Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі

Әке мысы


Атақты Бауыржан Момышұлы «Менің арым ары еді ғой алаштың, Арым үшін ажалменен таластым. Өзімдей бол, бола алмасаң, құлыным, Деп мақтанба Бауыржанның ұлымын» деп айтқан екен. Иә, бала тәрбиесінде әкенің рөлі өте маңызды. Әкеге қарап ұл өсетінін есті қазақ жақсы біледі. Содан болар, әкесінің қабағынан жасқанып, оны құрметтеуді үйдегі ұядан үйреніп өскен.
«Жақсы әкенің аты балаға қырық жыл азық, жаман әке аузына қазық» деген сөз бар. Ұл бала әкенің мысалымен өседі, соның бойындағы қасиеттерінен нәр алады. Әке – ұл үшін ең қымбат жан. Ең биік шың. Ең асқақ асқар тау. Анаға қарағанда әкенің беделі ұл баланың алдында әлдеқайда жоғары. Әке – әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Қазақта біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болса «Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой» деп мақтайды. Әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оны жақсы тәрбиелеуі. Баласын оқытып, күнін көре алатындай мамандық иесі етіп қалдыру, балаларды жақсы көріп, оларға көңіл бөлу, үйленер жасқа келгенде шаңырақ көтеруі, баласына азан шақырып ат қою, дені сау ұрпақ өсіру – бұлар әкенің басты міндеттерінің бірі. Әкесі ағайын-туыспен, халықпен араласуды, өз мақсатына жетуді, ұрыс-керісті шешуді, дос­тасуды, қыздармен дұрыс қарым-қатынас құруды үйрету керек.
Қазір ғаламтор беттерінде «Балалар «Тамақ ішкім келеді?», «Ақша бар ма?», «Қандай киім аламын?», «Кіммен дос боламын?», «Пәлен деген затым қайда?», «Қайда қыдырамыз?», «Сабағыма көмектесші» секілді барлық сауал-өтініштерін анасына бағыттайды. Әкелеріне «Анам қайда?» деген бір ғана сауал жолдайды» деген мәтіндегі сурет-видеолар кең таралуда. Иә, әке – үйдің патшасы. Өзінің рационалдылығымен баланың өміріндегі ең маңызды таңдауларға жол сілтеуші. Дегенмен бала тәрбиелеудің бабалардан жетіп, алайда, қаймағы бұзылғалы тұрған тағы бір әдісі бар. Ол – қас-қабақпен басқару, тәрбиелеу. Яғни «әке мысы», «сесі», «қатулығы». Оның бұл қаталдығы, талапшылдығы баласын жек көргенінен емес, түздегі әке перзентін, ұрмаса да, ұрыспаса да, бала содан қаймығып, сескеніп, құрметтеп өсуі тиіс. Еркек образының жиынтығын әкесінен көргені абзал. Ол үшін аналарымыздың көмегі қажет. Олар балаларына «әкең біледі», «әкең шешеді» «әкеңмен ақылдас», «әкең ренжиді, әкең рұқсат бермейді» дегенді жиі айтып, өзі де күйеуіне патшадай құрмет көрсете білуінен басталады.
Бірде теледидарды қоссам, әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың «Әзіл әлемі» болып жатыр екен. Ден қойып тыңдадым. «Бұрын әкеміз жұмыстан келсе, аналарымыз балаларымызға шуламаңдар деп ескертетін. Ал қазір әкелерге ескертеміз. Тиыш, бала ұйықтағалы жатыр» деп. Астарлы әзіл. Ойлансаң күле де алмайсың. Өйткені, шындық. Бұхар жырау «Әкелі бала – жаужүрек, жиын тойға барады, төрден орын алады, бітіреді жұмысын, тас­тан да өткізер жебесін» дейді. Өзіне қорған болған әкесінің арқасында алшаң басып, бар шаруасын бітіріп, алдына кездескен кез-келген қорғанды бұзуға дайын болады. «Әкесіз бала – сужүрек, жиын-тойға барады, босағада қалады» дейді. Яғни жасқаншақ болатынын меңзеп тұр. Сондықтан біз бала тәрбиесінде әкенің қаншалықты маңызды рөл ойнайтынын білгеніміз жөн. Бірақ қазақ өз құндылықтарына қайтып оралмайынша, әкенің отбасындағы рөлі төмендей бермек.
Бірде қарт Құнанбай баласы Абайды шақырып: «Балам, сен әкеңе жете туғансың ба, өте туғансың ба?» – деп сұрайды. Сонда Абай: «Әке, мен өте туғанмын, өйткені, мен ақын болдым» деген екен. Аз ғана ойланған дана Құнанбай: «Жоқ, сен маған жете тудың. Өте туу үшін Абай секілді бала тәрбиелей алуың керек» деп жауап қатқан деседі. Ұрпақ тәрбиелеуде әкелер мектебінің маңызы да осы. Балаларыңыз биік белесті бағындырсын десеңіздер, әке тұлғасын биіктетуді ұмытпаңыздар, ойлы оқырман.

Г.ӘБДІХАНИҚЫЗЫ

10 желтоқсан 2019 ж. 1 669 0