«Әкең келе жатыр...»
Бала кезімізде сәл бұзықтық жасап, тіл алмай, еркелікке салынып жатсақ, анамыз «осыдан әкең келсін, бәрін айтам» деп қорқытатын. Лезде жым боламыз. Былайғы жұртқа жуастау көрінгенімен әкеміздің ашуы қатты екенін іштей сезетінбіз. Өйткені, ол балаларына ешқашан дауыс көтеріп, жекіген емес. «Қызым, мұның не?» дегені әкемнен естіген ең ауыр сөз болатын. «Осыдан әкең келсін...» деген ескертудің баланы әдепсіз әдеттерден тыйып тәрбиелеудің ескіден келе жатқан тәсілі екенін есейе келе түсінгендейміз.
Әрине, еркек мықты болмай тәрбие оңбайды. «Әкеге бағыну – Аллаға бағынумен бірдей» деген тәмсіл бар халқымызда. Бір үйде барлығы бір адамға бағынса, береке болады. «Еркек – үйдің егесі, әйел – үйдің шегесі» деген нақыл да текке айтылмаса керек. Екі жақтап берілген жақсы тәрбиені сіңірген ұл-қыздан жамандық шыға қоймайды. Ер-азаматты қадірлеп өскен жастардың өмірі де баянды болмақ.
Отбасындағы әкенің орны туралы сөз болса, исі қазақ жата-жастана оқыған «Абай жолы» ойға оралады. «Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әке үйіне күн кешкіре жеткен, он үш жасар шәкірт бала – Абай аттан түскен бетте, амандасу үшін шешеге қарай жүре беріп еді, шешесі анадай жерде тұрып: «Әй, шырағым балам, әуелі ар жағыңда әкең тұр... Сәлем бер», – деді. Абай жалт қарап барып, жаңа көрді. Анадай жерде, қонақ үйдің сыртында, қасында екі-үш үлкен кісі бар Құнанбай тұр екен. Ыңғайсыздықпен қысылып қалған бала шешесінің сондайлық салқын сабырының мәнін ұқты да, әкесіне қарай тез бұрылды». Жазушы Мұхтар Әуезов шығармадағы осы жолдар арқылы Ұлжандай ақылы мен пайымы терең аналардың отағасына деген құрметін, балаларын үнемі әкесін ұлықтауға үндеуін қазақтың қыз-келіншектеріне үлгі ете білді.
Қазақ аналары бар ғұмырын азаматын ардақтап, көңілі түгілі, үстіндегі жейдесіне қылау түсірмей, бар өмірін отағасының ризашылығына бөленуге, текті ұрпақ тәрбиелеуге арнаған. Өзге түгілі баласының көзінше де әкесі жайлы жағымсыз пікір айтып, оған қарсы шықпаған. Өйткені, сәбидің бойына тектілік қасиет әкенің мысы мен ананың мейірімі арқылы даритынын білген.Ал бүгінгідей жаһанданған, күллі дүние өзгеріске ұшыраған заманда әкенің де бала алдындағы қадірі аласарып кеткен жоқ па? Бұлай дейтініміз, айналамызда азаматын қадірлемек былай тұрсын, қит етсе «Ештеңе етпес, әкесіз де қатарынан кем болмайды», «өзім-ақ өсіремін», «өзім үшін тудым» дейтін қаракөздерді жиі кездестіреміз. Осындай сөздерді естіп өскен бала әкесін қалай «асқар тауым» деп айтсын?
«Қазіргі ер азаматтар отбасындағы жауапкершілігін сезінбейді», «Әкелер бала алдында дәрменсіз болып барады» деп оған «кінәлі» түрлі себепті тізбектей жөнелеміз. Біріміз үйдегі «көк сандықтағы» шетелдік ұшы-қиыры, мән-мағынасы жоқ сериалдарды, енді біріміз үйдегі биліктің әйелдің қолында екенін, мектепке барса, ер мұғалімдерден гөрі нәзікжандылардың басымдығы да отбасында әкеге, жалпы ер азаматтарға деген құрметтің кемуіне әсер етеді деп жауап тапқандай боламыз. Мейлі, себеп-салдар, кері әсер ететін факторлар көп бола қойсын. Бірақ шаңырақта әкенің беделін арттырып, отбасы үшін әкенің орны төр екенін ұл-қызға ұғындырып, бойына сіңіретін – әйел, яғни балалардың анасы екеніне ешкім дауласа қоймас.
Бұл дүниеде өз перзентіңе жетер ешкім жоқ шығар. Ол – өзіңнің ізбасарың, өміріңнің жалғасы. Қу тіршіліктің мәні мен сәні, көзіңнің шамшырағы. Әрі-беріден соң Алланың саған берген ең үлкен сыйы мен аманаты. Оған дұрыс тәрбие беру – әр ата-ананың парызы. Дана қазақ бір-ақ ауыз сөзге қаншама даналық пен құндылықты сыйдыра білген. «Әкең келе жатыр» деумен ғана ер азаматтың бала алдындағы қадірін арттырып, әкенің мысын, қадір-қасиетін, мықтылығын ұғындыра білген.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ