз тәртібі, «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» айта білетін данагөй қариялары болған еді.
Қазақ әдебиеті әйел образдарына бай. Қай әңгімені алсаңызда заманына қарай өзіне тән ерекшелігі мен өзекті мәселелері бар.
Олардың бойындағы құндылықтарды оқығанда қандай қиыншылық көрсе де адами болмысын жоғалтпағанына таң қаласыз әрі бас иесіз. Сондай-ақ, бір әулеттің мәселесін ауыл ақсақалдары сыртқа ым-шымын шығармай шешкен. Жер дауы, жесір дауы, құн өтеуі барлығы да ер азаматтардың, алқа билердің, ауыл ақсақалдарының бітімімен шешілген. Бүгінгідей болмашыны дауға айналдырып, еркектің бетінен алмаған. Оған себеп әйел ер адамның қабырғасынан жаратылып, бір сатыға төмен тұруы. Ауыл үлкені, ақсақалы не биі өзіне қарасты елді мекендерге жауапты болып, жоқ-жітіктің ішерге асын, киерге киімін түгендеген. «Пәленшенің баласы дауға қалыпты, пәленнің үйінде ішерге асы жоқ, тілегі қарғыс болыпты» дегенді елін ойлаған ерлер намыс көрген. Содан ауыл үлкенінің қырағылығымен бір ер адам бірнеше үйді асырап, жетім-жесірді жылатпай панасына алған. Мәселен, С.Мұқановтың «Саятшы Оразында» Ораз қаншама түтінді бір өзі асыраған.
Бүгінгі қоғамда мұндай жағдайларды «ашынған ана» деген дауға жеткізбей ел ішіндегі ардагерлер мен ауыл әкімдері жай-жапсарын біліп, ұйымдастыруға болады. Бастысы «Екі қолға бір күрек» табылатын заманда «жоқ» деген сөзді аз пайдаланып «Барымен базар», «Көппен көрген ұлы той» деп қабылдау керек-ті. Ал, шын қиналғаны болса ауыл ақсақалдарынан ақыл сұрап, ауыл, кент әкімдеріне жағдай айтсын. Егерде олар өзіне қарасты тұрғындардың мәселесін шеше алмаса, онда жауапсыздықпен қатар оларға сын бомақ.

Ақбота БАЯНБАЙ
05 қараша 2021 ж. 1 069 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930