Көкек келмей, көктем жоқ
«Диқанға құт болғанымен, малшыға сары уайым» сәуір айы да келді. Сәуір айы – қазақтың тәуір айы, көктемнің нағыз толысқан шағы. Табиғаттың тамаша кезеңінде айнала жаңарып, тіршілік мәре-сәре күйге еніп, мал төлдеп, көктеу кеңейеді. Ал, кей жерлерде қардың көбесі енді ғана сөгіліп, ызғар қариды. Осыған байланысты малшылар «наурыз – суымен, сәуір – нуымен, мамыр – гүлімен» деп айтады.
Сәуір айының ертеден келе жатқан қазақша аты – көкек. Оның себебі, көктемнің бір белгісі – көкек құсының алғаш шақыра бастайтын мезгілі. Бұл айда құстың үні ерекше байқалған. Бірақ, ұшқалақ, жеңілтек, өз атын өзі шақыратын құстың аты жағымсыз мәнде айтылған соң сәуірмен ауыстырған. Ал, Шоқан Уәлихановтың пайымдауынша, көкек жағымсыз құс емес, керісінше, киелі құс. Май мол болады деп көкек қонған бұтақты сүт құйған сабаға салып қояды екен.
Сәуір айының ертеден келе жатқан қазақша аты – көкек. Оның себебі, көктемнің бір белгісі – көкек құсының алғаш шақыра бастайтын мезгілі. Бұл айда құстың үні ерекше байқалған. Бірақ, ұшқалақ, жеңілтек, өз атын өзі шақыратын құстың аты жағымсыз мәнде айтылған соң сәуірмен ауыстырған. Ал, Шоқан Уәлихановтың пайымдауынша, көкек жағымсыз құс емес, керісінше, киелі құс. Май мол болады деп көкек қонған бұтақты сүт құйған сабаға салып қояды екен.
Ертеректегі қазақ ай атауларында өзіндік ерекшеліктер бар. Мәселен, Наурыз айы «Хамал» деп аталған. Мамыр мезгілі бұрында Зауза, маусым айы Саратан атаға телінген. Сол сияқты шілде – Әсет, Тамыз – Сүмбіле, Қыркүйек – Мизам, Қазан – Ақырап, Қараша – Қауыс, Желтоқсан – Жәди, Қаңтар – Дәлу, Ақпанға Құт деген атау берілген. Бұл тіршілікті малмен байланыстырған ата-бабаның күн райына, табиғи құбылыстарға байланысты берген есімдері еді. Сол арқылы көпті көрген қариялар, жұлдызшылар болуы мүмкін індеттің, табиғи апат, неше түрлі тасқындар мен үсіктің алдын алып, болжай білген.
Олай болса сәуірде болатын табиғат құбылыстарына тоқталып өтсек. Мәселен, бесқонақ — көктемнің жуан ортасында өтетін бес-жеті күндік жауын-шашынды салқын кез, амал. Бұл әр жылы соғып өтетін суық әрі лайсаң мезгіл. Кей жерлерде сәуір айындағы бесқонақ амалы өтпей, күн райы қанша тамылжып тұрса да малшы-шопандар жайлауға көшпеген. Өйткені, бұл кезде ең болмағанда үш-бес күндік суық, қар аралас жаңбыр жаумай қалмайды. Сәуір айының орта кезінен асқан шақта болатын табиғи амалды «қызыр қамшысы» деп атаған. Бұл кезде алғаш найзағай ойнайды, жаңбыр жауып, жер бусанады, оңтүстікте жаздың жайлы күндері басталады. Осы сәттегі найзағайдың жарқылын халық «Қызырдың қамшысы шартылдады, қыс кетті» деп есептейді. «Тобылғы жарған» – сәуірдің соңғы күндерінде 2-3 күнге созылатын суық жел. Бұл – тобылғы бүршік жарған, яғни, өсімдіктер тамыр жайды, алғашқы көк шыға бастады деген сөз. Сондай-ақ, қазақтың байырғы күнтізбесі бойынша ауа райының жайсыз, жауын-шашынды болатын көктемнің ең жайсыз кезеңін отамалы деп атаған. Бұл кезде шөп өсіп, жер отаяды, малдың аузы көкке толады. «Отамалы оңына бақса, от алғанша өте шығады, ал, жаманына бақса, ойылған жұт болады» деген тәмсіл сөз содан қалған.
Көкек келсе, көктем келеді. Көкек – табиғаттың тамаша кезеңі. Барша табиғат жаңарып, айнала қызу тіршілікке бөленеді. Мал төлдеп, малды ауылда мәре-сәре, у-шу кезең басталады. Көктемнің кереметі де осы.
А.Асанов